Рухани жаңғыруӘлеумет

Дамуға жол ашады

Тарихтың қай кезеңіне үңілсек те, тұрақты байқалатын бірнеше заңдылық бар. Соның бірі заман ағымына ілесу талабы.

Жаңашылдыққа бет бұрған жерде ғана, дамуға бет бұра аласың. Ежелгі терімшілікпен айналысқан қоғамнан қазіргі дамыған қоғамға жетуімізге дейінгі аралықтағы даму сатыларының бәрі жаңашылдық әсерінен басталған. Адам заман ағымына, заман талабына ілеседі.

Кезінде кириллицаға, бәлкім, саясаттың талабынан көшкен де болармыз, дегенмен, оның да пайдасы мен игілігін көрдік. Ал ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанның қажеттілігі — латын қарпі. Әлемдік өнер мен мәдениеттің, бастысы білім мен ғылымның ортасы — осы латын қарпінде. Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азияның біраз мемлекеттері осы қаріпті пайдаланып отыр. Біз де сол көштен табылатын күн жақын деп сенеміз.

 Асылжан Бүркіталин,

 «Жас Отан» Жастар қанаты

облыстық филиалының төрағасы.

Болашаққа бағытталған қадам

Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі.

Әсіресе, тіл қоғамдағы адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын құралы болып саналады. Біздің білім беру орталығымыз мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеуде үш тілді қолданып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» — деп атап өтті.

Мен №33 «Нұрсәт» мектепке дейінгі білім орталығында мектеп жасына дейінгі балаларға ағылшын тілін үйретіп келемін. Ана тіліңді меңгерумен қатар, басқа тілдерді де білу болашақта балаларға өмірден лайықты орын табуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Осы орайда қазақ тілінің латын графикасына көшуінің маңыздылығын маман ретінде жақсы түсінемін.

Бұл, біріншіден, заман талабы болса, екіншіден, түркі әлемінің ынтымағын одан әрі арттыра түсуге де негіз болмақ. Ең бастысы, бұл — балаларымыздың жарқын болашағына жол ашу мақсатындағы маңызды қадам.

 

                                         С.Отарова,

№33 «Нұрсәт» МдБО-ның

ағылшын тілі мұғалімі.

Жемісін көретінімізге сенім мол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

Латын жазуына көшу — қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографияны жетілдіру сөздеріміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету үшін қажет. Меніңше, латын әліпбиін қабылдағанда  ұтатын тұстарымыз мынадай болмақ: біріншіден, бұл тіл тазалығы мәселесіне игі ықпал етеді. Тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілі пәнін оқытқанда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу еліміздің, сонымен қатар қазақ тілінің халықаралық дәрежеде одан әрі кең танылуына жол ашады.

Қазақ тілі орфографиясын жетілдіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде латын жазуын қабылдаудың маңызы зор. Жетпіс жеті  жылдан бері төселген орыс графикасынан латынға ауысудың оңайға түспейтіні анық. Ынтымақ пен бірліктің арқасында  осы кезге  дейін талай белесті бағындырған халқымыз бұл  кезеңнің де қиындығын жеңіп, жемісін көретінімізге сенімім мол.

 Ғазиза МАТЕНОВА,

№24 лингвистикалық мектеп-гимназияның мұғалімі,

Ақтөбе қаласы.

Латын әліпбиіне көшу — заман талабы

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты.

Латын әліпбиіне көшу — үлкен стратегиялық маңызға ие қадам. Бұл — қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты туындап отырған талап. Әлемдегі ең соңғы ғылыми жаңалықтар алдымен осы әріптер арқылы  жазылатындықтан, латын әліпбиіне көшу жаһандық өркениетке жақындауға зор ықпал етеді. Зиялы қауым мен ғылыми ортаның өкілдері осындай ортақ пікірге тоқталып отыр.

Болашақ ұрпақтың ақпарат алмасуы, білім алуы, шығармашылықпен айналысуы үшін аса маңызды бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Әлем елдерінің 70 пайызға жуығы латын графикасын қолданады. Латын қарпіне көшу түркі халықтарына ортақ жазу қалыптастыруға, шетелдегі қандас бауырларымыздың шығармаларымен емін-еркін танысуға оң ықпалын тигізетіні анық.

Жас ұрпақ үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету — әрбір қазақстандықтың борышы.

 

      Н. Әбішева,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ

Ақтөбе облысы бойынша ПҚБАИ директоры,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button