Рухани жаңғыру

Ұлттық код және заман

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын дер кезінде жариялап, қазақстандықтарға нағыз керек ұғымды тап басып, тауып айтты.  Бұл мақала халықтың ойынан шыққан тарихи құнды құжат болып табылады.

Елбасы  осы мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын,бағытымыз белгілі, ол — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Ал мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жақсарып отыруы тиіс. Санамызды жаңғырту, саяси және экономикалық жаңғыртуларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» — деп, рухани жаңғыртудың маңызын атап көрсетті. Әрине, саяси және экономикалық өзгерістерді рухы күшті, ақылды, білімді қайраткерлер жасай  алатыны белгілі шындық.

Қазақстанның үшінші қайта жаңғыруы рухани жаңғырумен кезеңдес, сабақтас келді. «Қазақстан — 2030» Стратегиялық жоспарының қабылдануы,100 нақты қадам-Ұлт жоспарының белгіленуі, әлемдегі 30 озық елдің қатарына қосылу межесі тек экономикалық емес, рухани жаңғыруды міндет ететін бағыттар болды. Біз, қазақстандықтар, осы стратегиялық мақсаттарды орындауға жұмылған, болашаққа ұмтылған халықпыз.

Әлемде  күн санап өзгерістер болып жатыр. Бүгінгі жаңалық ескіріп, жасампаз дүниелер өмірге келіп, өндіріске еніп, өте қысқа уақыт ішінде көптеген өзгерістер өмірге енді. Міне, осы өзгерістер мен жаңалықтарды біз игеруіміз, қабылдауымыз қажет. Оны дер кезінде қабылдамасақ, ілгерілемей, артта қаламыз. Ол үшін ең әуелі сананы, ойды саралап, өзімізді  өзгертіп, іс-қимылымызды тездетіп, жедел шешімдер алу қажет.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодыңды сақтай білу. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асырумен бірге, біз әлем мәдениеті шеңберінен, сөз жоқ, әлем мәдениетінің озық үлгілерінен үйрене отырып, қазақ мәдениетінің өзіндік ерекше әуенімен, өзгеше бояуымен орын алатын боламыз. Әлем бізді тек мұнайымыз — қара алтынмен ғана емес, мәдени жетістіктеріміз арқылы да тануы керек. Ақтөбелік талантты әнші Димаш Құдайберген қазақ атын, мемлекет абыройын көтеріп, әлемге паш етті. Бұл — бір дарынның жетістігі, ал егер осындай дарындылар көбірек болса, қалай болар еді?!  Қазақстан үшін, әрине, керемет болар еді. Қазақ өнерінде  әлемдік деңгейдегі тұлғалар Айман Мұсаходжаева, Марат Бисенғалиев, Жәния Әубәкірова сияқты атақтылар аз емес. Өнер Қазақстанды, ұлтымызды әлемге тезірек және кеңінен танытады. Заманауи мәдениет болуы керек дейтініміз сондықтан.

Қазақ халқы атадан балаға беріліп отырған ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ғасырлар бойы сақтап, заман, өмір елегінен өткізіп екшеп, жетілдіріп, жылдар сынынан өткізіп, қолданып отырған. Қазақта жақсы салт-дәстүр, әдет-ғұрып көп және олар қазақтың келбетін, тұрмысын, өмір тіршілігін көрсетіп, олармен біте қайнасып бірге келе жатыр. Қазақ қонақжай, бауырмал, төзімді, үлкенді сыйлап, құрметтейді, көршімен тату, батыл, сауықшыл келеді.

«Әдепті дегенше, әдемі десейші» — дегендей, үлкен, кіші болсын әдеп сақтау халқымыздың қасиетті тәрбиелік-тәлімдік дәстүрі. Ұлтымыздың кішінің үлкенді, үлкеннің  кішіні сыйлауының, ер-азаматтың әйел, әйелдің ер-азамат алдындағы әдеп сақтауларының тамаша үлгілері өте көп. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, келінге сыпайы сөйлеу, ата-ене алдындағы иба, көпшілік ортадағы әдептілік, сәлем беру, сәлем алу сынды ізгіліктер қандай! Осындай ертеден келе жатқан халқымыздың әдет-ғұрыптары аса көп. Әдептілік — әр адамның бет-бейнесі, өзін-өзі  таныту жолындағы өнеге-үлгісі, адамның қасиеті және жеке басының мәдениеті — осының бәрі еліміздің Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде  бекітілген.

«Батаменен ел көгерер» деген, бата — қасиетті рухани ұғым. Батаны құрметті, елге сыйлы, жасы үлкен адамдар береді. Бата сөзі ұлы қасиеттерге бастаушы әрі тудырушы, тілеуші рухани мұра болып табылады. Бұл да халқымыздың ғасырлар бойы сақталып, байытылып, қолданылып келе жатқан дәстүрі. Қазір бата бере алатын да, бере алмайтын да үлкендер бар. Бұл, біріншіден, кеңес дәуірінің әсері болса, екіншіден, үлкен адамның тіл байлығы мен шешендігінің кедейлігінен болатын сияқты. Бата беру, бата алу дәстүрін, оның ұлттық сипат-мазмұнын сақтай отырып, заманауи тілектермен байытып, жетілдіру, бүгінгі-ертеңгі күн тілегімен ұштастыру орынды болмақ.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейтін де халық. Сондықтан оның  озығын алып, тозығынан арылу керек. Халқымыздың тарихи әлеуметтік, тұрмыстық жағдайындағы ерекше қымбат дәстүрі — қонақжайлылық. Ол жомарттықтың, азаматтықтың белгісі. «Құдайым би қылмасаң да, би түсетін үй қыл» — деп тілеген қазақ үйіне қонақ келгенді мәртебе санаған. Біздің ұлтымыздың  қонақжайлылығына өзге халықтар таңғалады. Ұлтымыздың осы артықшылығы қазір Астанада  халықаралық көрме өтіп жатқан кезде жиі айтылып жүр. Ұлтымыздың  «Көршіңмен тату бол» дейтін қағидасының да өміршеңдігі әлдеқашан дәлелденген.

Бүгінде біздің қазақта той көп, тойынан мейрамханасы көп. Болсын, болғаны жақсы. Бірақ оны бәсекеге айналдыру қалай болады? Қонақтың санын мыңға жеткізем, қашықтан атақты әнші, күйші шақырам деп алашапқын болудың, орасан көп қаржы шашудың не жөні бар?

Бұл — Елбасы мақаласында айтылған ысырапшылдық пен астамшылық, даңғойлық. Тойда да, садақада да орынсыз ысырапқа жол беруге болмайды.

Әлемде 1 миллиардтан астам тұрғын аштық жағдайында өмір кешуде екен. Сондықтан, бірінші — қанағат, екінші — үнемшілдік, үшінші — барды ұқсатып, орынды пайдалану дұрыс болмақ. Абай айтқан «Бекер мал шашпақ, мақтаншақ» — бес дұшпанның бірі екенін білмек керек.

Бәсекеге қабілеттілік дамуға әкелетін жол болғанда ғана дұрыс болады. Біздің басқалардан біліміміз, кәсібіміз, соған сай өніміміз озық болу керек.

Елбасының біз әңгімелеп отырған  мақаласында осындай алға сүйрейтін бәсекелестіктер туралы айтылған.

Жетілуге, озуға, барды үнемді, ұтымды пайдалануға ұмтылу — жақсы әдет. Мінез-құлықты тәрбиелеуге, түзетуге, қалыптастыруға ұмтылу керек. Бұл — мінез-құлық прагматизмі. «Ғылым, білімнің бірінші пайдасы мінез түзету» деген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ал Абай «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, «адам мінезін түзетуге болмайды» деген кісінің тілін кесер едім» — дейді. Демек, озық боламыз десек,  жаман әдет, мінез-құлықтан арылып, түзелуіміз керек.

Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік, көрегендікті, мәдениеттілікті көрсетеді. Сондықтан Елбасы мақаласының осы құнды бағыттарын, ойларын санамызға сіңіріп, басшылыққа алып, ұлттық кодымызды, мәдениетімізді сақтап, заман талабына сай өзгеруіміз қажет.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,

Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button