Құқық

Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейді

Еліміз дамудың жаңа деңгейіне көшті. Халықаралық деңгейдегі көптеген дүниежүзілік ұйымдарға мүшелік етуде. Осыған байланысты мемлекеттік қызметтегі моральдық-этикалық нормалардың жоғары стандарттары анықталды.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын айқындау қоғамның мемлекетке сенімін жоғарылатуға, мемлекеттік қызметте қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және қызметтік этика бұзушылықтарының алдын алуға септігін тигізеді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың тиімді жүзеге асуы адами факторға тікелей байланысты деп нақты айтуға болады. Өйткені әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулардың тиімділігі олардың атқарушыларына тәуелді. Сондықтан да, мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудың маңызды шарты мемлекеттік қызметшілер мәртебесін жоғарылату, олардың әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерінің анықталуы, қызметтік этиканың тиімді институттарының құрылуы арқылы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру қажет.

Дамыған елдердегі реформалар мемлекеттік қызметтегі этиканы басқару мәселесін аттап кетпеген. Шетел тәжірибесінде мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруда құндылықтар жүйесіне аса мән беріледі. Сондықтан біздің елде де мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен беделі жоғары болуына жағдай жасалып, оларды ынталандыру жүйесі қайта қаралды. Бүгінгі таңда, сыйақы жүйесінің шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілердің жұмысының нәтижелілігі мен  күрделілігі ескеріледі. Алдағы уақытта, мемлекеттік қызметшілердің жалақы мөлшерін анықтауда лауазымның санаты емес, оның атқаратын жұмысының мазмұны мен күрделілігі шешуші фактор болуы тиіс. Бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызметшілердің өздерінің міндеттерін тиімді және адал орындауға ынталандырады.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қыз­мет­­тегі жаңашылдықтарды халық арасында, оның ішінде мем­ле­­кет­тік қызметшілерге жете түсін­діру мақсатында 197 семинар-дәріс, 14 дөңгелек үстел, 4 конференция, 2 интеллектуалдық ойын мен конкурс өткізілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органмен Ақтөбе облысында кең көлемді ақпараттық-наси­хат­­тық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, жыл басынан бері 2 брифинг, 82 телесюжет, 6 радиобағдарлама, бұқаралық ақпарат құралдарында 18 басылым, 6 авторлық мақала, 18 интернет-ресурстардағы шығарылым, 104 баннер, 30778 дана ақпараттық  материал, 2 видеоролик түсірілді.

Этикалық кодексті ұстанудың тиімді механизмі ретінде әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі жоғары. Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің оң келбетін қалыптастырумен айналысатан әдеп жөніндегі уәкіл лауазымына Ризагүл Омарова тағайындалды.

Сонымен қатар, облыстағы барлық аумақтық департаменттерде, аудан әкімдіктерінде ұжымдарда талқыланып, қоғамдық негізде беделді, тәжірибелі қызметкерлер әдеп жөніндегі уәкіл ретінде белгіленді.

Жаңа әдеп жөніндегі уәкілдің алдында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы ұжымда моральдық-әдептілік мәдениетті қалыптастыру міндеті тұр.

Айта кету керек, әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына бақылау жасаумен қатар, олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда қалпына келтіруге қатысты шаралар қабылдайды және мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу бойынша шаралар қабылдайды.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық – этикалық келбетін қалыптастыру үшін ең алдымен өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге баса мән беру керек. Жас ұрпақтың бойына бала кезінен ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық секілді рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіре отырып жан дүниесі бай, терең ойлы, жауапкершілікті сезінетін қоғамның толыққанды азаматын қалыптастыру қажет. Себебі, ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі.

Осы бағытта департаментпен рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиені қалыптастыру мақсатында облыс мектептерінде құрамы 27 170 мүшеден тұратын 387 «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы ашылды.

Ақтөбе облысының жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Адал бол» интернет-флшмобы өтті. Аталған шараға «Адал ұрпақ» ерікті клубының мүшелері мен колледж студенттері қатысты. Сонымен қатар, департаментпен «Параға қарсы» қоғамдық интернет-флэшмобына қолдау көрсетілді.

Мемлекеттік қызметті этизацияландыру мақсатында Департаменттің бастауымен ашылған «Мансап» Ақтөбе мемлекеттік қызмет мектебінің екінші маусымы аяқталды.Жобаның басты міндеті – көзі ашық, көкейі кең жастардың тәжірибелік дағдыларын арттыру арқылы оларға мемлекеттік қызметтің есігін ашу.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жалпы жұртқа жария етті. Рухани жаңғыру арқылы Отанымызды дамудың жаңа деңгейіне көтеретін нақты жолдар ұсынылған мақала барлық қазақстандықтардың көңіліне қонып, қолдау тапты. Мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу алдымен бүкіл ұлтты тәрбиелеуден басталатыны айтпай-ақ түсінікті болса, Президенттің мақалада алға қойған жас ұрпаққа тәрбие беру мен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру мәселесі мемлекеттік қызметтің оң имиджі үшін өте өзекті болып табылады.

Қазақстанды жаңа заман көшіне ілестіріп, өркениетті ел қылу мақсатындағы Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың тиімділігі нағыз кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жұмысына тікелей байланысты болып келеді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің моральдық-этикалық келбеті қаншалықты жоғары болса, соншалықты еліміздің даму деңгейі жоғары болатындығына мен сенімдімін.

 

                                                                                                   Абылайхан НАУРЫЗБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы

бойынша департаментінің бас маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button