Әлеумет

«Нұр Отандағы» қабылдау

Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін зерттеу, аз қамтылған, жай-күйі нашар топтарға қамқорлық жасау бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналуда. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында болған кезекті қабылдау да осы міндетті шешуге бағытталды.

Қабылдау жүргізген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мұқтаж жандардың өтініштерін мұқият тыңдап, сол арада облыстың тиісті басқармалардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Оның қабылдауында болған үшінші топтағы мүгедек Арзумян Мамлиев төрт баласы барын, кішкентайының бір жарым жаста екенін, өзінің жұмыс істеуге денсаулығы көтермейтінін айтып, тұрмыстық жағдайларына қатысты көмек сұрады. Оның шағымына қатысты мәселелермен шұғылдану және тиісті шарасын алу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровқа тапсырылды.

Денсаулығына байланысты зардап шегіп жүрген Қайыржан Қазиевтің де мазасызданатын мәселесі көп екен. Бұрын бірінші топтағы мүгедек ретінде танылған азамат қазір комиссия шешімі бойынша ол мәртебесінен айырылған. Бірақ ауыр жұмыстарға жарамайды. Жеңіл жұмыс табылмайды. Қабылдау барысында оған көмектесу мүмкіндіктері қарастырылатын болды.

Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы «Денсаулық», «Білім беру» бағыттарындағы комиссия мүшелері, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау, білім, еңбек инспекциясы, тағы да басқа басқарма басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері қатысты.

— Бүгінгі қабылдауға елуден астам адам келді. Олардың көпшілігін денсаулық мәселесі, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселелері толғандырады. Барлық арыз-шағымдар мұқият тыңдалып, олар бойынша мүмкіндігінше көмек көрсетіледі. Өткен жылы біздің қабылдауларымызға 2000-нан астам тұрғын өтінішпен хабарласты, олардың тең жартысына жуығы оң шешімін тапты. Бұл мәселелердің оң шешімін табуына «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттар фракциясы елеулі көмегін тигізіп келеді, — деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Дархан Боранқұлов.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button