Білім

Балдырған

Біздің сынып

Менің чемпион құрбым

Мен білім алып жүрген № 37 орта мектепте қабілетті шәкірттер көп. Солардың бірі — 3-сыныпта оқитын досым Гүлзия Демеуова.

Ол мектеп табалдырығын аттағаннан бастап шахматпен әуестенген еді. Оны бұл ойын шеберлігіне спорттың зияткерлік түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебіндегі бапкері Владимир Сафронович Семченков ағайы үйретеді.

Гүлзия — облыс біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері әрі жеңімпазы. Павлодар қаласында өткен үлкен жарыста Қазақстан чемпионы атанды.

Осы жетістіктерінің арқасында ол бірнеше халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтады. Өткен жылғы қараша айында Түркияның Анталья қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып келді. Ол 8 жасқа дейінгі қыз балалар арасында 86 ел өкілдері ішінен 7-орынды иеленіп қайтты.

Ал биыл қаңтарда 10 жасқа дейінгі қыздар арасындағы облыс біріншілігінде талассыз жеңімпаз болды.

Гүлзия сабақты да үздік оқиды, тәртіпті оқушы. Оның шахматпен әуестігін оқумен ұштастыруына Сара Мектепова апайымыз көп көңіл бөліп, жағдай туғызып келеді.

Мен Гүлзияның болашақта үлкен шахматшы болып, мектебіміздің, еліміздің абыройын биіктететініне сенемін. Себебі, менің құрбым ойлы әрі табанды қыз, ол әрдайым бірінші болуға ұмтылып жүреді.

Айдана АБДИКАНИ,

№ 37 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Таңертең

Ерте, ерте тұрамын,

Бетті, қолды жуамын.

Шашымды өріп аламын,

Бау-бақшаға барамын,

Мен ұқыпты баламын.

Әсемгүл ҮСЕНОВА,

6 жаста.

Мұғалжар стансасы.

Көктем

Көктем айы туғанда

Шуақ келіп тұрады.

Көкжиектен Күн ылғи

Күліп бетін бұрады.

Жанель ОРАЛБЕКОВА,

№ 5 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Елім

Бақ-елім, арман-елім,

Кішкентай жүрегіме,

Сен ұя салған едің.

Мерейлі болашаққа

Жолымды жалға менің.

Дана ҚАЗБЕК,

Мұғалжар орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Біліп жүр

Әлемдегі ең ұзын атаулар

* Шотландияда бір әулеттің иелігінен келесі бір әулетке өтіп отырған жер бар. Бір қызығы, жер атауы айтылғанда барлық әулеттің аты қосылып аталады. Қазіргі аталуы: Млла Лиа Сори Мик Дхагхайлл. Барлығы 23 әріп.

* Жаңа Зеландиядағы ыстық бұлақтың атауы: Те Уаката Канга О Те Гнареху О Те Ахи Таматеа.

* Вилла Реал де ла Санта Фе де Сан Франциско де Асис — Мексикадағы Санта-Фе қаласының толық аты.

* «Кіші Оңтүстік-Батыс Мирамичидің Солтүстік баяу тармағы». Канададағы кішігірім бір өзен осылай аталады.

* Массачусетс штатындағы байырғы үндістерден қалған көлдің 45 әріптен тұратын атауын жергілікті тұрғындар толық айта алмайды. Көл атының мағынасы былай екен: «Сен өз жағыңда балық аула, мен өз жағымда балық аулаймын, ал ортада ешкім аулай алмайды».

* Америкадағы ең ұзын қала аты: Эль Пуэбло Де Нуэстра Сеньора Ла Рейна Де Лос Анжелес Де Ла Порцинкула. Әйгілі Лос-Анжелес қаласы ресми түрде осылай аталады.

* Ұлыбританияда өзінің атауына байланысты темір жол билеттерінің ұзындығымен әйгілі болған бұл қаланың аты 58 әріптен тұрады. Оның толық атауының мағынасы: «Қасиетті Қызыл үңгірдегі монах тұңғиығына жақын ақ орман жаңғағы жазықтығындағы Мария шіркеуі».

* Темір жол магистралін бұлай атау кімнің ойына келді десеңізші! «Бұл шығанақтағы жағажайды бойлай жүретін Солтүстік Пенрин жолындағы дракон тісіне баратын жолда». Дегенмен жүргіншілер бұл жолды «4-ші жол» деп атайды.

* Міне, қызық! Бүкіл әлем білетін Тайландтың астанасы — Бангкок қаласының негізгі атауы мүлдем басқа екен! 167 әріптен тұрады!!! Дәл аудармасы белгісіз, бірақ жалпы мағынасы «бұл қалада періштелер тұрады» дегенге саяды.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

№ 33 мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Талап

Мейірбектің әндері

Қобда ауданы Бестау ауылында тұратын Мейірбек Шекенің жасы 11-де. Ән салғанды жақсы көреді. Мектеп табалдырығын аттаған уақыттан бастап мектеп ішіндегі, ауылдағы түрлі мәдени шараларға қатысып келеді.

Ол көбіне «Атамекен», «Ана туралы баллада», «Әлия» секілді патриоттық әндер айтуға құмар. Сабағын да жақсы оқиды. Мейірбек былтыр аудандық «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауына қатысып, Гран-при жүлдесін алды. Сол байқаудан жолдама алып, биыл  «Бабалар ерлігі — мәңгі есімізде» атты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Қазақстандағы VI ұлттық Дельфий ойындарының облыстық іріктеуіне қатысты. Осы байқаудың «Эстрадалық ән салу» номинациясы бойынша Мейірбек облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Әкесі мен апасы Мейірбектің болашағынан зор үміт күтеді.

А.МАРАЛБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button