Мәдениет

Сегізінші симфонияның премьерасына біздің ұжымдар да қатысты

Жуырда Астанада Қазастан мен Италияның опера әншілері, хор ұжымдары мен симфониялық оркестрлер мүшелері, барлығы 1200 музыканттың қатысуымен Густав Малердің Сегізінші симфониясы орындалды.

Бір шығарманы орындауға 1200 артистің қатысуы — Қазақстан үшін рекорд, яғни бұл — ерекше оқиға.  Бұл үшін австриялық Густав Малердің №8 ми-бимоль симфониясы таңдап алынуы да тегіннен-тегін емес, ол — әлемдік репертуардағы симфониялық шығармалар арасындағы ең танымалдарының бірі.

Астанадағы Сегізінші симфония премьерасына 20 хор және 5 симфониялық оркестр қатысқан. Қоюшы-дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.

Премьераға қатысқандар арасында ақтөбелік өнер ұжымдары да бар екенін ерекше айтқымыз келеді: Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хоры (көркемдік жетекшісі — М.Құспанов) және А.Жұбанов атындағы музыкалық колледж бен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жиынтық хоры (көркемдік жетекшісі — Л.Қосжанова).

Бұл мерекелік жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында қолға алынған.

Алан Бөрібаев сынды әйгілі шебердің жетекшілігімен өткен осындай айтулы шарада, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры сынды ұжымдармен қатар өнер көрсету — үлкен мақтаныш.

Ақтөбелік ұжымдар үшін бұл үлкен табыс екенін атап өте отырып, алдағы уақытта да оларға сәттілік тілейміз.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button