Рухани жаңғыру

Көкжар — жәдігерлер мекені

Экспедиция

Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ойыл ауданында экспедициялар ұйымдастырылып, туған жердің кереметін насихаттау үлкен дайындықпен жүріп жатыр. Тарихи орындары сол күйі сақталған, ескі ғимараттарымен ерекшеленетін мекенге әр ауданнан қонақтар көбірек ат басын бұруда. Жуырда облыстың 11 ауданынан және Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген жастар екі күндік сапарын біздің ауданға арнады.

Экспедиция мүшелері жеріміздегі ескерткіштер мен жәдігерлерді, тарихи орындарды аралап, Барқынның баурайында демалды. Олар «Мүйіс», «Сегізсай», «Орындықтау», «Жүндісай», «Ақшатау», «Барқын» бағыттары бойынша тағы басқа көрікті де тарихи жерлерді көрді. Ұлы жібек жолындағы «Көкжар жәрмеңкесінің ізімен» атты облыстық шараның ауданда ойдағыдай өтуіне аудандық ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы және Ш.Берсиев атындағы өнер және өлкетану музейінің ұжымдары мұрындық болды.

Сапардың алғашқы сәті орталық саябақта салтанатты шарамен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев шараға қатысушылар мен қонақтарға экспедицияның мақсатын түсіндіріп, бұл сапар Елбасы мақаласындағы ұлттық рухани жаңғыру жолындағы қадамдардың бірі екенін айтты. Одан кейін облыстың жастарын бастап келген облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Елеуов осынау шараны ұйымдастырушыларға  ризашылығын білдірді. Ашылу салтанатына арналған шарадан кейін барлығы экспедицияны туған жерді аралауға шығарып салды. Түске дейін жер асты жәдігерлерімен қызықтыратын селоның сол бағытына саяхаттағы жастар, түстен кейінгі сапарын Ақшатауда аяқтады. Әр жердің тарихы туралы аудандық өнер және өлкетану музейінің қызметкерлері, экскурсия жетекшісі Дулат Исабаев пен қор сақтаушы Медет Құлмұханов қызықты деректер айтып отырды.

Барқынның табиғаты аясында демалған жастар ертеңіне Орталық мешіт, Көкжар жәрмеңкесінің сауда орындары, өткен ғасырлардағы ғимараттар мен бай-көпестердің үйлерімен танысты.

Шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев шақырғанды құп алып, жолдың шалғайлығына қарамай ауданға келген жастардың белсенділігіне алғысын білдірді. Сондай-ақ экскурсия сапарын нұсқаушы, музей директоры Балқия Рысбаева  әр ауданға туған жердің табиғаты бейнеленген картинаны естелікке сыйға тартты.

 Қонақтардың көзімен:

Қанат ҚАРТБАЕВ, Қарғалы ауданы:

— Көкжар жәрмеңкесінің ізі қалған тарихи мекенге алғаш рет табан тіреп отырмын. Шағын аудан болғанымен Ойыл тамыры терең, тарихы ерекше, маңызды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұған XIX ғасырдан бері сақталған ғимараттар куә. Бәрін араладық. Маған үлкен әсер қалдырды. Әр төбесі, әр сайы тарихқа тұнып тұр. Осындай шаралармен тоқталып қалмай одан әрі зерттеліп, насихатталса, бұл ауданда туризм саласы дами түсері анық. Өзім тарих пәнінің мұғілімімін. Осында көрген-білгендерімді оқушыларыма айтатын боламын. Әр адам туған жері мен өз елінің тарихын, ұлттық құндылықтарын білуі тиіс. Елбасымыз айтқан рухани жаңғырудың бір тармағы осы.

Айдана ӘБДІСАЛАМ, Әйтеке би ауданы:

— Ойыл туралы көп естігенмін. Бірінші рет келіп тұрмын. Таза ауа-райы бірден білінеді. Оның үстіне село да таза, жинақы екен. Ал тарихи жерлері бір-біріне жақын орналасқан. Ақшатаудың басына шыққанда ерекше әсерде болдым. Биік белесті бағындырып, мақсатыма жеткендей шабыттандым. Өйткені аяқ астымның бәрі тарих, шежіре. Сонымен қатар онда теңіз астында кездесетін тастар көп. Бұрын бұл жерде теңіз болғанына сенбеске амал жоқ. Ескі жәдігерлермен танысып, біраз мәліметтерге қанықтым. Жалпы бұл сапар сәтті ұйымдастырылған. Өзге ауданның жастарымен де танысып білісіп, әркім өзінің туған жерлеріндегі кереметтерімен бөлісті. Басқа өңірлердің де тарихына қанықтым. Жалпы Ойыл талай тұлғалар шыққан мекен ғой. Сондай жерге осы экспедиция арқылы жолым түсті. Өте қуаныштымын.

Нұрсұлтан ЕЛЕУОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы:

— Ойыл аудандық ішкі саясат бөлімі жəне аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдық мерейтойы аясында облыс жастарының қатысуымен «Көкжар ізімен» атты экспедициясы өтті. Елбасымыз өзінің тақырыптық мақаласында ұрпақтың кемелденуі үшін, өз жерінің тарихын, мәдениетін, табиғатын танып білудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Бұл ретте Көкжар жəрмеңкесінен қалған тарихи, мәдени жәдігерлер бойымен өткізілген экспедиция жастардың рухани баюына таптырмас мүмкіндік. Облыстық шараға 11 ауданның белсенді жастары қатысты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады деген сенімдемін.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button