Экономика

30 жаңа жұмыс орны ашылады

Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы кәсіпкер Алдаберген Найманов ешкі өсірумен айналысады. Сүт өнімдерін қаладағы «Табыс» коммуналдық базарына шығарып, сатып келеді. Алайда кәсіпкер қол жеткен осы жетістігімен шектеліп қалғысы жоқ. Алда ешкі фермасын кеңейтуді ойлайды. Соның нәтижесінде ешкі фермасының сүт, ет өнімдерін өз шарбағында өңдеуді қолға алмақ. Ешкі сүтінен сүзбе, құрт, ірімшік, өзге де өнімнің түр-түрін шығаратын, етін консервілейтін қажетті қондырғылар, жабдықтар сатып алуды жоспарлауда. Бұл ойларын жүзеге асыруға мүмкіндігі де жететін сияқты. Бұл жердегі басты кедергі қуат көзіне байланысты болып отыр. Фермердің пайымдауынша, электр қуаты қымбат. Электр қуатын пайдаланып өндірілген өнімдердің де өзіндік құны жоғары болады. Сондықтан кәсіпкер 350 метр жерден ешкі фермасына  газ құбырын тартуды жөн көреді. Алайда бұл мақсатты жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы — 2020»  мемлекеттік бағдарламасы аясында үлкен көлемде несие қаржы керек. Кәсіпкер өз тарапынан 10 жаңа жұмыс орнының құрылатынына кепілдік береді. Алдыңғы күні облыстық әкімдіктің ғимаратында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың төрағалығымен өткен бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламаларын өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселе қаралды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері ешкі өсірумен шұғылданатын кәсіпкердің жобасын негізінен мақұлдады. Дегенмен, заңға сәйкес болу үшін бірсыпыра құжаттарды  толықтыруды, содан кейін ғана бұл мәселені оң шешуге болатынын мәлімдеді.

Бұл күні өңірлік үйлестіру комиссиясының отырысына шағын және орта бизнес субъектілерінен 13 өтініш түсті. Оның алтауы Шалқар, Мұғалжар және Алға аудандарының кәсіпкерлерінен түсті. Кәсіпкерлерден түскен өтініштің басым бөлігі  мемлекеттік қолдау арқылы екінші деңгейдегі банктерден субсидиялау түрінде несие алуға байланысты болды. Мәселен, Қандыағаш қаласынан жеке кәсіпкер Роза Ахметова өзінің «Роза» тігін ательесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге және осы заманғы  іс тігу қондырғыларын алу үшін Сбербанктен 16 пайыз үстемемен 4,8 млн теңге көлемінде несие алған еді. Енді ол жоба шағын қалада жүзеге асырылатын болғандықтан 10 пайыз көлемінде мемлекеттік субсидия алуға өтініш беріп отыр. Өңірлік үйлестіру комиссиясы кәсіпкердің бұл өтінішіне байланысты оң шешім қабылдады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламаларын өңірлік үйлестіру комиссиясының бұл күнгі отырысында жергілікті жерлерден түскен кәсіпкерлердің басым көпшілік өтініштері негізінен қанағаттандырылды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының бағалауынша, осы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орындары ашылады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button