БілімЖастар

Ақәділ Жаңабаев «Ең үздік жыл студенті — 2017» атанды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Тәуелсіздік күніне орай білімді және белсенді студенттердің VI слеті ұйымдастырылды.

Аталған университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастырумен өткен шарада білім ордасының мақтаныштары, ең үздік 10 студенті марапатталды. Олардың қатарында «Ең үздік Smart кабинет» жобасының жеңімпаздары, «Үздік жауынгер», «Үздік спортшы», «Үздік жаңашыл студент», «Үздік өнерпаз», «Ең белсенді студент» және «Ең үздік жыл студенті — 2017» номинациялары бойынша марапатталған студенттер бар. Үздіктерге төсбелгілер мен ақшалай сертификаттар тарту етілді.

Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова сөз сөйледі.

—  Биыл облыс бойынша үлкен жетістіктерді бағындырған нәтижелі жыл болды. Ақтөбе өңірінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси дамуына облыстағы ең бірегей жоғары оқу орындарының бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде жастардың бәсекеге қабілетті болып, саналы тәрбие мен сапалы білім алуына жан-жақты қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі ұйымдастырылған шара да өнегелі істердің бір көрінісі. Баршаңызға облыс әкімдігі және облыстық ішкі саясат басқармасының атынан ризашылығымды білдіремін, — деді.

Бұдан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков «Ең үздік жыл студенті — 2017» номинациясымен Ақәділ Жаңабаевты марапаттады. Сондай-ақ ол біліммен қатар, қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүрген студенттерге алғысын білдірді.

Ең үздік жыл студенті атанған көліктік техника және технология мамандығының 4-курс студенті Ақәділ Жаңабаевқа 20 мың теңгелік сертификат пен стипендия тағайындалды. Ақәділ халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің еріктісі. Қытай, Түркия елдерінде оқу курстарында білім алып, түрлі халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, университеттің абырой-беделін асқақтатып жүр.

Шара соңында университеттің өнерлі студенттері ән мен биден шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button