Білім

Әртүрлі түске бояйды

Ақтөбелік архитекторлар облыста салынып жатқан мектептердің сыртқы мен ішкі келбеттерін өзгертпек. Бұл туралы жұма күні облыстық әкімдікте өткен қала құрылысы кеңесінде айтылды

Облыс әкімінен үнемі сын-ескертпе естіп жүретін сәулетшілер мен жобалаушылар бас қосты. Жиналыстың мақсаты — қала құрылысы кеңесі жанынан сараптамалық комиссия құру. Оның құрамына архитекторлар, жобалаушы мамандар, дизайнер-суретшілер, мердігерлер кірді. Ал комиссияның төрағасы болып облыстық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Серік Төленбергенов бекітілді. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында 22 мектептің құрылысы жүруде. Сондай-ақ, 41 мектептің жобасы әзірленіп жатыр.

Жиында мектептердің сыртқы мен ішкі келбеттері жөнінде сөз қозғалды.

— Қазір мектепке деген көзқарасымызды өзгерту керек. Бұрынғыдай сұр түске бояуды доғару қажет. Ендігәрі мектептің сыртқы мен ішкі келбетіне мән беретін боламыз. Жуырда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақтөбеден Орынборға делегация барып келді. Ондағы мектептердің әр қабаты, әр кабинетінің өзіндік ерекшелігі бар, — деді облыстық сәулет басқармасының архитекторы Ербол Кенжалы.

Осылайша, бас сәулетші ақтөбелік мамандарды орынборлық дизайнерлерден кем болмауға шақырды.

Ал архитекторлар жоба құруға тым аз уақыт берілетіндігін тілге тиек етті.

— Адам қысқа уақыттың ішінде әдемі жоба шығара алмайды. Шығармашылық уақытты қажет етеді. Кешкісін тапсырма береді де, соны таңертеңге дейін дайындауымыз керек. Үлгермей қалып жатамыз, — деді Дәметкен Жалғасова.

Бұған Серік Төленбергенов тапсырманы бірте-бірте орындауға кеңес берді.

— Алдымен бірінші қабаттың эскизін мердігерге беріңіз. Бір аптадан кейін екінші қабаттың жобасын дайындаңыз, — деді ол.

Дизайнер-суретшілер түс таңдауда сақ болу қажеттігін айтты. Олардың айтуынша, кейбір түстер адамның психикасына кері әсер етуі мүмкін.

Жиын соңында Серік Төленбергенов сараптамалық комиссияға бір аптаның ішінде мектептердің жаңа дизайнын жасауға тапсырма берді.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button