Ауыл

Қожалық қой тұқымын асылдандырады

Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылдық округінің Қияқты ауылындағы «Әділ» шаруа қожалығы биылғы жылдан бастап еділбай қойын асылдандыруды қолға алмақ.

Шаруа қожалығының басшысы Берік Аяповтың айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықта 600 аналық қой, 100 тоқты, 20 қошқар, сондай-ақ  200-ден астам қазақтың ақбас сиыры мен

200 мұғалжар жылқысы бар.

— Біздің шаруашылық 2013 жылдың күзінде ашылды. Қазір қожалықта мал дәрігері мен іс басқарушы, төрт жұмысшы, сондай-ақ төрт малшы отбасымен жұмыс жасайды. Биыл ауыл шаруашылығы мамандары қожалықтағы қойдың салмағы мен бойын тексеріп, тұқымын зерттеп, асылдандыруға болатынын айтты. Енді жаздан бастап еділбай қойын көбейтіп, асылдандыруды қолға аламыз. Қазір қожалықтағы жұмысшылар осы бағытта еңбектеніп жатыр. Сонымен қатар асыл тұқымды малдың жем-шөбін дайындау үшін алдағы уақытта егін егуді жоспарлап отырмыз. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен егіндік жер сұрап отырмын. Олар біз сияқты шаруашылықтарға әрдайым қолдау көрсетеді, — дейді Берік Аяпов.

Шаруашылық басшысының айтуынша, бүгінде қожалық меншігінде 3500 гектар жайылымдық, шабындық жер бар. Егер егін салуға жер алса, алдағы уақытта арпа, еркекшөп егеді. Өткен жылы шаруашылық техникаларын жаңалаған. Қазір қожалықта 3 трактор, 2 шөп шабатын машина, бір бульдозер, бір сыққыш бар.

Жаз айларында мал азығын дайындауға қосымша механизаторлар аламыз. Малдың жем-шөбі молырақ болғанын дұрыс қой. Биыл да осы бағыттағы жұмыстарды мейлінше ерте бастауға тырысамыз. Себебі қой басын асылдандырсақ, мал азығы жақсы болу керек, — дейді шаруа.

Берік Аяпов 2015 жылы «Құлан» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 15 миллион теңге несие алып, 37 жылқы, 4 айғыр сатып алған. Бүгінде оның саны 200-ден асады.

Бүгінгі күні облыста асыл тұқымды мұғалжар жылқысын өсіріп жатқандар аз емес. Бұл тұқым етті, қысқа төзімді болып келеді. Биыл қыста жылқылардың кейбіреулерін қолда ұстап бақтық. Көбісі далада жүрді, — дейді ол.

Шаруа қожалығының басшысы өткен жылы қой басына — 1500, ақбас сиыр тұқымына 154 мың теңгеден субсидия алған. Биылғы жылы мұғалжар жылқысына да субсидия алуға ынталанып отыр.

Қазір шаруашылықтар мемлекеттен берілетін субсидияға жыл сайын мал азығын әзірлеп, қажетті техникаларын сатып алады. Бұл — біз сияқты шаруаларға үлкен қолдау. Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламардың арқасында қазір ауылдағы шаруалар өз кәсібін дамытып, мол өнім алып отыр, — дейді шаруашылық басшысы.

Берік Аяпов өзі облыс орталығында тұрғанмен ауылдағы шаруашылықтың жайын жақсы біледі. Ол бұрын осы Қияқты ауылында тұрыпты. Қазір оның жеке кәсібі бар.

Бүгінгі күні жеке фура жүк көлігімен  Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның басқа облыстарынан көкөніс түрлерін тасымалдаумен айналысамыз. Қазір қарамағымда 8 жүргізуші жұмыс істейді. Олар жүк көліктерімен Ақтөбедегі 41-разъездегі қоймаларға, сауда орындарына көкөніс түрлерін  тасиды, — дейді ол.

Ауылдағы шаруашылық пен қаладағы жеке кәсібін тең ұстап отырған Берік Аяповтың алға қойған жоспарлары әлі көп. Еңбекқор азаматтың жаңа бастамаларына біз де табыстар тіледік.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button