«Ақтөбе — құтты мекен»

Қазақстан химия өнеркәсібінің тұңғышы

Кеңес өкіметі жылдарында С.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Ақтөбе химия зауыты Қазақстандағы химия өнеркәсібінің тұңғышы болды.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары зерттеуші-инженерлер Востоков пен Востницкий Ақтөбе маңайындағы фосфор кен орындарын игеру Орта Азияның мақта шаруашылықтары үшін аса тиімді әрі пайдалы екендігін дәлелдеді. Ал минералдық шикізаттардың геологиялық қорын зерттеумен академик А.Архангельский басқарған ғылыми экспедиция айналысты. Жұрын мен Қандыағаш өңірлеріндегі барлау жұмыстары фосфорит кеніқорының мөлшері 325 миллион тонна деп болжанды.

1929 жылғы 3 маусымда РСФСР Халық Шаруашылығы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Ақтөбе фосфоритін өндіру жайлы қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде ВКП (б) Орталық Комитеті сол жылы 8 тамызда жергілікті фосфорит кенін игеру үшін Ақтөбе фосфорит тыңайтқышы  зауытының құрылысын бастау жөнінде шешім алды. Құрылыс орны болып алғашында 47-ші разъезд белгіленген-ді, бірақ ол жерде су қорының  аздығына байланысты 1930 жылы құрылыс орны кейінгі тұрған орнына көшірілді. Сол жылы көктемде құрылыс жүргізетін «Актюбстрой» кеңсесі құрылды, оның басқарушысы Иван Мухоперец болды. Зауыт құрылысы мен өнім өндіру қатар жүргізілді, бор тас өндіретін карьер ашылды, кірпіш зауыты  менәк тас күйдіру пеші салынды. 1930 жылы 7 тамызда Мәскеу түбіндегі зауыттарға Ақтөбе жерінен алғашқы он вагон фосфорит жөнелтілді.

Зауыттың іргетасы қаланған жылдары сол кездегі жағдайларға байланысты көптеген қиындықтар да  кездесті: мамандар, әсіресе тас қалаушылар, ағаш шеберлері, жер қазатын жұмысшылар жетіспеді, ауыр жұмыстар қолдап атқарылды, құрылыс материалдары алыс жерлерден ат, түйемен жеткізілді. Дегенмен, құрылыс басшылығының жәнепартия ұйымдарының жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жұмысшылардың белсенділігі артты. Жергілікті тұрғындардан мамандар даярлайтын курстар ұйымдастырылды. 100 тас қалаушы мен 100 сылақшы Ақтөбеден даярланды, 1455 маман жұмысшылар республикадан тыс жерлерден әкелінді. Өз ісін білетін маман жұмысшылардыңкелуі құрылыстың тез және тиімді жүргізілуіне ықпал етті. Құрылыс материалы андезит кідіріспен жеткізіліп, соның салдарынан жұмыс жиі тоқтап қалатын, маман құрылысшылар қышқылға төзімділігі жөнінен  андезиттен де жоғары жергілікті материал — Мұғалжар кварцитін пайдаланды. «За индустриализацию» газеті 1931 жылғы 15 тамыздағы санында комбинат құрылысшыларының еңбегіне жоғары баға бере  келіп, «еліміздің барлық құрылысшыларыақтөбелік жолдастардың үлгісінен үйренулері қажет» — деп жазды.

Дегенмен, механикаландыру деңгейінің төмендігінен құрылыс жұмыстары алғашқы жылдары нашар жүргізілді. Қазақ өлкелік  партия комитеті 1932 жылғы 31 мамырда Ақтөбе химия комбинаты құрылысының жүргізілу барысын тексерудің қорытындылары бойынша шешім қабылдап, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау үшін облыстық партия комитеті мен «Актюбхимстройдың» партия ұйымына ұйымдық-партиялық және көпшілік-үгіт жұмыстарын түбірімен қайта қарауды тапсырды. Осы шешімінен кейін құрылыс жұмысы жандана бастады, жұмысшылар арасында комбинатты тез іске қосу үшін жарыс өрістеді. Архивте сақталған төмендегі  мәліметтер аға буын өкілдерінің жанқиярлық еңбектерін айғақтаса керек: 1932 жылы Қадырқұлов, Яров, Гренев, Дворяниновтар басқаратын жер қазушылар, тас қалаушылар бригадалары айлық тапсырмаларын 160-190 пайызға орындап отырған.

Комбинаттың өркендеуімен бірге тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да жақсара бастады. «Актюбинская правда» газеті 1932 жылғы 29 наурыздағы санында «Зауыт құрылысының өрістетілуімен бірге жұмысшылар қалашығы тұрғызылады. 1932 жылы 3 үлкен үй, клуб, театр, мектеп, универмаг салынады. Аурухана қалашығының құрылысы басталды. Қалашықта аурухана, медицина қызметкерлері үшін үйлер, асүй, монша, кір жуу пункті болады» деп жазды. 1934 жылы Алға жұмысшы поселкесіне айналды. 1934 жылдың басында жылу электр станциясының бірінші кезегі іске қосылды. Сол жылдың қараша айында күкірт қышқылы цехының алғашқы 110 тонна өнімі  кеңестік металлургияның тұңғышы — Магнитогорск металлургия комбинатына жөнелтілді.

1935 жылы қаңтарда комбинатқа С.Киров есімі берілді. 1935 жылғы 7 қараша, яғни Кеңестер Одағының басты мерекесі қарсаңында преципитатцехы іске қосылды. Осы құнарлы тыңайтқышты өндіру жөніненАқтөбе химия комбинаты бұрыннан келе жатқан Воскресенск зауытын артта қалдырды.1936 жылдың басында,орташа есеппен, тәулігіне 20 тонна өнім өндірілді. Сол кезден бастап комбинат толық технологиялық  жүйемен жұмыс істей бастады. Преципитат пен күкірт қышқылынан басқа да өнімдер алынды.

1936 жылы комбинатта 1300 адам жұмыс жасады, олардың арасында жергілікті ұлт өкілдерінің саны өсті. 1934 жылы қазақтар барлық жұмысшылардың 41 пайызы болса, 1936 жылы 60 пайызға жетті.  Байғазы Мәкенов — комбинаттың іргетасы қаланған кезде еңбек жолын жұмысшы болып бастағандардың бірі еді. Жігерлі жас комбинаттың комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланды, кейін зауыт директорының орынбасары, Алға қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. Көбенов, Назаров, Қарасаев, Қосамановтар өз ісінің нағыз мамандары болды. Соғысқа дейінгі бесжылдықтар тұсында Ақтөбе химиктері арасында екпінділік пен өнертапқыштық, жаңашылдық, сол дәуірдегі еңбек өнімділігін арттыру ұраны —стахановтық  қозғалыс кең өріс алды. Комбинаттың «Красный химик» газеті 1935 жылғы 13-санында  Воскресенск зауыты стахановшыларының тәжірибесін өндіріске енгізу қажеттігі жөнінде  жазған. Күкірт қышқылы цехының стахановшылары өндірістің жаңа тәсілдерін игеру арқылы өнім өндіруді 1936 жылы наурызда 513 мың тоннаға жеткізді, 1935 жылғы қарашада бұл көрсеткіш 332 мың тонна еді.

ВКП (б)-ның  XVIII съезінде: «Химия өнеркәсібі халық шаруашылығы мен елдің қорғаныс қажеттерін толық қанағаттандыратын жетекші өнеркәсіп салаларының біріне айналдырылсын. Үшінші бесжылдық — химия бесжылдығы» деп атап көрсетілді. Бесжылдық жоспар бойынша тыңайтқыш өндіруді арттыру — химия өнеркәсібінің негізгі міндеті деп көрсетілді.  Жоспарда Ақтөбеден өндірілетін преципитат  тыңайтқышының көлемін 75 мың тоннаға жеткізу  көзделді. Орталықтың қолдауының арқасында Ақтөбе химия комбинаты біршама өндірістік көрсеткіштерге  қол жеткізді. КСРО Химия өнеркәсібі Халық Комиссариатының 1939 жылғы 27 ақпандағы №22 бұйрығымен құрылған комиссия комбинатты толық қуатында  пайдалануға беруге болады деп шешті.

Ол кезде Ақтөбе химия комбинаты КСРО-дағы фосфор өндіретін екі зауыттың бірі, ал облыстағы жалғыз ғана ауыр өнеркәсіп кәсіпорны болды, сонымен бірге Одақтың мақта егетін аудандарын минералды тыңайтқышпен жабдықтауда аса маңызды роль атқарды.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде комбинат жұмысшы қызметкерлерінің жартысынан астамы, олардың ішінде партия бюросының 7 мүшесінің 4-еуі майданға аттанды. Олардың орындарын фашистік басқыншылар басып алған аймақтардан көшірілген қарттар мен әйелдер басты. Соғыс комбинат шығаратын өнімдер түрлерін түбірімен өзгертті. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ минералды тыңайтқыш өндіру тоқтатылды. 1942 жылы преципитат өндіру тоқтады, бұдан былай ол шығарылмайтын болды. Кәсіпорыналдына қару-жарақ, ұшақ, танк, автомобиль, кеме шығаратын өнеркәсіпті  жоғары сапалы материалдармен қамтамасыз ету міндеті қойылды. 1942 жылы бор қышқылының алғашқы партиясы өндірілді, сондай-ақ фосфор қышқылдары, күшті пиромзит, сода, тағы басқа химиялық өнімдер шығарды. Күкірт қышқылын өндірудің қарқыны арттырылды. Соғыс жылдары комбинат тері өндірісіне қажетті, металды бүлінуден қорғайтын,паровоз қазандығындағы суды жұмсартатын түрлі химиялық заттар өндіруді жолға қойды. Сталинград майданы үшін танкіге қарсы қолданатын жанғыш қоспа да өндірілді, ал жергілікті мектеп оқушылары тез арада оны құятын 7 мың шыны жинап берген.

Ауыр жылдар ер-азаматтардың жүгін арқалаған әйелдер арасынан тамаша еңбек озаттарын шығарды. Олар тәулігіне 10-12 сағат жұмыс жасады. 1943 жылы басқару жұмыстарында 20 әйел болды, оның 4-еуі — цех, 2-еуі ауысым бастығы еді. Жұмысшы әйелдер стахановтық қозғалысқа кеңінен тартылды. 1943 жылы Бойко жоспарын  — 310 пайызға, ал Сазонова, Баранчуковалар 240 пайызға орындап жүрді. Ұзақ жылдар зауыттың бас механигі болып істеген, бірнеше орденнің иегері З.Грин кейін өз естелігінде былай деп жазған: «Мен еңбек жолымды соғыс жылдарында келіп бастағанмын. 1941 жылы енді ғана аяғынантұрып келе жатқан комбинат үшін ерлердің көптеп майданға келуі өте қиынға соқты. Олардың орнын біздер, әйелдер, алмастырдық. Сол тұста еңбек еткен темір ұстасы К.Хряпичкина, кезекші С.Миняева, цех мұнарашысы Лысенко, аппаратшы Фролова, инженер-химик А.Коптевская және басқалары техника тізгінін ерлерше ұстады, бұлардың кейбірі кейін құрметті атақтарға ие болды». Солардың бірі К.Гольф кейіннен «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген химик» атағына ие болды.

Соғыс жылдары өнімдері майдан қажетіне жаратылған сода, суперфосфат және басқа бірнеше цехтар ашылды. Арнаулы құрылыс мекемелері болмағандықтан, бұл цехтардың құрылысын зауыт жұмысшылары өздері жүргізді. Көптеген жұмыстар қолмен атқарылды. Сол кездегі жас жігіттер мен қыздар — В.Петренко, Н.Таранников, Н.Викулов, К.Емуранов, М.Крайниковалараз уақытта жаңа мамандықтар игеріп, комбинат озаттарына айналды. 1942 жылғы наурыз айында №7 цехта бор қышқылының алғашқы партиясы өндірілді, ал 1943 жылдың қазан айында Қызыл Армияның сәтті шабуылы құрметіне жарияланған екпінді айлықтың қорытындысында осы цех жоспарды 102,7 пайызға орындап және жаңа өнім өндіруді игеріп, ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алды.

Дегенмен, 1942-1943 жылдары комбинат бойынша жалпы өндірістік жоспарлар орындалмады. «Химическая промышленность» журналы 1944 жылғы 1-санында Ақтөбе химия комбинатының 1943 жылы жоспарды орындамағандығын, оның себебі зауыт әкімшілігінің кәсіпорын жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауы, цехтардағы техникалық режимнің жиі бұзылуы, құрал-жабдықтардың дер кезінде жөндеуден өтпеуі екендігін атап көрсетті. Шынында да, қажетті құралдар, қосалқы бөлшектер, металл жетіспеді. Соның өзінде өнегелі бастама көтеру, ізденістер нәтижесінде комбинат ұжымы жеңіске үлес қосуға, үкімет тапсырмасын орындауға бар күштерін салды.

1945 жылы комбинатта 1345 адам жұмыс жасады, оның 651-і әйелдер еді. 153инженер-техник болды.Майдандағы жауынгерлердің ерлік істері олардың да жеңіске үлес қосуға деген құлшыныстарын арттырды. Сол жылы комбинатта 27 комсомол-жастар бригадасы жұмыс жасады. Соғыс жылдары тиімділігі 38078 сом болатын 37 ұсыныс енгізілді. Сол бір қиын кезеңдер жан-жақты шыңдалған тамаша кадрларды өсіріп шығарды. Солардың бірі — Иван Тананайскийдің есімі аға буын ақтөбеліктерге жақсы таныс, ол 1930-жылдары комбинаттың іргетасын қалағандар қатарында болған еді. Комбинат комсомолдарының жетекшісі болды, соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанды. Ақтөбеде жасақталған 312-ші дивизия құрамында ұрысқа араласып, ауыр жараланды. Елге оралған соң, көп жылдар бойы жауапты партиялық қызметтер атқарды.

Соғыстан кейінгі жылдары комбинатта 233 Ұлы Отан соғысының ардагері еңбек етті. Олардың 15-і — «Отан соғысы», 50-і — «Қызыл Жұлдыз», 14-і түрлі дәрежедегі«Даңқ» орденімен наградталғандар еді. В.Дейко — жауынгерлік «Қызыл ту», П.Башуев Ленин орденінің иегері болды.

Ақтөбе химия комбинатының ерлікке толы шежірелі беттерінің бірі —ел басына қара бұлт төнген сол бір жылдары қиындыққа мойымаған, ауырпалықты қайыспай көтерген қайсар жандардың қаһармандық істері болып табылады.

 Рахымжан ӨТЕМІС,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button