Құқық

Мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық- этикалық келбеті — ел дамуының алғышарты

Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне көшті, халықаралық аренаға шығып, көптеген дүниежүзілік ұйымдарға мүше болды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі моральдық-этикалық нормалардың жоғары стандарттары анықталды.

 

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын айқындау қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін жоғарылатуға, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және қызметтік этика бұзушылықтарының алдын алуға септігін тигізеді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың тиімді жүзеге асуы адами факторға тікелей байланысты. Сондықтан да, мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудың маңызды шарты — мемлекеттік қызметшілер статусын жоғарылату, олардың әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерінің анықталуы, қызметтік этиканың тиімді институттарының құрылуы арқылы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру.

Бүгінгі таңда  сыйақы жүйесінің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілердің жұмысының нәтижелілігі мен күрделілігі ескеріледі. Алдағы уақытта, мемлекеттік қызметшілердің жалақы мөлшерін анықтауда лауазымның санаты емес, оның атқаратын жұмысының мазмұны мен күрделілігі шешуші фактор болуы тиіс. Бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлықты азайтуға, мемлекеттік қызметшілердің өздерінің міндеттерін тиімді және адал орындауға ынталандырады.

2017 жылдың I жартыжылдығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарды халық арасында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге жете түсіндіру мақсатында 197 семинар-дәріс, 14 дөңгелек үстел, 4 конференция, 2 интеллектуалдық ойын мен конкурс өткізді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган кең көлемді ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, жыл басынан бері 2 брифинг, 6 радиобағдарлама, бұқаралық ақпарат құралдарында 18 жарияланым, 6 мақала, интернет-ресурстарда 18 жарияланым, 104 баннер, 30778 дана ақпараттық материал шықты, 282 телесюжет, 2 бейнеролик түсірілді.

Этикалық кодексті ұстанудың тиімді механизмі ретінде әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі жоғары. Мемлекеттік қызметшілердің оң келбетін қалыптастырумен айналысатын әдеп жөніндегі уәкіл лауазымына Ризагүл Омарова тағайындалды. Сонымен қатар, облыстағы барлық аумақтық департаменттерде, аудан әкімдіктерінде, ұжымдарда беделді, тәжірибелі қызметкерлер әдеп жөніндегі уәкіл ретінде белгіленді.

Жаңа әдеп жөніндегі уәкілдің алдында мемлекеттік қызмет, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама мен Әдеп кодексін сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы ұжымда моральдық-әдептілік мәдениетті қалыптастыру міндеті тұр.

Айта кету керек, әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына бақылау жасаумен қатар, олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, қалпына келтіруге қатысты шаралар қабылдайды және мемлекеттік органның оң имиджін, ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу бойынша шаралар қабылдайды.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық-этикалық келбетін қалыптастыру үшін ең алдымен өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге баса мән беру керек. Жас ұрпақтың бойына бала кезінен ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық секілді рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіре отырып жан дүниесі бай, терең ойлы, жауапкершілікті сезінетін қоғамның толыққанды азаматын қалыптастыру қажет. Осы бағытта облыс мектептерінде құрамы «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары ашылды. Клубтар саны 387-ге, мүшелері 27 170 адамға жетті. Жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Адал бол» интернет-флшмобы өтті. Аталған шараға «Адал ұрпақ» ерікті клубының мүшелері мен колледж студенттері қатысты. Сонымен қатар, «Параға қарсы» қоғамдық интернет-флэшмобына қолдау көрсетілді.

Біздің департаменттің бастамасымен ашылған «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің екінші маусымы аяқталды. Жобаның басты міндеті — көзі ашық, көкірегі ояу жастардың тәжірибелік дағдыларын арттыру арқылы оларға мемлекеттік қызметтің есігін ашу.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани жаңғырудың маңызы жөнінде: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» — деп атап көрсетті. Мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу де ұлттық сананың жаңғыруынан бастау алады. Мемлекеттік қызметшілерінің моральдық-этикалық келбеті — еліміздің даму деңгейіне де әсер ететін фактор.

А.НАУРЫЗБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы.    

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button