Рухани жаңғыру

Қазір Дүние жүзі қазақтарының ортақ әліпбиі жоқ…

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Қоғамдық сана барлық уақытта да жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынды. Оның ең басында  қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау мәселесі тұр. Президент бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келгенімізді және оған Тәуелсіз даму жолына түскеннен бері мұқият дайындалғанымызды айтты.

Ендеше, жаңа әліпбиге көшу – бұл тек бір қаріптерді басқа бір қаріптермен механикалық түрде ауыстыра салатын оңай шаруа емес екені және түптің-түбінде мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын үлкен саяси жоба болатыны анық. Алғаш рет бұл мәселеге қатысты пікірін Президент 2006 жылы 24 қыркүйекте Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде білдірген еді. Сонда: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесіне қайта оралған дұрыс. Кезінде бұл мәселені кейінге қалдырған болатынбыз. Алайда, бүгін латын графикасының коммуникация кеңістігіндегі басымдығы анық. Көптеген елдердің, соның ішінде посткеңестік елдердің латынға көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар жарты жыл ішінде осы мәселені терең зерттеп, нақты ұсыныспен шығуы керек» — деген болатын. Соған қарағанда, соңғы жылдарда биліктің ішінде латынға көшуге қатысты біраз талқылау болып, билік бұл шешімге барлық жағдайды ескере отырып келгені анық. Олай болса, кейбір азаматтарымыз айтып жүргендей латын алфавитіне көшу биліктің «қитұрқы» бастамасы емес. Ол —  халықтың, көпшіліктің қалауымен үндесе отырып дүниеге келген идея. Өйткені, латын жазуы негізінде қазақтың жаңа алфавитін құру мәселесі Қазақстан өзінің Егемендігін жариялап, Тәуелсіз даму жолына түскенімізден бері сөз бола бастады. Алғаш рет бұл мәселені көтерген танымал тіл маманы, академик Әбдуәли Қайдари болатын. Ол «Латын әліпбиінің болашағы зор» («Ана тілі» газеті, 1991 жыл, 24 қаңтар) және «Кемел елге кемел әліпби керек» («Ана тілі» газеті, № 34 1993 жыл) мақалаларында латын алфавитінің қажеттігін теориялық тұрғыдан негіздеп,республика бойынша алғаш рет жаңа әліпбидің жобасын ұсынды. Сондай – ақ,  Президенттің атына жазған Ашық хатында да жаңа әліпбидің қажеттігін жан – жақты дәлелдеді.

Тарихи тұрғыдан алсақ, бұндай жағдай елімізде бұрын да болған. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында жүректері ұлтым деп соққан, барша болмыстарымен ұлт  өркендеуі мен теңдігі үшін күрескен Алаш зиялыларының арасында да бұл мәселеде өзара бір түсіністік болған жоқ. Бірі бұрынғы арабша «төте жазуды» қалдыруды қолдаса (А.Байтұрсынов), екіншілері латын алфавитін ынта-жігерімен қорғады (Н.Төреқұлов, Қ.Жұбанов т.б.),алХалел Досмұхамедов сияқты зиялылар екеуінің ортасынан мәмілелік табуға ұсыныс жасады. Олай болса, бұл мәселе бұрын да, қазіргі уақытта да жеңіл шешімдер қабылдайтын, үстірт қарайтын мәселе емес. Қалай болғанда да, бұл тұтас ел үшін бетбұрысты қадам екені сөзсіз. Сондықтан да, қазіргі уақытта қоғамымызда бұл мәселе туралы екіұдай пікір қалыптасқан: бірі қолдаса, екіншісі қарсы. Осының өзі жалпы әлеуметтің, зиялы қауымның бұл мәселеге енжар қарамайтындықтарын көрсетеді.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікірталастарға келер болсақ, қазірдің өзінде кейбір мамандардың айтуынша, 40 жоба, тіпті 80 немесе 100-ге жуық авторлық жобалар болған деседі. Оларды сөздерде кездесетін әріптер мен дыбыс үйлесімділігін табуына байланысты бірнеше топқа жіктеуге болады: бірінші  топтың жақтаушылары латын әліпбиін енгізген кезде ағылшын алфавитінің 26 әрпін пайдалануды ұсынса, екінші топтың өкілдері — диакритиканы, яғни, белгілі бір ерекше дыбыстарға қосымша қаріптерді белгілеу қажеттілігін жақтайтындар.

Осы айтылған теориялық мәселелермен қоса баспасөз бен әлеуметтік желілерде бұл реформаның алда күтілетін жағымды және жағымсыз жақтары да кеңінен талқылануда. Латын әрпіне көшуге қарсылардың қайсыбірі әрбір реформа қоғамды кері шегіндіреді деген сияқты қарсылық уәждер айтуда. Байқап қарасақ, 1904 жылы А.Байтұрсыновтың әліпбиі шыққанда, қазақ кері шегінген жоқ, керісінше, сол кезеңдерде үлкен бір серпіліс болып, рухани-мәдени ағартушылық жұмыстары жандана жүрді деуге негіз бар. Сол жылдары қазақ осы бір жаңалықты тез қабылдап, тез үйренді. 1928 жылы латын әрпіне көшкен кезде де сол тұстағы қоғам бұл жаңалықты тез қабылдап, тез меңгере білді. Ол кезде де, кириллицаға көшкенде де түркі әлеміндегі бес елдің ішінде қазақ халқының сауатсызданып, құрдымға кеткенін байқамайсыз. Керісінше, алдыңғы қатарлы, зиялы қауым өкілдері сол жылдары қазақтан көптеп шыққаны мәлім. Қысқасы, әліпбиді өзгерткеннен рухани білім мен оқу-білімі тоқтап қалмайтынына осылай көз жеткізу қиын емес. Мұны бізге тарих дәлелдеп отыр. Демек, реформаның барлығы кері қадам жасауға түрткі бола бермейді.

Ел арасында осыған дейінгі жазған-сызған дүниелердің барлығы оқылмай қалады деген пікір бар. Алайда, бұрын жарық көрген шығармалардың барлығы ұлтымыздың алтын қорына кіреді деп те айта алмаймыз. Ол шығармалардың көпшілігі  социалистікреализм бағытында, сол тұстағы идеологияның ықпалымен жазылған, сондықтан олардың бірқатарын сақтау аса маңызды емес. Ал қажеттілерін сақтауға, латын тіліне көшіруге техникалық мүмкіндіктер толық бар.

Кириллица тілімізді өз деңгейінде, қазаққа тән қасиеттерін жоғалтпай жеткізе алмайды. Кириллицаның көптеген әріптері ойдан шығарылған. Соның өзінде қазаққа тән дыбыстарды бере алмайды.Бұл жазуды Сталин заманында қазақты орыстандыру мақсатында орыс алфавитіндегі 33 әріпке қазақ тіліндегі 9 дыбыстық таңбаны қосу арқылы 42 әріптен тұратын алфавит құрап шығара салған. Бұл ғылыми негізсіз жасалған әліпби. Латынға көшсек, онда осы басы артық әріптерден құтыламыз. Тілімізді қажетсіз дыбыстардан тазалап аламыз.Армяндар сонау VІІІ ғасырдағы әліппесін күні бүгінге дейін  қолданып келеді. Оның әріп саны 18-20-дай ғана. Бастауыш мектепті бітіргендер қатесіз жазады. Ал Ахмет Байтұрсынов «төте жазуды» шығарғанда 24  әріппен бүкіл қазақ фонетикасының ретін тапқан еді. 1929 жылы ресми қолданысқа кірген латын әліппесі әрі кеткенде 28-29 әріппен қажетімізді өтеген болатын. Біз кириллицаға көшкенде қазақ тілінің шұрайын жеткізуге 42 әріптің өзі аздық етті. Сонда әріптің көптігі бақыт па, сор ма? Әрине, әріп санының көптігі адамның сауаттылығына зиянын тигізеді, көп қате жібе-ресің. Осы жөнінде ой айтқан Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов сияқты Алаш арыстарының не айтып, не жазғанын қазбаламай-ақ қоялық.

Бұл күндері бүкіл адамзаттың 60-70 пайыздайы латын әліппесін қолданады. Дүние жүзіндегі техникалық құрал-аспаптар латын әріпіне негізделген. Өркендеу заңы жа-салғанды сақтап, бауырыңа басып жата бер демейді. Шамаң барда басқалардың пайдалы да ұтымды іс-әрекетін қолдануға талаптан дейді.

Латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Саяси маңыздылығы жағынан алғанда, кириллицамен сіңісіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса, жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүние жүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді.Ендеше, латын әрпіне көшу қазіргі қажеттілік деп есептеу керек. Латын әрпіне көшкен сәттен бастап, орыс тіліне деген тәуелділіктен құтылып, ажырамастай көрінген кіндіктеріміз де үзіледі. Орыс тілімен қосақтасып жүріп, керек десеңіз, мемлекеттік тілімізді де өз тұғырына шығара алмадық. Латын әрпіне көшу — осы мәселенің шешілуіне ықпал етуі мүмкін және түркі әлемінің тіліне жақындаймыз.

Біз жаңа ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп отырмыз. Кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне ауысу арқылы ғылыми-техникалық терминдерді кедергісіз пайдалана аламыз.  Онсыз біз заманның ағымынан, дүниежүзінің дамуынан бейтарап қаламыз. Оған қоса қазіргі заманға сай түрлі техникалар осы латын әліпбиімен таңбаланған. Әрі латын жазуы бізге қандай да болмасын жаңадан шыққан техникаларды тікелей қолдануымызға мүмкіндік береді.Мәселен, компьютерді қазақтардың қолдануына байланысты туындайтын кедергілер көп. Бұл кирилл жазуына негізделген әліпбиіміздің әсерінен туындап отыр. Латын жазуы осы мәселені шешуге көмектеседі.Ендеше, латыншаға көшудің терең логикасы бар. Ол қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктерімен байланысты.

Қазіргі дүние жүзі қазақтарының ортақ әліпбиі, ортақ жазуы жоқ. Қазақстанда кириллицаны, Қытайдағы қазақтар төте араб жазуын, Еуропадағы қазақтар латын әрпін қолданады. Ақпараттық технологиялар заманында отырып, әліпбидегі ала-құлалық ұлтымыздың бір ізбен дамуына үлкен кедергі келтірмек. Латын әріпіне көшуді ұлтымызды ұйытатын, мәдени тұтастығымыз бен рухани бірлігімізді сақтайтын басты құрал деп қабылдауымыз қажет.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі қазір қаймана қазаққа қозғау салған үлкен бастама болып тұр. Еуропа қазағы онсыз да аталған әліпбиді қолданады. ҚытайдағыАхмет Байтұрсынов жасап берген төте жазуды пайдаланып жүрген қазақтар да қазір латыншаға көшу дейтін әңгімені тұрақты айтып жүр.

Бұрынғы жазулар сыртқы күштің зорлығымен қолданылған болса, енді бұл жазуды өз еркімізбен қолданбақшы болып отырмыз. Біз бұл латынша таңбаларды 100 пайыз латынша немесе, ағылшынша дыбыстамаймыз. Оларды қазақтың жазуы үшін құрал етіп, өзіміздің төл дыбысымызды дыбыстаймыз. Мақсат — 26 таңбаны қазақ үшін қызмет еттіру. 26 таңбамен ғана жасалған жазу жобасында ешқандай әурешіліктер кезікпейді. Оны жасап, жалпыластыру үшін Үкімет те, өзіңіз де бір тиын ақша шығармайсыз! Өйткені оның барлығы компьютерде дап-дайын тұр.

Қазір кирилшенің өзі де әлемде ақпараттық байланыс жасау арнасынан орын ала алмай отыр. 60-80 мыңдай қарпі бар қытай да жазуын латыншаға көшіреміз деп жанталасқанына жарты ғасырдан асты, әлі іздену үстінде. Орыстар да латыншаға көшуге академиялық пікір әзірлеп жатыр деген ақпарат бар. ТМД құрамында болған бірнеше мемлекет көшіп те үлгерді. Осындай ұлы көшке үндемей, еш әрекетсіз, лебіз білдірмей бостан-босқа қарап отыру бізге, егемен ел азаматтарына жараспайтын іс.

Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Өйткені, қазақ тілі — біздің рухани негізіміз.

Қазірде біздің елімізде латын жазуына көшуге байланысты барлық мүмкіндіктер, қажетті алғышарттар жасалған деп айтуға болады.  Өйткені,бұл мәселені Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, республикамыздың зиялы қауым өкілдері, тілтанушы, саясаттанушы ғалымдарымыз бен ғылым-білім саласының мамандары 1990 жылдардан бері келелі әңгіменің өзегі етіп келеді.

Кеңес Одағы тараған соң, өз тәуелсіздіктерін жариялағаннан кейін кирилл жазуынан латын әліпбиіне көшкен Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, т.б. елдердің іс-тәжірибелеріне назар аударып, олардың әліпби ауыстыру үдерісіндегі олқылықтары мен жетістіктері жайлы мол тәжірибе-мәліметтер жинақталды. Соларды да пайдалануға әбден болады. Латын әліпбиіне көшу ісі — Тәуелсіз Қазақстанның өз шаруасы. Сондықтан ендігі жерде бұл мәселені қайта-қайта талқыға салып, дабыра етудің де,оны шешу үшін жан-жаққа қарайлаудың да, болмаса мұны саясиландырудың да қажеті жоқ деп санаймыз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button