«Ақтөбе — құтты мекен»

Алыстан келген зауыттар

1934 жылы біздің облыста өнеркәсіптің түрлі салаларына қарасты 22 кәсіпорын жұмыс жасап, жалпы құны 14 миллион рубльдің өнімі өндірілген.

Өндіріс саласындағы еңбеккерлердің саны 1300 адам шамасында еді. Облыстағы өндіріс орындарының ең ірілері — механикалық зауыт, жалпы қуаты 640 квт болатын қалалық электр стансасы, кірпіш зауыты, ет комбинаты болды.

Жеңіл өнеркәсіп саласында «Казпух» тоқыма өндірістік бірлестігі, «Образец» тігін фабрикасы, «Красная звезда» аяқкиім фабрикасы іске қосылды. Сонымен қатар, Шалқар, Темір, Ембі, Жұрын, Мәртөк елді мекендерінде

артельдер жұмыс жасады.

 Никель, хром және фосфор…

1930-жылдардың ортасынан бастап облыстағы ірі кен орындарын игеру ісі қолға алынды. 1934 жылы Кемпірсай алқабында бағалы әрі бай никель кен орны ашылды. Ал 1936 жылы Новоресей ауданының Дөң ауылы маңайынан өте бай хром қоры табылды.

Одан ертеректе облыс аумағынан әлемдегі ең ірі, (1,4 миллиард тоннаға жуық қоры бар) фосфор кен орны да табылған болатын. Осыған байланысты 1930 жылы Алғада ірі химия комбинатының құрылысы басталды. 1934 жылғы 16 қарашада күкіртқышқыл цехы іске қосылып, алғашқы өнім шығарылды. 1936 жылы бір ғана осы комбинаттың жалпы қуаттылығы 1917 жылға дейінгі бүкіл Ресейдегі фосфор зауыттарының қуаттылығына тең болды. КСРО химия өнеркәсібі Халық комиссариатының бұйрығымен 1939 жылғы 29 қыркүйекте зауыт толық іске қосылды.

 КСРО-дағы ең үздік зауыт

Бұл тұста КСРО мен Германия арасы шиеленісіп, ұшақ, кеме, қару-жарақ жасауға қажетті жоғары сапалы болатқа деген сұраныс артты. 1940 жылы Ақтөбеде ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды. Бұл құрылыс үшін өте көп қаржы бөлінді, Одақтың түкпір-түкпірінен Ақтөбеге мамандар ағылды. Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің шешімі бойынша Ақтөбеге эвакуацияланған Запорожье ферроқорытпа зауытының жалпы құны 2,5 миллион сом тұратын құрал-жабдықтары осы жаңа зауытқа берілді. Зауыттың бірінші кезегінің іске қосылғаны, қорғанысты күшейту, майдан шебіндегі жауынгерлерге жаңа қару-жарақ үшін қажетті темір алына бастағаны жөніндегі хабар ең алғаш 1943 жылы жария етілді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, техникалық жабдықталуы жағынан, Кеңес Одағындағы осы саладағы басқа кәсіпорындар арасында алдыңғы қатарда тұрды.

1948 жылы қаңтарда металлургтер Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бес жылдық тойын салтанатты түрде атап өтті. 1943 жылмен салыстырғанда, өндіріс көлемі біршама артып, өнімнің өзіндік құны жартысына дейін кеміген. Бес жылдың ішінде зауыттың партия ұйымы қатарында 200 мүшесі бар облыстағы ең ірі партия ұйымдарының біріне айналды. 500-ге жуық комсомол мүшесі болды. Зауыт ұжымы Бүкілодақтық жарыста жеңіске жетіп, «КСРО-ның үздік ферроқорытпа зауыты» атағын жеңіп алды.

Айта кетелік, соғыстан кейінгі уақытта жалпы дүниежүзінде өндірілетін жоғары сапалы болат құрамының 80 пайызы хромнан тұрды.

 «Большевик» артелі

Ұлы Отан соғысы тұсында Қазақстанға көптеген зауыт, фабрика, шеберхана, т.б. көшіріліп әкелінгені белгілі. Солардың 20-дан астамы Ақтөбе облысы аумағына орналасты. 1942 жылдың басында облысқа осы кәсіпорындармен бірге 19 894 адам келсе, жылдың аяғында олардың саны 27 500-ге жетті.

Днепропетровскідегі «Большевик» артелі, Мәскеудегі рентген зауыты біздің облыстың орталығына көшірілді, айтып өткеніміздей, Запорожьедегі ферроқорытпа зауытының құнды жабдықтары да Ақтөбедегі жаңа зауытқа әкелінді. Оларды қабылдау, орналастыру мақсатындағы жұмыстар партия-кеңес органдары қызметкерлеріне жүктелді. Бұл бір өте қарбалас уақыт болғаны түсінікті. 1941 жылғы 7 қарашада Днепропетровскіден құйма-механикалық  «Большевик» артелі көшіріліп әкелінді. Ақтөбеге артельде еңбек ететін 48 адам және олардың отбасы мүшелерінен 69 адам келді. 1942 жылдың ақпан айында артель қайта іске қосылып, авиация өнеркәсібі үшін темір арқаулар шығара бастады. «Большевик» артелі негізінде кейін «Ақтөбеауылмаш» зауыты ұйымдастырылды. Зауыттың басты өнімі қой шаруашылығына қажетті жүн қырқатын техника, соған керекті бөлшектер еді. Бұл зауыт бүкіл Одақ бойынша маманданған кәсіпорын болды. Кәсіпорын өз өнімдерін шетелдерге де жіберіп тұрды.

 1941-дің күзі

1941 жылдың қазан айында Ақтөбеге Мәскеудегі рентген зауыты көшірілді. Зауыт қаладағы педагогикалық институттың ғимаратына орналастырылды. Арада бірнеше ай өткенде, 1942 жылдың ақпан айынан бастап зауыт өнімдері майданға жөнелтіле бастады. Зауытта Мәскеуден келген 150 адам жұмыс жасады. Сол кездің деректері бойынша, еңбеккерлер суық бөлмелерде, ауыр жағдайда күндіз-түні жұмыс істеген.

1942 жылы 7 мамырдан бастап Мәскеудің рентген зауыты, жоғары жақтың шешімі бойынша, «Ақтөбе рентген зауыты» деп аталды. Бұл зауыт та бүкіл Кеңес Одағы бойынша өз саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі еді.

Осылайша Ақтөбе Қазақстандағы ірі өнеркәсіпті қалалардың біріне айналды.

 Сағыныш ТӨРЕМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button