Денсаулық

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа не береді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі — халықтың денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе.  Бұл жүйе  Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді.

Бүгінгі таңда көптеген дамыған елдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесін таңдаған. Атап айтсақ, қоғамдық әлеуметтік сақтандыру Германия, Франция, АҚШ, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропа елдерінде, яғни барлығы 30 елде жұмыс істейді және онысы нәтижелі де. Еліміз озық елдердің тәжірибелерін ескере келе, 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын, ҚР Конституциясының 29-бабында көрсетілген азаматтардың құқығын ескеріп, Елбасының «100 нақты қадам» институционалдық реформасының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін  енгізуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа не береді? Қарап отырсақ,  бүгінгі таңда азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтаудағы ортақ жауапкершілік жоқ. Азаматтардың денсаулығының  жауапкершілігі тек мемлекеттің еншісінде, ал азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі тиісті деңгейде қалыптаспаған  (уақтылы диспансерлеуден өту, сауықтыру шараларына қатысу, зиянды әдеттерден арылу, т.б.) Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық жағдайы тұрақсыз. Мемлекеттің денсаулық саласына жұмсайтын қаржы көлемінің өсуіне қарамастан, тұрғындардың күн санап өсіп келе жатқан медициналық қызметтерге деген қажеттілігін жаба алмай отыр. Неліктен? Себебі туу деңгейі өсіп, адамдардың  өмір сүру ұзақтығы артып жатыр. Бұған қоса  созылмалы, инфекциялық емес ауруларға шалдыққан науқастардың да саны  ұлғаюда,  инновациялық технологиялар қарқынды енгізілуде, ал бұл өз кезегінде үлкен шығындарды талап етеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсету барысындағы медициналық қызмет сапасының төмендігінен стационарлық көмек шығындары жоғары болып отыр. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына кететін қаржының 51%-ы стационарлық көмекке жұмсалып отыр. Ал бұл көрсеткіш экономикасы дамыған елдерде 34%-ды құрайды. Елімізде мемлекеттік сақтандыру жүйесін енгізе отырып, азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекетке жүктеледі. Қаржы шығындары да ортақ жауапкершілік қағидатымен, «мұқтаждығы аз адамдар көмекке зәру адамдарға төлейді» қағидатымен бөлінеді. Ортақ жауапкершілік қағидаты барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Әрбір азамат өзі емделетін медициналық жеке немесе мемлекеттік ұйымды таңдай алады. Ауруханалар мен емханалар пациент үшін бәсекеге түсіп, медициналық қызмет сапасы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеруге мүдделі болады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, медициналық көмектің ұлғайып жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Жалпы тәжірибе дәрігерлерінің саны 1,8 көбейіп, әрбір дәрігердің жүктемесін 1500 адамға төмендетуге мүмкіндік береді (қазір әрбір жалпы тәжірибе дәрігеріне 2140 адамнан келеді). Бұл өз кезегінде ұзын сонар кезектерді азайтып, науқастарды қабылдау мен емдеу сапасын арттырады.

Бұл жүйе  денсаулық сақтау саласына 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізіледі. Медициналық сақтандыру қоры  құрылып, оған 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап  жұмыс беруші жеке кәсіпкерлер ақша аудара бастайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет және  өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (таксист, құрылысшы, т.б.) қорға ақша аударады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылар аударады. Азаматтар  өз  мәртебесін  тұрғылықты  жердегі  емхананың тіркеу бөліміне  келіп  анықтауына  болады.

Бұл жүйе бойынша медициналық қызмет екі пакет арқылы көрсетіледі. Біріншісі базалық пакет, оның құрамына жедел жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде (онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті, т.б.) және шұғыл түрде көрсетілетін медициналық көмек, амбулаторлық-емханалық көмек және профилактикалық екпелер кіреді. Ал екіншісі — әлеуметтік пакет. Оның құрамына  алғашқы медициналық санитарлық көмек-амбулаторлық және күндізгі стационар жағдайында профилактика, диагностика, ауруларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық амалдар және  т.б. тегін қызметтер кіреді.

 

А.ЖАҢАБАЕВ,

Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button