Денсаулық

Ақтөбеде жастарға тегін қызмет көрсететін орталық бар

Қазіргі таңда дәрігерлерді алаңдатып отырған мәселенің бірі — жастардың, оның ішінде жасөспірімдердің денсаулығы. Әсіресе кейінгі кезде жасөспірімдер арасында созылмалы аурулардың көбеюі, зорлық,  жасөспірім қыздардың жүкті болуы секілді оқиғалар жиі кездеседі. Мәселен, тоғыз айда ерте жаста жүкті болған 115 қыз-келіншек тіркелген. Олардың  98 пайызының жасы — 17-18-де. Жалпы осындай проблемаларды шешу үшін  облыстық денсаулық сақтау басқармасының жанынан жастарға психологиялық қолдау көрсететін орталық ашылды. Орталықтағы жасөспірімдер гинекологі, уролог, дерматовенеролог және психолог мамандар жастарға тегін көмек береді. Орталықтың ерекшелігі қандай? Бұл туралы мамандардың өзінен сұрадық.

 Психолог көмек береді

Аталған орталықтың ашылғанына бір ай уақыт болды. Осы уақыт ішінде 60-қа жуық жас мамандардың көмегіне жүгінген. Орталықтың үйлестірушісі әрі психологі Диана Уксикованың айтуынша, орталыққа 14 пен 29 жасқа дейінгі кез келген жас хабарласа алады.

—  Бұл үшін ешқандай құжат немесе аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Себебі қазір қоғамда әртүрлі жағдайға ұшыраған жасөспірімдер мен жастар  көп. Олардың көпшілігі қандай да бір нәрсеге тап болғанда өзінің ата-анасына, оқытушысына, туысына айта алмайды. Айтуға қысылады, ұялады немесе олар ұрысады деп ойлайды. Осындай кезде орталыққа аты-жөнін айтпай, анонимді түрде хабарласуларына болады. Бұл үшін қызметкерлер ешқандай ақы алмайды. Мәселен, жуырда жас қыз өзінің зорлық көргенін айтып хабарласты. Бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Сол оқиғадан кейін өзінің мінезі өзгеріп, тіпті өмірден түңіліп жүргенін, өзіне көмек керектігін айтты. Мен ол қызбен телефон арқылы сөйлестім. Кабинетке шақырдым. Енді гинекологтың қарауына жіберемін. Орталықта қыздар мен жігіттерге бөлек психолог көмек көрсетеді, — дейді Диана.

Әрбір жас орталықтың 50-39-02 телефонына хабарласып, гинекологтан, урологтан, дерматовенерологтан, психологтан көмек ала алады. Тіпті үйде отырып-ақ сөйлесуге болады. Әсіресе, жасөспірім қыздар мен жігіттер гинекологиялық, урологиялық ауруларға шалдықса,  депрессияда жүрсе, жасырын түрде, аты-жөнін айтпай-ақ келіп дәрігерге қарала алады. Сонымен бірге орталықта психологиялық тренингтер өтеді.

Психологтардың пайымдауынша, адам 14-25 жас аралығында әрбір жаңашылдықты тез қабылдауға бейім және агрессивті болады екен. Әсіресе осы кезеңде жасөпірімдердің мінез-құлқы өзгереді. Әртүрлі келеңсіз оқиғаларға ұрынады. Орталықтағы жігіттерге кеңес беретін психолог Айбек Наженов қазіргі жасөспірімдердің психологиясы туралы былай дейді:

— Қазіргі жастар ойын өте ашық айтады. Ойына келген нәрсені бүгіп қалмайды, ұялмай сұрайды. Жастардың бойында еркіндік бар. Орталық ашылғаннан бері 15-тен аса жас келді. Олардың барлығына психологиялық көмек берілді. Әртүрлі мәселемен келеді. Махаббат, отбасы, достары туралы ойларымен бөліседі, кейбіреулер жаңа ортаға бейімделе алмай жүргенін, біреулермен ренжісіп қалғанын айтады. Осындай кезде жасөспірімдер қиындықтарға тап болмас үшін қолдау көрсетеміз. Қажет болған жағдайда гинекологқа, урологқа жібереміз. Барлығымыз бірігіп, жүйелі түрде жұмыс істейміз, — дейді Айбек Наженов.

Айбектің айтуынша, қазір ата-аналар балаларымен әңгімелеспейді. Таңертең жұмысқа кетеді, кешкілік шаршап баламен ісі болмайды. Ал жасөспірім балалардың көпшілігі ата-ананың кеңесіне мұқтаж. Олар ата-анадан ала алмаған тәрбиені интернеттен алады. Орталыққа келетін жасөспірімдердің басым бөлігі ата-аналарының өздерін түсінбейтінін айтады екен. Сондықтан психолог ата-аналарға балаларымен жиі әңгімелесіп, олардың арман-мақсаттары туралы сұрап отыруға кеңес береді.

Ерте жүктіліктің зияны қандай?

Орталықтың балалар және жасөспірім гинекологі Салтанат Тобылбаеваның айтуынша, кейінгі жылдары жасөспірім қыздардың арасында ерте жыныстық қатынасқа түсетіндер көбейген. Мәселен, ерте жастағы жүткілік бойынша  тіркелген 145 қыз-келіншектің денін 17-18 жастағылар құрайды, оның ішінде 16 жастағы қыздар да бар. Соңғы жылдары жасөспірім қыздардың арасында гинекологиялық аурулар көбейген. Дәрігердің айтуынша, гинекологқа келетін жасөспірім қыздардың 60 пайызы әртүрлі созылмалы ауруларға шалдыққан.

— Жасөспірім қыздардың көпшілігі аурушаң. Жұқпалы, созылмалы, қабыну аурулары көп. Мәселен, созылмалы тонзилит, баспа, отит ауруы гинекологиялық ауруларды тудырады. Мектеп жасындағы қыздарда несеп жолдарының инфекциялық аурулары жиі кездеседі. Етеккір бұзылулары, гормоналды өзгерістердің әсерінен туындайтын гинекологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі мен эндокринді жүйенің бұзылуы секілді сырқат түрлері де жиі белең алып отыр. Қазіргі жастар 17 жастан бастап төсек қатынасына барады. Көп жағдайда бұның соңы жүктілікке алып келеді. Ал ерте жастағы  жүктілік жас ананың да, сәбидің де денсаулығына кері әсерін тигізеді. Себебі қыздың өзі биологиялық тұрғыда әлі жетіліп болған жоқ. Сондықтан көп жағдайда мерзімінен бұрын босанып қалу, сәбидің ақаумен өмірге келуі, асқынулардың болуы жиі орын алады. Бұндай жағдай ересек жастағы әйелдерге қарағанда  ерте жүкті болған  аналарда төрт есе жоғары болады, — дейді гинеколог. 

Ерте жаста жүкті  болғандардың 60 пайызының әлеуметтік жағдайы жақсы, толыққанды отбасында дүниеге келгендер. Ал 37 пайызы әртүрлі, яғни бірін жалғыз анасы тәрбиелеп отырса, екіншісін туыстары қамқорлығына алған. Салтанат Тобылбаеваның айтуынша, бұрын ерте жүкті болу деректері әлеуметтік жағдаймен байланыстырылып келсе, қазір бұндай өлшем жоқ. Барлығы тәрбиеге тіреліп отыр. Орталық жаңадан ашылғандықтан келетін жастардың қатары аз. Салтанат Тобылбаеваның негізгі қызметі облыстық  перинаталды орталықта болғандықтан жасөспірім қыздардың денсаулығына қатысты мәліметтерді жақсы біледі.

Жастар орталығы туралы көпшілік әлі біле қойған жоқ. Жалпы бұл орталық жастар үшін өте қажет. Бұл жерде кешенді түрде көмек көрсетіледі. Мәселен, ата-аналардың көпшілігі балаларына жыныстық қатынас туралы айта бермейді. Ал қазіргі ақпарат заманында жастар өз беттерінше оқиды. Ол туралы сұрауға ата-анасынан ыңғайсызданады. Ал орталықта мамандар оларға кеңінен кеңес береді, — дейді дәрігер.

Желтоқсан айында Салтанат Тобылбаева Эстонияға барып оқып әрі тәжірибе жинақтап қайтпақ. Келген соң жаңа тәжірибемен жұмысын жалғастырады.

Урологиялық аурулар көп

Жастар орталығындағы жас жігіттерге дәрігерлік көмек көрсететін маманның бірі — уролог Нұрлыбек Елдесбаев. Дәрігердің айтуынша, жігіттердің арасында урологиялық аурулар көп. Сондай-ақ кейінгі кезде жастардың ерте және кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсуі де аталған ауру түрлерінің көбеюіне әкеліп отыр.

Қазіргі күні мектеп жасындағы ұл балалардың арасында варикоцеле, яғни шәуеттегі көк тамырдың кеңеюі ауруы көп. Көпшілігі өзінде бұндай аурудың бар екенін білмейді. Әскери медициналық тексерулерден өткен кезде ғана анықталып жатады. Бұл аурудың емі — операция. Егер ауруды уақытында емдемесе, соңы ұрпақсыздыққа алып келуі мүмкін. Ал жастардың арасында жұқпалы жыныс аурулары, қуықасты безінің, аталық бездің аурулары кездеседі. Қазір простатит ауруының жасарып бара жатқанын байқауға болады. Жігіттердің көпшілігі уретрит ауруына шалдыққан. Уретрит  — әртүрлі бактериялар мен вирустардың салдарынан зәр шығару жолдарының қабынуы. Аурудың пайда болу себебі әртүрлі. Жалпы орталыққа келетін жастарға аурулардан қорғану жолдарын түсіндіріп айтамыз. Оның ішінде жыныстық қатынас кезінде міндетті түрде мүшеқап пайдалану керектігін, жылына бір рет медициналық тексерулерден өтіп тұру керектігін ескертеміз. Себебі жұқпалы жыныс аурулары бірден байқалмайды. Бір апта немесе екі-үш айдан кейін алғашқы белгілері білінуі мүмкін. Егер ауру жұқтырса, соңы жақсылыққа әкелмейтінін, кездейсоқ қатынастардан сақ болу керектігін ескертеміз, — дейді уролог.

Жасөспірімдер арасындағы урологиялық аурулар соққыдан, салқыннан және баспа секілді инфекциялық аурулардың салдарынан туындап жатады. Түрлі жарақат пен төбелестің соңы да көп жағдайда зәр шығару жолдарының ауруларына әкеледі. Сондықтан жастар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button