Спорт

Мейрамбек те, Рүстем де қуантты

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан күрес түрлері бойынша әлем біріншілігінде жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов күміс жүлдеге қол жеткізді, ал Рүстем Ыбраев биылғы жазғы Универсиаданың қола жүлдегері атанып отыр.

Мейрамбек те, Рүстем де — соңғы жылдары жанкүйерлерін жақсы жаңалықтармен қуантып жүрген спортшылар. Мейрамбек Айнағұлов (59 кг) грек-рим күресі бойынша ұлттық құрама сапында бұған дейін Азия біріншіліктерінде өнер көрсетіп, жүлдегер атанған еді. Сейсенбі күні Парижде ол үнді, украин және оңтүстіккореялық балуандарды жеңіп, финалға жолдама алды. Ал финалда жапон балуаны Кеничиро Фумитэмен күш сынасты. Финалдағы есеп бір ғана балл артықшылығымен жапон балуанының пайдасына шешілді. Дегенмен, бұл жолы Мейрамбектің чемпион атағын иеленген қарсыласынан еш кем түспей, тең дәрежеде өнер көрсеткеніне  барша көрермен куә. Оның жарқын жеңістері әлі алда деп үміттенуге әбден негіз бар.

Грек-рим күресі бойынша ұлттық құрама биылғы әлем біріншілігін екі күміс жүлдемен аяқтады. Мейрамбектен бір күн бұрын, 71 кг салмақ дәрежесінде Демеу Жадраев та күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

Ал сәрсенбі күні Тайпейде өтіп жатқан ХХІХ жазғы Универсиададан да жақсы хабар жетті. Дзюдодан 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Рүстем Ыбраев қола жүлдеге ие болды. Бастапқы екі белдесуде жеңіске жеткен Рүстем үшінші жолы жапондық балуаннан жеңілді. Ал қола үшін болған жекпе-жекте моңғол балуанын 0:2 есебімен ұтты. Қазақстан құрамасы Универсиадада жалпы есепте әзірге 9-орында тұр.

Сондай-ақ, бүгін Парижде тағы бір жерлесіміз, еркін күрестен ұлттық құрама мүшесі Нұрислам Санаев (57 кг) өнер көрсетпек. Сәттілік тілейміз!

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button