«Ақтөбе — құтты мекен»

Қиын жылдардағы жанашыр басшы

Қаһарлы 1941-дің қазан айында Ақтөбеде 101-атқыштар бригадасын құру жөнінде шешім шықты. Атқыштар бригадасы құрамына Ақтөбе, Гурьев, Орал және Қызылорда облыстарынан жастар шақырылды. Қару-жарақ, әскери киім, көлік, азық-түлік сынды қажеттіліктермен қамту түгелдей Ақтөбе облысының есебінен болуы тиіс еді.

101-атқыштар бригадасын тиісті қажеттіліктермен қамту ісін ұйымдастыру мақсатында құрылған комиссияға сол кездегі облыстық кеңестің атқару комитетінің төрағасы Нығмет Қамбаров басшылық жасапты. Аз уақыт ішінде жауынгерлерді барлық керек-жарақпен қамтамасыз ету қиынға түскен. Әсіресе, қысқы жылы тондар мен ер-тұрман қажетті мөлшерде жинала қоймапты. Дегенмен, жоғары жақтың тапсырмасы уақытында орындалған.

101-бригаданың жасақталуы

Нығмет Қамбаровтың 1975 жылғы 13 мамырда  «Лениншіл жас» газетіне жарияланған естелігінде айтылғандай: «1942 жылдың көктем-жазы колхоздар үшін өте ауыр болды: адам да, техника да жетіспеді. Бірақ, соғыс уақытының ауыртпалықтарына қарамастан, тұқым себілді. Осы қиын күндерде Ақтөбе облыстық кеңесіне Москвадан жеделхат келіп түсті: 20 мамырда Ақтөбеге Климент Ефремович Ворошилов келеді. Біз егіс алқаптарынан дереу Ақтөбеге оралдық. Ақтөбе облысының басшылығы БКП(б) ОК-нің мүшесі, Кеңес Одағының Маршалы Климент Ворошиловты әуежайда күтіп алдық. Бізбен жылы сәлемдескеннен кейін, оның бірінші сұрағы: «Егіс егу науқаны қалай жүріп жатыр? Жақсы өнім алынар ма екен?» — болды».

К.Ворошилов сол сапарында Ақтөбеде жасақталып жатқан жаңа атқыштар бригадасының жағдайымен танысып, оқу-жаттығу жұмыстарына қатысқан. Оқу-жаттығу жұмыстары Елек өзенінің жағасында өткен. Маршал жауынгерлердің әзірлігіне жоғары баға беріпті. 101-атқыштар бригадасын майданға жөнелту жөніндегі бұйрық 1942 жылдың тамыз айында келген. Ал қараша айында бригада құрамындағы жауынгерлер Ржев қаласы маңында КСРО астанасын қорғауға қатысқаны тарихтан белгілі…

Нығмет Қамбаровтың жасақтау, жабдықтау жұмыстарының басы-қасында өзі жүріп, «Жеңіспен оралыңдар!» — деген тілекпен майданға шығарып салған 101-атқыштар бригадасының жауынгерлерімен соғыс кезінде де, одан кейінгі жылдарда да үзбей хабарласып тұрғаны осы естеліктен байқалады. Ол бригада құрамында болған Шайдахмет Серғазин мен Бошай Кітапбаевтың кейіннен Социалистік Еңбек Ері атағына ие болғаны; Нұролла Алмағамбетовтің Қазақ КСР ішкі істер министрінің орынбасары болып қызмет еткені сынды деректерді жазып қалдырыпты…

Ерлікке пара-пар еңбек

Ұлы Отан соғысының бастапқы жылдарында Ақтөбе облысы басшыларының бірі болған, майдан даласына Ақтөбеден аттанған 101-атқыштар бригадасының жасақталуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген, қиын жылдардың ауыртпалығын облыс еңбеккерлерімен бірге көтерген тұлға — Нығмет Қамбаров кім?

Ол 1908 жылы Көкшетау аймағындағы Зеренді көліне таяу ауылдардың бірінде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте жетім қалып, жастайынан еңбекпен көз ашқан. 1931 жылы Бурабайдағы орман техникумын бітіргеннен кейін, комсомол жұмысына, ал кейіннен партия-кеңес жұмысына араласыпты. Алғашында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында түрлі қызметтер атқарып, 1938 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалды. Одан соң облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарып, 1942 жылдың басында облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Соғыс жылдары мұндай аса жауапты қызметтің тізгінін ұстау кімге де оңай соқпасы түсінікті.

Нығмет Қамбаровтың қызы Нұркамал:

— Әрине, ол жылдар кім-кімге де оңай тиген жоқ. Біз, балалар, әкелерімізді мүлде дерлік көрмейтін едік. Соғыс болып жатқан аймақтардан көшіп келген зауыт-фабрикаларды орналастырып, оларды іске қосу, мал басын аман сақтау, егіс, облыста құрылған әскери құрылымдар жауынгерлерін керек-жарақпен жабдықтау — осындай қым-қуыт тірліктің соңында әкем күндіз-түні жұмыста жүретін. Бала кезінде қолын қатты зақымдап алған екен, сондықтан оны майданға алмады. Алайда әкемнің, тылда қалған көптеген азаматтардың еңбек майданындағы арпалыстары, соғысқа кеткен азаматтардың орнын жоқтатпау үшін аянбай тер төгіп, ұйқы-күлкі көрмей сіңірген қызметтері ерлікпен пара-пар екенін ұмытпауымыз керек. Мінезі жағынан әкем өте қарапайым жан еді, мақтаншақтықты, өзін-өзі дәріптеуді сүймейтін, — деп еске алды.

1943 жылы Нығмет Қамбаров көршілес Гурьев өңіріне облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Ол тұста Гурьев өңірі майдан маңындағы аймақ болып есептелетін. Нығмет Қамбаров кейіннен өз естелігінде: «Әсіресе, Сталинград шайқасы тұстарында Каспийдің балығы мен Ембінің мұнайына көз тіккен фашист жендеттері самолеттерін облыс аймағына жиі-жиі ұшырып, барлау жасап жүрді. Сталинград майданына жөнелтілген кейбір әскери құрамалар тобы да осы Гурьев арқылы өтіп жатты. Сондықтан да қаланың  өзінде, тіпті ауыл-аудандарда да түнге қарай арнайы рұқсат қағазбен жүру сияқты азаматтық қорғаныс тәртібі орнатылды» — деп жазыпты. Осындай күрделі жағдайдағы облыстың басшылары қатарына, әрине, тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары қызметкерлер ғана таңдап алынған. Нығмет Қамбаров өзіне артылған сенімді абыроймен ақтады.

Алексей Толстоймен кездесу

1933 жылы дүниеге келген Нұркамал — Нығмет Қамбаровтың тұңғышы. Ол 40 жыл бойы Алматыдағы іргелі оқу орындарының бірі — Қазақ педагогикалық институтында философия кафедрасының доценті болып, оқытушылық қызмет атқарған. Нұркамал апай әкесінің жазбалары арасынан Ақтөбеге қатысты естеліктердің бірін бізге жолдады. Бұл естелік 1980 жылдың 19 қыркүйегінде «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала болып шығыпты. Мұнда белгілі орыс жазушысы Алексей Толстойдың Ақтөбеге сапары туралы айтылған. Бірнеше тарихи романдардың авторы, Сталиндік сыйлықтың иегері атанған жазушы Ақтөбеге арнайылап келмеген, алайда Ташкенттен ұшып бара жатқан сапарында ауа райының қолайсыздығына байланысты, бірнеше күн біздің жерімізде аялдапты.

Нығмет Қамбаровтың естелігінде: «1942 жылдың февраль айы еді. Соғыстың қысқаны аздай, сол жылғы қыс та қыстығып, үскірік бораны жиі-жиі ысқырынып тұрған-ды. Сондай күндердің бірінде Ташкенттен ұшып келген бір самолет ауа райының қолайсыздығынан бірер күн Ақтөбеге аялдаған болатын. Сол самолетпен Алексей Толстой да келіп, аэропорт басындағы қонақ үйге орналасқанын азропорт бастығы хабарлағанда, біз де елең ете қалғанбыз. Өйткені бүкіл елімізге белгілі үлкен жазушының есімі бәрімізге де ыстық еді.

Мен ол кезде Ақтөбе облыстық атқару комитетінің председателі едім. Аэропорт бастығынан әлгі хабарды естісімен, дереу облыстық партия комитетінің насихат жөніндегі секретары Куприяновқа телефон соқтым. Ол да менің ойыма қосылып, үлкен жазушыға өзіміздің барып жолыққанымызды жөн көрді» — деп баяндалған.

Бұл кездесу 1942 жылдың 23 ақпанында өткен екен. Нығмет Қамбаров әңгіме үстінде, өзі айтқандай, «оңтайлы сәтті пайдаланып», жазушыны Ақтөбедегі теміржолшылар Мәдениет үйінде өтетін Кеңес армиясының туған күніне арналған салтанатты жиынға шақырады. Жазушы келісім беріпті.

Естелік былай жалғасады:

«Алексей Николаевич бізді қонақүйінен жылы шығарып салды. Жолда Куприянов:

— Аса кішіпейіл адам екен, — деді.

— Біздің халықта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақал бар, — дедім мен.

Салтанатты жиналыста Алексей Николаевич Толстой құрметті президиумда отырды. Баяндамашы сөзін аяқтай бергенде, мен қадірлі мейманымызға:

— Мүмкін, сіз бір-екі ауыз сөз айтатын шығарсыз? — дедім ақырын.

— Жақсы. Тек столдың анау шетіне бір орындықты қазірден дайындап қойыңыздар, — деді ол.

Бұл сөз мені аз да болса таңдандырып тастады. Өйткені мұндай салтанатты мәжілісте тек мінбеден сөйлеу біздің қалыптасқан дәстүр ғой. Дегенмен айтқанын орындадық.

Баяндамашы мінбеден түскенде мен:

— Келесі сез үлкен сез зергері, бүкіл елімізге танымал жазушы Алексей Николаевич Толстойға беріледі, —  дегенімде, залдағылар ду қол соқты. Біразы тіпті орындарынан тұрып та кетті. Ал Алексей Николаевич болса, орнынан жайлап көтерілді де, жұртқа сәл басын иіп, жаңағы орындыққа барып отырды. Сосын зал тынышталған кезде қолын столға салған күйі асықпай сөйлей бастады. Өстіп ол жарты сағатқа жуық сол кездегі соғыстың бағыт-бағдары жөнінде, біздің Қызыл Армия мен халқымыздың ерлігі жөнінде әсерлі әңгіме шертті. Әсіресе соңғы сөздері отырғандарды дүр сілкіндірді

— Біздің халқымыз ең қауіпті де қатерлі күндерден өтті, — деді ол. — Москва түбіндегі неміс фашистеріне тиген соққы — бүкіл капитализмнің мұрнына тиген соққы. Осындай орасан соққы бере алған біздің Қызыл Армия мен халқымызға қашанда сенуге болады. Демек, ендігі жеңіс — біздің қолда.

Залдағылар тағы да ду қол шапалақтады. Бұл жолғы олардың сілкінісі жеңіске деген нық сенімдерінен туған шын қуаныштың белгісіндей еді».

1942 жылғы ақпанның үскірік кешінде ақтөбеліктер осылайша Алексей Толстойдың сөзіндегі үміт отын көңілдеріне медеу тұтыпты…

Соғыстан кейін Нығмет Қамбаров КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1951-1952 жылдары ол тағы да Ақтөбе өңіріне қызметке жіберілген. Облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқара жүріп, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жолындағы істерге өз үлесін қосты. 1952-1959 жылдары ол Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істеп, кейіннен Алматы қаласында басшылық қызметтер атқарыпты. 1967 жылы Қазақ КСР министрлер Кеңесі жанындағы еңбек ресурстарын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалып, осы қызметтен зейнеттік демалысқа шыққан.

Нығмет Қамбаров І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Зайыбы Майдамен бірге бес ұл-қыз тәрбиелеп өсіріпті. Үлкен екі ұлы ғылым жолына түскен. Бүгінде ұрпақтары түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр.

Нығмет Қамбаровтың есімі облысымыздың тарихында қиын жылдардағы жанашыр басшы ретінде қалды.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button