Білім

Колледж мұражайы — тағылым орталығы

Елбасы тапсырмасына сәйкес білікті жұмысшы кадрларын даярлауда жетпіс жылдық тарихы бар Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің ұжымы бірқатар оңды жұмыстар атқарып келеді.

Жақында жетпіс жылдық тарихтың шежіресін жинақтаған мұражайдың ашылуы бұл оқу орнының әр кезеңдердегі қадамдарын тануға мүмкіндік беріп отыр. Мұражайдың ресми ашылуына өңірге іссапармен келген ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР ректорлар кеңесінің төрағасы Тілектес Есполовтың қатысуы біз үшін бір мәртебе болды. Ол осында болған кезінде Елбасымыздың білікті жұмысшы мамандар даярлауға айрықша көңіл бөлген, кәсіптік білімнің өрісін кеңейтетін «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» бағдарламасының жүзеге асырылуы арқылы ел экономикасына серпін беретін жастар легі өндіріске қосылатынын және жұмыспен қамту мәселесінің шешілетінін атап өтіп, колледжде кәсіпке баулудың алғашқы сатысынан өткен түлектерді өзі басқаратын аграрлық университетке оқуға шақырды.

Мамандығы тарихшы, колледждің директоры, кәсіптік білім беру саласының үздігі Жанкелді Қалқаман мұражайдың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына тікелей басшылық жасады.

Мұражай жетпіс жылдық тарихты, жетістіктерді көрсетумен қатар, колледжде берілетін мамандықтарды насихаттауды да ескеріп, арнаулы шкафтарға әр мамандықтың құрал-саймандары, жабдықтары орналастырылды.

Колледждің алғашқы құрылған кезінен бастап тарихы, алғашқы директоры Мұқаш Кенбаев туралы стенд, өткен күндер іздері бір бөлімде жинақталған. «Ұстаз деген — ұлы есім» атты альбом да келушілерге көп сыр шертеді.

«Тіл, тарих және салт-дәстүр» бұрышы жас буынды халқымыздың жәдігерлерін құрметтеуге, танып-білуге бағыттайды. Сондай-ақ колледж жастарының спорттағы жетістіктері, басқа да конкурс-бәйгелердегі табыстары өз алдына бір бөлімді құрайды.

Мұражайға келушілерге үш тілде таныстырылым жасаушы ұстаздар, студенттер белгіленген.

 Клара ӘЛІШЕВА,

Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің ардагер-ұстазы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button