Экономика

Ережені сақтасаң — сан соқпайсың

Көктем келісімен ауа райы күрт құбылатын аласапыран мінез де бой көрсетіп әрі-сәрі қылатыны бар. Бұған облыстық газ тарату мекемесі қызметкерлері де алаңдаушылық байқатады. Себебі, осы тұста тұрғындар арасында газ желісін пайдалануда тәртіпті ұстанбайтындар жиі кездеседі. Мәселен, күндіз газ тетігін басып қоятын үй иелері кешкісін көгілдір отынды көбірек жалындатуға бейім. Сондайда бірқалыптылық сақталмағандықтан түтін тартқыштар бойына мұз тұрып қалады. Бұл — адам өмірі үшін қауіпті.

— Қазіргі уақытта біздің есебіміз бойынша 49839 газ қондырғылары жұмыс істейді, — дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының техникалық инспекция бастығы Ғалымжан Оралбаев, — солардың үш пайызына әлі күнге дейін түтін тартқыштарына жарақтылық актісі алынбаған. Дер кезінде тексеруден өту — қауіпсіздіктің бірден-бір себепшісі.

Қазіргі уақытта қалада үш мекеме — Ерікті өрт сөндірушілер қоғамы, «Асыл зат» ЖШС, «Пож-Сервис» ЖШС осындай жұмыстарды атқаруға арнайы лицензиясы бар ұйымдар.

Газ қызметкерлерінің мазасызданатын да жөні бар. Соңғы уақыттары облысымыз бойынша сақтық шараларына мән бермеу салдарынан бірнеше отбасында қайғылы жағдайлар орын алды. Өкінішке қарай, газ пайдаланушылар бұдан сабақ алуға ұмтылмайтын секілді.

Инспекция бастығының айтуы бойынша, «жабық желдеткіш, жалюз торлары, желдеткіш каналы торлары, ас жуу, жуынатын бөлме есіктері астындағы саңылау, түтін мұржалары, желдеткіш каналдарында тартылыс болмағанда газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады» деген нұсқауды жұрттың бәрі бірдей ескере бермейтін көрінеді.

Қаланың ескі бөлігінде, сондай-ақ әуежай қалашығында, басқа да бірқатар жерлерде тұратындар арасында ыстық суы жоқ үйлерде газ колонкалары орнатылған. Бұл да ерекше сақтықты талап етеді. Мұндай тұтынушылар саны қазіргі уақытта 4215-ке жетіп отыр.

Көп қабатты үйлердің төменгі бөлігіндегі жұмыс бөлмелерінде жұмысшылардың пропанды тамақ пісіруге пайдаланатындығы да тыйым салуды қажет етеді. Мәселен, таяуда ғана Тургенев көшесіндегі 98-үйдің ІІ корпусында осындай жауапсыздық салдарынан қауіпті оқиға орын ала жаздады.

Жеке үй тұрғындары ауласында салынған моншаға, қосалқы шаруажайларына газды өздері  қосып алып, не аппараттарын ауыстырып, рұқсат алу жағын артынан ойластырады. Негізінде техникалық талаптама әуелі алынуы қажет.

— Бүгінгі күні қалада газ қондыратын елуден астам лицензиясы бар мекеме жұмыс істейді. Сондықтан бұл жұмыстарды кездейсоқ адамдарға істетуге болмайды, — дейді Ғалымжан Оралбаев. — Тағы да бір ескертеріміз, біздің бақылаушыларымыз үйлерді аралағанда қауіпсіздік нұсқауларын үнемі таратып жүреді. Соған назар аударып, қажетті шараларды есте сақтап отырған жөн. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер де түтін тартпай, газ иісі шыға бастаса, бірден 104 телефонына қоңырау шалыңыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button