Ауыл

Бақытжанның бөденелері

Бүгінде облысымызда бөдене өсіру ісі дамып келеді. Әсіресе ауылдық жерлерде бөдене өсірумен айналысатындар көп. Солардың бірі — әйтекебилік Бақытжан Тайгелдин. Ол өткен жылы 200-ге жуық бөдене өсірген. Қазір оның ауласында 120 шақтысы ғана қалыпты.

Өткен жылы жақсы араласатын таныс жігіттер Орск қаласынан 30 шақты бөдене әкеліп, сыйға тартқан. Содан оның санын көбейтуге бел будым. Күзге дейін жұмыртқа бастырып, бөдененің санын 250-ге дейін жеткіздім. Алайда қыста оның барлығын өсіру қиын болған соң күзде сойып, жедік, ағайын-туыстарға үлестірдік. Қазір отбасымызбен таңертең бөдененің жұмыртқасын жеуді әдетке айналдырдық. Бөдене жұмыртқасы кішкентай болғанымен дәруменге бай екен. Әсіресе аллергиясы бар адамдарға пайдасы зор. Сондай-ақ иммунитетті күшейтеді, бүйрек, өкпе, асқазан, ішек ауруларына да ем, — дейді шаруа.

Бақытжан бөдене жұмыртқасын шикілей таңғы астан 20-30 минут бұрын ішу ағзаға өте пайдалы екенін айтады.

  • Бөденені негізі мен тек отбасым үшін ғана өсіріп жатырмын. Еті мен жұмыртқасын тағам ретінде пайдаланамыз. Әзірге сауда орындарына апарып сатқан жоқпын. Бірақ алдағы уақытта бөдененің санын 3 мыңға дейін жеткізіп, осы ауылдан ферма ашқым келеді. Алайда оған ең алдымен жер, сондай-ақ жемшөп сақтайтын орын керек. Ал бөденені өсіру аса күрделі жұмыс емес. Тек оған шыдамдылық пен уақыт керек. Отбасылық бизнес ретінде осы кәсіпті дамыту ойымда бар, — дейді Б.Тайгелдин.

Шаруаның бөденені әбден зерттегені байқалады. Оның айтуынша, бөденені өсіруге арналған орынның температурасы 18-20 градус аралығында болуы қажет. Ал оның жемі дәрумендерге толы дәндік бидайдан, минералдардан  құралуы тиіс.

Қазір бөденелерді ауладағы қорамның бір бөлігіне ұстап отырмын. Соншалықты көп орын алмайды. Ең бастысы, қора жылы болу керек. Егер бөдене өсіретін орын бір температурада болмаса, сондай-ақ оларды 8 сағат қараңғы жерде ұстамаса, олар жұмыртқаламайды. Егер олардың тамағы жақсы болса күн сайын жұмыртқалай береді, — дейді шаруа.

Біздің дерек

* Бөдененің жұмыртқасында  тауық жұмыртқасына қарағанда А және Д дәрумендері екі есе көп. Ал В тобындағы дәрумендер алты есе, фосфор, калий және темір төрт-бес есе жоғары.

*Бұл диеталық өнімде мыс, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы да мол. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Бұл ғалымдарды әлі күнге дейін қайран қалдыруда.

*Өнімнің ең басты ерекшелігі — өз қасиетін жоймай ұзақ сақталуында. Бөдене жұмыртқасы бөлме температурасында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақталады.

Бақытжан Тайгелдин қазір бөдененің жемін Орынбор облысынан алдырады. Бір қабы — 7800 теңге. Ал бір қап жем бір айға да жетпейді.

  • Бөдененің арнайы жемі таусылғанда тары қосып береміз. Олар одан басқа тамақты ішпейді. Биыл жазда ауламдағы инкубаторға жұмыртқа салып бөдененің санын 300-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмын. Бөдене — өте өсімтал құс. Инкубаторға салған жұмыртқа 20-25 күнде балапанға айналады. Бір жақсысы, ол көп күтімді қажет етпейді. Жемі мен суын, дәруменін күніне үш мезгіл үзбей берсең тез жетіледі, — дейді шаруа.

Бақытжан Тайгелдин бөдене өсіруден басқа құрылыс саласында да жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ол биылғы жылдан бастап егін шаруашылығын да қолға алмақшы. Қазір оның 200 гектарға жуық егіндік жері бар. Болашақта тағы да ауыл маңынан жер алып егін екпек.

  • Алға қойған жоспар көп. Ол үшін қаржы, одан кейін уақыт керек. Еңбектенген адамға жұмыс көп. Ал жұмыс жасаған адам еңбегінің берекесін көреді. Сол арқылы өз биігіне жетеді. Мен осыны әркез балаларыма айтып отырамын, — дейді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button