Ауыл

«Цех жанынан асхана ашқым келеді…»

Байғанин ауданының тұрғыны Есет Абдоллаев биыл қаңтар айында аудан орталығынан тұшпара цехын ашты.

Қазір тұшпара цехында сиыр, жылқы етінен жасалған жартылай дайындалған өнімдер — қазы-қарта, тартылған ет, тушенка, тұшпара, манты, тефтели, котлет, бұршақ ет  сатылады. Бағасы қолжетімді, таза.

  • 2015 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының арқасында

мемлекеттен 2 миллион теңге грант ұтып алғанмын. Сол қаржыға тұшпара шығаратын арнайы құрылғы сатып алдық. Кейін аудан орталығы Қарауылкелдіден жер алып, өз қаржымызға тұшпара цехын салдық. Қазір цех жұмыс жасап тұр. Үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Цехтың алдыңғы бөлігінде шағын дүкен бар. Онда цехта өндірілген өнімдерімізді сатамыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта цехтың екінші бөлігінен асхана ашу ойымызда бар. Бірақ оған тұрмыстық заттар мен жиһаздар алу керек. Ал оның бәріне қаржы керек, — дейді Есет.

Есет бұл кәсіпті отбасылық бизнес ретінде ашқанын айтады. Цех жұмысына кейде  анасы Мира көмектеседі. Қазір ол асхана ашу үшін қаражат жинап жатыр.

  • Асхана ашудағы басты мақсат — жолаушыларға, сондай-ақ аудан тұрғындарына дәмді, таза тағамдар дайындап, қызмет ету. Қазір аудан орталықтарында бизнес саласы жақсы дамып келеді. Әсіресе, бүгінгі күні аудандарда мейрамхана, дәмхана, наубайхана ашып жатқандар аз емес. Бұның бәрі халық игілігі үшін жасалып жатыр, — дейді ол.

Есет  сиыр, жылқы етін аудандағы шаруашылықтар мен тұрғындардан тиімді бағамен сатып алатынын айтады. Кейін етті цехқа әкеліп, арнайы құрылғыдан өткізіп тұшпара, басқа да өнімдерді дайындайды. Сөйтіп, жартылай дайындалған өнімді дүкенге қойып сатады.

  • Дүкенде өкпе, бауырдан жасалған өнімдерді, сондай-ақ сорпа жинағын да сатамыз. Бағасы тұтынушылар үшін қолжетімді. Ауылдың өнімі таза әрі сапалы. Сондықтан көпшілік біздің өнімді алып, мақтап жатады. Ең бастысы, цех ойдағыдай жұмыс жасап тұр, — дейді Есеттің анасы Мира Лекерова.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button