Білім

Университетте ашық есік күні өтті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 11-сынып оқушыларына арналған Ашық есік күні өтті. Жиынға облыс бойынша 700-ден астам оқушы қатысты.

Мектеп бітірушілер 70 мамандық бойынша көрмені тамашалады.

Студенттер сарайында өткен жиында алдымен сөз алған университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков университет туралы әңгімеледі.

50 жылдық тарихы бар университетіміз — еліміздегі іргелі оқу орны. Биыл университеттің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылып жатыр. 500 орындық жатақхана, сондай-ақ, технопарк салынуда. Болашақта кинозал ашу жоспарда бар, — деді ректор.

Жыл сайын аталған оқу орнына үш мыңнан астам студент қабылданады. Оның мыңға жуығы — мемлекеттік білім грантының иегерлері.

Мамандық таңдау — маңызды іс. Біздің мақсат — сіздерге дұрыс бағыт, бағдар беру.  «Алтын белгі», үздік аттестат иегерлері, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлерінің Студенттер үйінде тегін тұруына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, оларға бассейнге тегін абонемент беріледі. IELTS және ТОЕFL  сертификаттары бар ағылшын тілін меңгерген студенттерге де жеңілдіктер жасалады. Оларға «Жұбанов атындағы стипендия» беруді қарастырып жатырмыз. Бірнеше мекемелермен байланыс жасап,  университет түлектерін жұмысқа орналастыру да — жоспарланған жұмыстардың бірі. Мектеп түлектері осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғаны жөн, — деп  Бауыржан Ердембеков мектеп бітірушілерге сәттілік тіледі.

Жиын барысында қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердібаев сөз алып, ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматын және қабылдау комиссиясының жұмысын таныстырды.

Жиын соңы ән мен биге ұласты. Жас әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы, музыкалық білім кафедрасының оқытушысы Марат Әйтімов, «Гүлнар» хореографиялық би тобы, студенттік оркестр өнер көрсетті.

 Сандуғаш  ДҮЙСЕНБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button