Құқық

Прокуратура органдарында жеке тұлға және заңды тұлға өкілдерінің жолданымдарын қабылдау және қарау тәртібі

Прокуратура органдарында жолданымдарды есепке алуға және тіркеуге қойылатын жалпы талаптар ҚР Бас Прокурорының қабылданған ведомстволық құқықтық актілерімен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 69-бабының 3-бөлігімен және ҚР «Прокуратура туралы» Конституциялық заңының 9-бабы 22, 23-тармақшаларымен  реттеледі.

Прокуратура органдарына қағазжеткізгіште келіп түскен, оларға қоса берілген құжаттары бар жолданымдар келіп түскен күні тіркеледі және жолданымдарды тіркеу, қарау және есепке алу жөніндегі ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Жолданым ҚР ӘРПК-нің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда прокуратура органы арыз иесіне жазбаша (оның ішінде электронды нысанда) көрсетеді, ол қандай талаптарға сай келмейді және оны талаптарға сәйкестендірудің ақылға қонымды мерзімін белгілейді.

Егер арызданушы өтінішті ҚР ӘРПК-нің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келтірмесе, онда мұндай өтініш прокуратура органының лауазымды адамы белгілеген мерзімде арыз иесіне қайтарылады.

Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.

Заңның 21-бабының 1-тармағына сәйкес прокуратура органдары мынадай жолданымдарды қарайды:

  • қайтымсыз салдарлар қаупі төнген кезде (адамдардың өмірі, денсаулығы және елдің қауіпсіздігі үшін);
  • адамдардың шектелмеген тобының немесе өзін-өзі қорғауға қабілетсіз адамдардың құқығының бұзылуы туралы (физикалық, психикалық және өзге де жағдайларға байланысты);
  • жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды адамдары тарапынан араласу фактілері бойынша.

Бұл ретте жолданымдардың көрсетілген санатын прокурорлар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықты бұзу немесе олардың туындау қаупі төнген жағдайларда ғана қарайды; уәкілетті әкімшілік органның не оның лауазымды адамдарының шешіміне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға.

Осылайша егер өтініштер жоғарыда аталған критерийлерге сәйкес келмесе, онда олар мемлекеттік органдардың олардың қызметіне араласу фактілері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қоспағанда тікелей уәкілетті органдарға жіберілуге жатады.

Прокуратураға жүгінген кезде арызданушы бұзушылықтың сипатын нақты көрсете отырып, өз арыздарын мұқият дайындап, растайтын дәлелдемелер мен құжаттарды ұсынуы қажет.

Сонымен қатар нақты мәліметтерді көрсету маңызды, мысалы, жолданым берілген күн, атаулар және заңбұзушылыққа байланысты нақты жағдайлар.

Жолданым прокуратура органдарына жазбаша (қағаз және (немесе) электронды) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс, бейнежолданым нысанында жіберілуі мүмкін.

Өтініштерді сотталған тұлғалар түзеу мекемелеріндегі терминалдар арқылы да бере алады.

ҚР ӘРПК-нің 90-бабының талаптарына сәйкес прокуратура органдарында басшылар мен олардың орынбасарлары бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады.

Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.

ҚР ӘРПК-нің 91-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Шағымды қарайтын орган қарау қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

– әкімшілік актінің күшін жою туралы;

– әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;

– әкімшілік әрекетті жасау туралы;

– шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;

– әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;

– шағымды қараусыз қалдыру туралы.

Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол арыз иесіне жіберіледі.

Әкімшілік рәсімнің арыз иесі шешіммен келіспеген жағдайда әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағымды қарайтын сол органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.

Қазақстан Республикасы БП ҚСжАЕ комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button