«Ақтөбе — құтты мекен»

Дауыл алдындағы тыныштық

1937-38-жылдардағы қуғын-сүргіннен кейін, қазақ жерінде аз уақыт тыныштық орнады. Жаңа кәсіпорындар салынып, егіс алқаптарында рекордтық өнімдер алынып, әдебиет, мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары тойланып, өмір қалыпты арнаға түсіп келе жатқандай болған еді.

Үш мыңнан астам көрермен

Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы жылдардың бір үлкен жаңалығы — дыбысты кинолар болды. 30-жылдардың соңында Ақтөбедегі «Культфронт» кинотеатрында да дыбысты кинолар жиі көрсетілген. Солардың бірі — «Амангелді» фильмі. Бұл картина қазақ киносының тұңғышы екені белгілі. Фильм қазақстандық мамандардың күшімен Ленинградтағы киностудияда түсірілді. Режиссері — Моисей Левин, ал сценарийін Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Всеволод Иванов жазған еді. Алайда, сол кездегі саясатқа байланысты, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің аттары көрсетілмеді.

Бұл фильм 1939 жылғы ақпанның басында Ақтөбеде үш күн қатарынан көрсетілген. «Үш күн ішінде фильмді үш мыңнан астам көрермен тамашалады» — деп жазыпты облыстық «Актюбинская правда» газеті.

Өз көмірі — өзінде

Мәртөк ауданының сол кезде Вознесеновка аталған ауылы маңынан тас көмір қоры табылған. Аудандық отынмен қамту бөлімі бұл қазба байлықтың бір бөлігін аудан мұқтаждығына пайдалану жөнінде шешім шығарыпты. 1939 жылдың қаңтарында бірінші шахта ашылып, 50 тонна көмір қазып алынған. Сол кездегі мамандар көмірдің сапасын жақсы деп бағалаған.

1938-1939 жылғы қыс маусымында мәртөктіктер өз жерінен шыққан көмірді пайдаланыпты…

Рекордтық өнім

30-жылдардың соңы мен 40-жылдардың басында облыстағы барлық егіс алқаптарының 40-50 пайызына тары егілді. Облыс шаруашылықтарының басым бөлігінде басты дақыл — тары болды. КСРО Халық комиссарлары кеңесі бүкіл Одақ бойынша тары алқаптарының көлемін арттыруды және тарыдан мол өнім алу жолдарын барынша насихаттауды тапсырды. Осыған байланысты Ақтөбеде шаруаларға тары егудің қыр-сырын үйрету мақсатында үш күндік семинарлар ұйымдастырылды. Радио арқылы да осы тақырыпта лекциялар берілді. Шаруашылықтар басшыларынан тары тұқымының тазалығына ерекше көңіл бөлу талап етілді.

1940 жылы облыста 193 мың гектар алқаптан тары жиналған. Қобда ауданының Роза Люксембург атындағы ауыл шаруашылығы артелінде аудандық жер бөлімінің бас агрономы Ивченконың басшылығымен 4,5 гектар телімге егілген тарыдан гектарынан 600 пұт өнім алынған.

Ал Ойыл ауданы Құрманов атындағы колхоздың звено жетекшісі Шығанақ Берсиев 1940-1943 жылдар аралығында тары өнімінен әлемдік рекордты 4 рет жаңартқаны белгілі: ол 1940 жылы гектарынан (3,2 гектар телім) — 125 центнер; 1941 жылы — 165 центнер; 1942 жылы — 175 центнер; 1943 жылы 201 центнер өнім жинады.

Нұрпейіс Байғаниннің мерейтойы

1940 жылдың 20 шілдесінде Ақтөбе өңірі Нұрпейіс Байғаниннің 80 жасқа толуын салтанатты түрде атап өтті. Облыстық газеттердің осы күнгі нөмірлері ақын мерейтойына арналды. Республика басшыларынан, КСРО Жазушылар одағы басшысынан, белгілі ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлерінен, тағы басқалардан ақынға құттықтау хаттар жауған. Облыстық «Актюбинская правда» газеті солардың арасынан Жамбыл Жабаевтың құттықтау жеделхатын басыпты. «Жырды халық тудырады, сондықтан жыр халыққа қызмет етуі керек. Нұрпейіс, сенің домбыраң бақытты Кеңес елі туралы, жасампаз кеңес халқы туралы, барлық ақындардың әкесі әрі ұстазы Сталин туралы тынбай жырласын» — делінген жеделхатта. Сондай-ақ, Нұрпейіс Байғаниннің көптеген өлеңдері В.Копытин, Д.Снегин, В.Чугуновтардың аудармасымен орыс тілінде беріліпті.

«Нағыз большевиктік сый»

Облыс аумағындағы кен орындарының игеріле бастауына байланысты жаңа жолдар салу мәселесі күн тәртібіне қойылып, Қандыағаш-Гурьев және Қандыағаш-Дөң-Орск бағыттарында теміржолдар құрылысы қарқынды жүріп жатты. Әр колхоз жұмыс күшін, көліктер беріп, осы іске үлес қосуға міндетті болды. Бұған тіпті көрші облыстар да көмектескен. Осы жолдар арқылы қазақ жерінің қазба байлығы ғана емес, ет, сүт өнімдерінің де тасымалданатыны, яғни бұл жолдар құрылысының өте маңызды екені жөнінде жиындарда үзбей айтылды. 1940 жылдың 30 маусымында Ақтөбеде өткен үлкен жиынды облыстық партия комитетінің хатшысы Иночкин: «Қандыағаш-Дөң-Орск теміржолы Отанымызға арнаған нағыз большевиктік сый болар еді»  — деп түйіндеген.

Одан бөлек, облыс аумағындағы тасжолдарға да көңіл бөлінді. 1940 жылы жолдар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 3 568 000 рубль қаржы бөлінген. Осы қаражатқа 162 шақырым жол төсеу; жалпы ұзындығы 488 метр болатын көпір салу және 121 шақырым жолды жөндеу көзделген.

 Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button