Спорт

Галиб жүлдесіне арналған турнир

Жерлестеріміздің мерейі үстем болды

Сенбі күні Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан 2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Жафаровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің финалдық жекпе-жектері өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан жастар құрамалары келді. Жарысқа барлығы 44 боксшы қатысты. Ұйымдастырушылар — облыстық спорт және туризм басқармасы мен ҚР әуесқой бокс федерациясы бірлестігі. Турнирдің бас демеушісі — Ақтөбе облыстық әуесқой бокс федерациясы.

Бұл үлкен шараның мақсаты жөнінде Галибтің жеке жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Әлімбек Балмағамбетов былай дейді:

Биылғы 2-11 наурыз аралығында Тегеранда жастар арасында Азия чемпионаты өтеді. Біздің боксшыларымыз осы жарысқа үлкен әзірлікпен баруы тиіс. Галиб Жафаров жүлдесіне арналған турнир, бір жағынан, сол әзірліктің бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Яғни, біздікі — жастарымыз өз күштерін тағы бір сынап көріп, сол арқылы тиісті қорытындылар шығарады деген ой.

Галиб — Ақтөбе бокс мектебінің даңқын әлемге жайған тұлға. Енді оның жолын жалғастыратын ізбасарларын тәрбиелеуіміз керек. Талантты жастар бізде бар. Солардың ізденуіне, шыңдалуына, танылуына осындай турнирлердің үлкен әсері болады. Екінші жағынан, осыны ойладық.

Ақтөбеліктер жас боксшылар арасындағы жекпе-жектерді үш күн бойы — 18,19 және 20 ақпан күндері — тамашалады. 20 ақпан күні Қазақстан мен Өзбекстен боксшылары арасында өткен финалдық жекпе-жектерде барлық салмақ дәрежесі бойынша өз отандастарымыздың бағы жанып, нәтижесінде Қазақстан құрамасы бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші орында — Өзбекстан құрамасы, ал үшінші орынды Қырғызстан құрамасы иемденді.

Жеңімпаздар арасында төрт ақтөбелік бар: Нұрбол Қалжанов (54 кг); Мақсат Жүнісов (57 кг); Камран Шахсуварлы (75 кг) және Артур Елубаев (91-ден жоғары).

Бұлардың арасында Мақсат Жүнісов (54 кг) турнирдің ең үздік боксшысы ретінде танылды.

Жарыстың жабылу салтанатындағы ең толқулы сәттердің бірі 2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Жафаровтың өз былғары қолғабын осы турнирдің 57 кг салмақ дәрежесіндегі жеңімпазы Мақсат Жүнісовке табыстауы болды. Әрине, естеріңізде болар, Галиб бірнеше жыл бойы байрақты бәйгелерде нақ осы салмақ дәрежесінде еліміздің намысын қорғаған болатын. Ал Галибтің жеке жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов Мақсат Жүнісовтің жаттықтырушысы Ғалымжан Құрымбаевқа өз батасын берді.

— Бұл жарыс биік деңгейде өтті деп ойлаймын. Біздің жерлестеріміз тамаша өнер көрсетті. Осы жастардың арасынан болашақта әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері шығады деп үміттенемін, — дейді Әлімбек Балмағамбетов.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button