Омбудсмен қызметі
Сіздің құқығыңызды қорғайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар аясында айрықша конституциялық мәртебеге ие болған Омбудсмен институты өкілдігінің облысымызда ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллинадан омбудсмен институты, оның жергілікті өкілдігінің жұмысы туралы сұрап білген едік…
— Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кім екеніне, оның немен шұғылданатынына тоқталмастан бұрын, тәуелсіздік алған алғашқы жылдар тарихына кішкене шегініс жасайық. Тәуелсіздік алған кезкелген мемлекет халықаралық қауымдастыққа мүше болып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алады. Қазір бізде негізгі халықаралық құжаттар —Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы, Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы, Бала құқықтары туралы сияқты 9 негізгі конвенция бар. Осындай халықаралық маңыздағы құжаттарды мемлекетіміз өз территориясында қабылдап, ратификациялады. Сәйкесінше, осындай міндеттемелер алғаннан кейін олардың қағидаларын жүзеге асыруға арналған мемлекеттік механизм керек. Осы орайда 2002 жылы қыркүйектеМемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы тағайындалды және оның жұмысын қамтамасыз ету үшін жұмыс органы — Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық құрылды.
Омбудсмен институты үшін 2022 жылды «тарихи жыл» деп айтуға болады. Өйткені сол жылы жүргізілген референдум аясында Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Ата Заңымыз жаңа 83-1 баппен толықтырылды. Сол жылы қарашада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы Конституциялық заң қабылданды. Яғни адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреттері Конституцияда белгіленді. Бұған дейін ол мемлекет тарапынан тағайындалған лауазымды тұлға саналып, құзыреттері болғанмен, Конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалған құзыреттілігіболған жоқ.
2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы салтанатты жағдайда 3 Заңға қол қойғанын білесіздер. Олар — Конституциялық сот туралы, Прокуратура туралы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Соның ізінше еліміздегі республикалық маңызға ие 3 қала мен 17 облыста омбудсмен институтының жергілікті өкілдіктері құрылып, өкілдер тағайындалды.
— Халық сіздің қызметіңіз туралы біле ме?
— Бұл жастармен кездесулерде, өзге де аудиторияларда маған жиі қойылатын сауалдардың бірі. Омбудсменнің негізгі міндеттері бар. Егер құқығыңыз бұзылса, сіз оған шағым жасай аласыз. Омбудсмен ақысыз негізде 15 жұмыс күнінен 2 айға дейінгі мерзім ішіндесіздің шағымыңызды қарап, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша жауап беруге тиіс. Бір ескеретіні, шағымданған мәселеге қатысты жағдай сот қарауында болмауы керек. Себебі заң талабына сәйкес сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.
Осы қызметке кіріскенде тек қала тұрғындарынан ғана өтініштер түсетін. Аудандардан өтініш саны өте аз болды. Сөйтіп, біз аудандарға шығуға бастама көтердік. Өткен жылдың мамыр айынан бастап 8 ауданда болдық. Олардың қатарында Мәртөк, Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Шалқар, Қарғалы, Қобда аудандары бар. Ауданға барған сапарымызда біз бірінші кезекте тұрғындармен, жұмысшылармен, мүгедектермен, әлеуметтік қызмет алушылармен, көпбалалы отбасылармен, әлеуметтік осал топтағы азаматтармен кездесуді басты мақсат еттік. Уақытша ұстау изоляторы сияқты жабық мекемелер мен түзету кабинеттерінде де болдық. Кездесуге жоспарсыз барған уақыттарымызда кейбір мекемелердің талапқа сай жұмыс істемей жатқанына көз жеткіздік. Мұндай жағдайлар құзырлы органдардың алдына қойылып, адамдардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Адам құқықтарын бұзғаны үшін 3 лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалды, 13 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
— Жергілікті өкілдікте бүгінге дейін қандай шаруалар тындырылды?
— Өңірлік өкілдіктің құрылып, жұмыс жасап жатқанына бір жылдан астам уақыт болды. Алайда аз ғана уақытта біз адами ресурстардың шектеулілігіне қарамастан, үлкен жұмыстар атқардық деп айта аламыз. Қазіргі күні Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде өзімнен басқа бас маман мен көмекшім бар. Дей тұрғанмен біз осы уақыт аралығында бірталай серіктестік таптық. Оның ішінде облыс әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Прокуратура органдары мен адам құқықтары жөніндегі өкілдің атқарар жұмысы — бір бағытта. Сондықтан былтыр мамыр айында облыс прокурорымен арада меморандум жасалды. Бұдан өзге құқық қорғау органдары басшыларымен өзара уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазіргі таңда шағымдарды қарау сияқты жұмыстар төңірегінде прокуратурамен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар Ақтөбедегі бірқатар жоғары оқу орындарының, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы басашыларымен арада уағдаластық жасалды. Қазіргі таңда осындай мекемелерде аудитория алдында адам құқықтары жайында дәрістерімізді оқып жатырмыз.
— Сонда өкілдіктің құзыреттілігі қандай?
— Адам құқықтары жөніндегі жергілікті өкілдік 9 бағытта жұмыс жасайды. Соның ең негізгілерінің бірі — шағымдарды қарау арқылы азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Былтыр институт бойынша жалпы 5 мыңнан астам шағым қаралса, соның 161-і өңірлік өкілдікте қаралып, қорытынды шығарылды.Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы орталыққа Ақтөбе облысынан 41 шағым ғана түскен. Сондай-ақ біз былтыр 119 азаматты жеке қабылдап, 96 рет жабық мекемелерге барып, адам құқықтарының орындалуына мониторинг жасадық.
— Шағымдар қандай мазмұнда түседі?
— Жалпы айтқанда, омбудсмен қызметіне жүгінетіндердің көбі сот төрелігіне қатысты шағымданады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру, медициналық көмектің көрсетілуіне байланысты, жабық мекемелердегі азаматтардан түсетін шағымдар да өте көп. Құжаттандыру мәселесіне, мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты да біздің қызметке жиі жүгінеді.
— Солардың ішінде оң шешімін тапқан мәселелердің бірқатарына тоқтала кетсеңіз.
— Осы күнге дейін медициналық қызмет көрсетуге байланысты түскен шағымдардың арасында 10 іс оң нәтиже берді. Соның бірі — Ақтөбе қаласындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеушілердің бірінен түскен шағым. Шағымданушының бойындажыныстық жолмен жұғатын жұқпалы ауру және С вирусты гепатиті белгілері болған. Соған қарамастан оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген, дәрі-дәрмек берілмеген. Бұл мәселені нақтылау үшін жедел іс-шаралар қолға алынды. Менің бастамаммен құзырлы органдардың тарапынан тексеріс жүргізілді, жағдай расталды. Нәтижесінде шағымданушы ем-доммен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Қазақстанда отыз жылдан бері тұратын бір адамнан шағым түсті. Шағымданушы кеңестік құжатпен қалып қойған. Алайда оның өзін жоғалтып алған. Азаматтығы жоқ адамның үш баласы, әйелі бар. Туған жері — Өзбекстан. Құжатын жасамақ болып көші-қон полициясы арқылы Өзбекстанға сұрау жібергенімен, жауап келмеген. Ауырып, емханаға барса, құжатсыз оны ешбір жер қабылдамаған. Тиісті ем-дом алмағасын, шарасыздан бізге шағымдануына тура келіпті. Біз Өзбекстандағы омбудсмен институтына тікелей шығып, бас-аяғы 2 аптада жауап алдық. Содан соң Қазақстан Республикасы азаматтығын шұғыл рәсімдетіп бердік. Азамат жүгінген бойда ауруханаға жатқыздық, осылайша тиісті дәрі-дәрмегін алды. Жуырда бұл азамат өмірден озды. Ауруы тым асқынып кеткен.
Жасөспірімдерге қатысты да аудандардан түскен өтініш болды. Сотқа дейінгі тергеудің екі факт бойынша прокуратураға жүгіндік.
Тексеру нәтижесінде шағымда аталған бұзушылықтар расталмады.
Қазір біздің қолымызда кәмелетке толмағандарға қатысты бірнеше өтініш бар. Сондай-ақ көптеген әлеуметтік мәселелерге қатысты жазылған шағымдар бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде мүгедектік рәсімдеу мәселесі де, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайлар да бар. Бірқатары оң шешімін тапты.
— Жазасын өтеушілер, жалпы жабық мекемедегілерден түсетін арыз сіздердің қолдарыңызға қалай тиеді?
— Әрбір жабық мекемеде арнайы бөлімдер, былайша айтқанда құжаттама бөлімдері жұмыс істейді. Соларға түскен жазбаша арыздар бізге бағытталады. Осылайша Ақтөбедегі қылмыстық-атқару жүйесінің 3 жабық мекемесінен арыз-шағым жүйелі түрде түсіп тұрады. Жазасын өтеушілер өз арызында жеке қабылдау өткізуді де өтінеді. Біз кезкелген мекемеге кідіріссіз кіре аламыз және кез келген мемлекеттік орган не лауазымды тұлға уәкіл мен оның жергілікті өкілін дереу қабылдап, дереу жәрдемдесуге міндетті.Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе оның жергілікті өкілі адамдармен, сондай-ақ тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен (оның ішінде жабық мекемелердегі адамдармен де) әңгімелесуді куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы өткізеді. Адамның келісімімен аудиожазбаларды, фото және бейнетүсірілімдерді пайдалана отырып әңгімелесулер өткізу құқығы да бар. Уәкілдің әңгімелесулерін өзге тұлғалардың тыңдауына және аудиожазуына тыйым салынады.
— Тұрғындар сіздермен қалай байланыса алады?
— Жалпы шағымданушылар тек өтінішін қолма-қол ғана емес, egov порталындағы «е-otinish» бөліміне өтіп, электронды сандық қолтаңба арқылы өтініш қалдыра алады. Біз әлеуметтік желілерде де белсендіміз. Жергілікті өкілдіктің Facebook (Аққалқа Жанғабылқызы Байдуллина) және Instagram(ombudsperson_aktobe) парақшаларына өтіп, бізбен байланысудың мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Ақтөбе қаласының Маресьев көшесі, 89, 303-бөлме мекенжайына пошталық жөнелтіліммен де шағым жолдауға болады. Өкілдің жеке қабылдауына
8 (7132) 730918, 730919, 730920 телефон нөмерлері арқылы жазылуға мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда біз жергілікті өкілдіктің жұмысын жандандыру, ең бастысы, халықты ақпараттандыру үшін нақты жұмыстармен айналысып жатырмыз. Әрине, бұл өкілдік жұмысының бір бағыты — құқықтық ағарту шеңберінде атқарылып жатқан іс-шаралар.
Арайлым НҰРБАЕВА.