Білім

Балдырған

Пілмен салмақтас тіл

Тынық мұхитты мекендейтін көк киттің тілі 4 тонна тартатын көрінеді.

Яғни, тілдің салмағы пілдің салмағымен бірдей. Бұл кит су астында екі сағатқа дейін демалмай жүзе алады. Ал салмағы орташа есеппен алғанда 150 тонна болады, ұзындығы 33-35 метрге дейін баратын көрінеді.

Ауладан табылған жылан

Жақында Бразилияда әлемдегі ең үлкен жылан табылды.

Ұзындығы 6 метр, салмағы 200 килограмм тартатын анаконда Парана штатындағы үйлердің бірінің ауласынан табылған.Оны алты полицей әзер дегенде ұстап, зообаққа жеткізіпті.Жыланның қауіптілігі соншалық, шағып алса, адам сол мезетте қайтыс болады екен.

Ерекше жүрек

Суықторғайдың салмағы — 30 грамм.

Осы салмақтың үштен бірі қанаттарына ұшуға серпін беретін төс бұлшық етінің еншісінде. Суықторғайдың қалыпты температурасы жоғары деуге болады: 44 градус. Ал жүрегі минутына 860 рет соғады, жүз мәрте тыныс алады. Суықта демі жиілей түседі, жылу бөлуі артады. 30-32 градус аязда оттегін пайдалануды үш есеге жуық көбейтеді.

Айдана МЕЙІРХАНОВА,

Тоғыз орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Шілікті ауылы,

Шалқар ауданы.

Аяулы адам

Елгезек көмекші боламын

Мен анамды өте жақсы көремін. Түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеп, ыстық пен суыққа, талай қиындыққа шыдап, мені қатарға қосқан ақ анамды шексіз сүйе отырып, анамды әр уақытта сыйлап, үлгі тұтамын.

Мен анамның айтқан өнегелі сөздерін зейін қоя тыңдап, ұғып алуға тырысамын және анамның жұмсаған ісін ыждағатты орындап, елгезек көмекшісі болып жүремін. Анашым үйде бір сәт болмай қалса, үйдің іші бос болып қалғандай болады да тұрады.

Сондықтан осы «Ақтөбе» газеті арқылы барша жас достарыма айтарым: ата-аналарың түрегеліп тұрғанда, сендер отырмаңдар, ата-аналарыңды өмір бойы сыйлап өтіңдер.

Өйткені Ана тамырының бойымен тіршіліктің жылуы таралады.

Ана десе елжірейді жүрегім,

Аналарды мен бақыт деп білемін.

Балаларды сүйікті еткен анаға

Мен де әрқашан саулық тілеп жүремін.

Гүлдәрия ИМАНБАЕВА,

Ащысай орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Туған жер

Екі елді еншілеген өзен

Менің туған ауылым Ор өзенінің бойында, Мұғалжар тауының баурайында орналасқан. Ауыл адамдары осы өзенге барып балық аулайды, жазда тереңіне сүңгіп, рахаттана жүзіп жүреді. Өзеннің суын пайдаланып, бау-бақша салады, егін егеді.

Мен іргемізде ағып жатқан өзеніміз туралы мынадай деректер жинадым.

Ор — Мұғалжар, Хромтау аудандары жеріндегі өзен. Ұзындығы — 332 шақырым, су жиналатын алқабы — 1860 текше шақырым. Ол Мұғалжар тауының солтүстік батысындағы бұлақтардан басталып, Орск қаласының тұсындағы Жайық өзеніне құяды. Жер асты, жауын-шашын суымен қоректенеді. Суын Қазақстан мен Ресей облыстарының шаруашылықтары пайдаланады.

Ор өзені — біздің Құмсай ауылы тұрғындарының құт-берекесі және көңілдеріне шуақ себетін байлығы.

Ғалым БЕГЕНОВ,

Құмсай орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Намыс

Биікте ұстаймын

Ар-ұят ұғымын.

Еегемен елімнің

Намысты ұлымын.

Әр адам бойында

Болады ар-намыс.

Ардан аттамау —

Ең мықты қорғаныс.

Ғалым БАЙТАҚОВ,

№ 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Менің елім

Сен де сүйсең жеріңді,

Мен де сүйем жерімді.

Қазақ жұртым ертеңге

Қадам басты сенімді.

Ата-баба жолымен

Қорғаймын мен елімді.

Аспандияр ТІЛЕУІМБЕТОВ,

Мұғалжар орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Тілім — тірегім

Тілім менің — тірегім,

Қорғап оны жүремін.

Тілім барда күлемін,

Сен үшін өмір сүремін.

Өз тілімді сүйемін,

Өзге тілді білемін.

Тілім деп соғар жүрегім,

Бақытым сол деп білемін.

Динара ТЕЛЬМАНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Таңдау

Кім болам?

Апай осы тақырыпты тақтаға жазғанда сан түрлі ойға қалдым. Қиялым шарықтап, әр жаққа тартады. Қолымнан «сегіз қырлы, бір сырлы» екен деп мақтауға лайық болатындай түрлі өнердің келгенін қалаймын. Оған анам да қуанып қалар еді.

Мен қазір домбыра, би, қолөнері сияқты үйірмелерге қатысып жүрмін. Яғни дәулескер күйшілер Құрманғазы, Тәттімбет, Дина тәрізді апаларымыздың ізін басып, қазақтың қасиетті аспабының құдіретін әлемге паш еткім келеді. Пернелерді басқан саусақпен бірге ойыңды сан тарапқа жетелейтін домбыраның құдіретіне не жетеді?!

Кейде биші болсам ба деп те ойлаймын. Шара, Шұғыла апаларымыздай мың бұрала билеп, көкейге кестелі ой түйгізудің өзі неге тұрады?!

Кейде тігінші болсам деп те қоямын. Сырмақ, текмет тіге отырып, қазақтың ұлттық өнерін әспеттегім де келеді.

Мұның бәрін болашақ көрсетеді. Қайткенде де алдыма қойған мақсатыма жетсем деймін.

Рабиға БАЙБЕКОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button