Білім

Балдырған

Екі өсімдіктен туған бір өсімдік

Қына туралы мынадай қысқаша анықтама беруге болар еді. Топырақ бетіне, тасқа қабыршақ тәрізденіп жабысып өсетін өсімдік. Сол өсімдіктен жасалған, шашқа жағатын бояу, балалардың асық бояйтынын да ұмытуға болмайды.

Көп жағдайда  мүкпен шатыстыратын қынаның өзгешелігі сол — оның жапырақтары болмайды. Сондай-ақ олардың түсі жөнінен де айырмашылығы бар:  мүк әманда жасыл болады, ал қына, сұр, жасылдау сұр, қоңыр, тіпті қара, қызыл, сары, ақ та болып келеді.

Ол күй талғамайды, сондықтан жалаңаш тасқа да, сусыз шөлге де, суық тундраға да өседі. Қына бойындағы барлық судан айырылып, қурап қалуы мүмкін, бірақ ол ылғалданса одан әрі өсіп-өніп кете береді.

Ғалымдар қынаның басқа өсімдіктерден айырмашылығын анықтады, яғни ол жалғыз емес, бірге өсіп-өнетін екі өсімдіктен —  саңырауқұлақ пен балдырдан тұрады екен. Балдырлар қоректік заттарды ауадан алады, ал саңырауқұлақтар су мен минералдық заттарды тау жыныстарын өзі бөліп тұратын қышқылдармен еріту арқылы алады.

Міне, сондықтан да қына жалаңаш таста да өсіп-өне береді.

Қына, әсіресе, ягель — солтүстік бұғыларының негізгі азығы.

Ұрпақ

Біздің ғасыр

Біз — қоғамның, жаңа ғасырдың ұрпағымыз. Күнделікті өмірдегі ақпарат хабарларымен жарақтанып, техниканы меңгере отырып, болашақтың кірпішін қалауға өз үлесімізді қосуға даярланып жатқан ұрпақпыз.

Ұлы Абай:

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан, — дегенде, бізге халықтың баласы болуды тапсырған.

Нәресте дүниеге шыр етіп келгенде ата-ананың аялы алақанын тұңғыш сезеді. Күннің сәулесі секілді ата-ана өз нәрестесін сылап-сипап бағып күтеді. Бала мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындағаннан бастап, ел қамқоры болуға тәрбиеленеді. Мектептегі түрлі пәндерден тәлім-тәрбие ала отырып, бала болашақтың сара жолын таңдайды. Әртүрлі мамандықты таңдай отырып, халықтың баласына айналады.

Ғылымды үйреніп, оны өмірге қолданбаған адам егінін айдап, дәнін сеппеген адамға ұқсайды. Ғылым өмірге қызмет етеді, сондықтан халқымыздың әрбір адамы елдің, халықтың адамы болып, адал қызметін жұртына арнайды. Абай: «Адам баласының ең жаманы — талапсыздық», — деп, бізге талаптану адам баласы болудың бір шарты екендігін өзінің ойшылдығымен насихаттаған.

Менің ойымша, мен және менің замандастарым тиянақты білім ала отырып, сол білімді халық үшін жұмсауға, адамның баласы болуға тәрбиеленуіміз керек.

Хадиша ЖАРЫЛҚАСЫН,

№32 мектеп-гимназияның

7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Қыс

Аяз және туған күн

Қыс, мен үшін, жылдың ең тамаша мезгілі. Мен қыс айын өте жақсы әсермен қарсы аламын.

Қыста мұз әбден қатады, ал бізге шанамен сырғанауға мүмкіндік туады. Тереземізге аяз әсем сурет салады.

Адамдарға қыс қанша суық болса да, маған өте ыстық болуының себебі, қыста апамның туған күні келеді. Ең қуаныштысы да, маңыздысы да — осы. Туыстарымның, достарымның ыстық лебіздері мен тілектері қыстың тамаша мезгіл екенін тағы да есіме салады.

Маған, міне, осылайша қыс ұнайды. Мен енді көп ұзамай ең жақсы көретін мезгілім — қыспен қоштасатыныма өкініп отырмын. Жарайды, тағы да қыс келеді ғой деп өзімді жұбатамын…

Индира ЕРНАЗАРОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің

5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Санамақ

Бір дегенім — бөлшек,

Математикалық есеп.

Екі дегенім — есік,

Әп-әдемі бесік.

Үш дегенім — үкі,

Бір аң бар, ол — түлкі.

Төрт дегенім — таяқ,

Дене, қол мен аяқ.

Бес дегенім — балық,

Батыр және алып.

Алты деген — Атлант,

Тұрады ол жарқырап.

Жеті дегенім — Жер,

Төстік деген ер.

Сегіз дегенім — Солтүстік,

Батыс, Шығыс, Оңтүстік.

Тоғыз дегенім — тас,

Біз жейтін ас.

Он дегенім — оймақ,

Өзеннен өттім бойлап.

Айгерім ИБРАШЕВА,

Мұғалжар орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Астана

Астана — жырым менің,

Астана — гүлім менің.

Сұлу қала Астана,

Елімізге бас қала.

Данара УАЛИЕВА,

№ 5 орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Менің атам

Атам менің әлі де

Ұқсамайды кәріге.

Бар білгенін айтады

Үлкен-кіші бәріне.

Құнанбай САПАРБАЕВ,

А.Жұбанов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button