Құқық

Жолда жүру мәдениетін сақтайық!

Көлікті басқарған әр жүргізуші Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтауды міндетім деп есептесе және жолда жүру мәдениетін сақтаса адам өміріне төнер қауіпті азайтуға септігін тигізер еді.

Жол жүрісіне қатысушылардың жол жүрісі үшін қауіп туғызбайтындай және зиян келтірмейтіндей етіп іс-қимыл жасауы — қағидамен жүргізушілерге қойылатын басты талаптардың бірі.

Алайда көрсетілген талапты орындамаудың соңы зардапқа әкеліп, жауапкершілікке соқтыратынын кейбіреулер елейтін емес.

Жол-көлік оқиғаларына байланысты қозғалған әкімшілік істерді саралау барысында көлік жүргізушілерінің қарапайым жол ережелерін сақтамайтыны, соның кесірінен көліктерінің бүлінуінен өзге адам денсаулығына зиян келіп жататыны көрінеді.

Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Р-ға қатысты қаралған әкімшілік іс — соның бір дәлелі. Ол өткен жылдың соңында «Мерседес» маркалы жеңіл көлігімен реттелетін көше қиылысында жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзып, бағдаршамның тыйым салынған сигналында көше қиылысына шығып, О-ның басқаруындағы «Жедел жәрдем» көлігіне соқтығысқан. Нәтижесінде көлікпен ауруханаға жедел дәрігерлік көмек қажеттілігіне байланысты жеткізіліп келе жатқан азаматша жеңіл дене жарақатын алған. Бұл бағдаршамның сигналына бағынбағаннан болған жағдай. Сот қаулысымен құқық бұзушы 31815 теңге айыппұл төлеп, 1 жылға көлік құралдарын басқару құқынан айырылды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2015 жылы жол-көлік оқиғасы бойынша 2660 әкімшілік іс, 2016 жылы 2208 іс қаралған. Бұл аз көрсеткіш емес.

Көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану тек жүргізушінің ғана емес, сонымен бірге, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың денсаулығы мен өміріне қатысты екенін естен шығармай, адам өмірін бағалағанымыз жөн.

 Г.АТЕНОВА,

Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button