«Ақтөбе — құтты мекен»

Құлымбетовтің қамқорлығын айтумен өтті…

1937 жылдың күзінде Айтмұхамбет Мусин «халық жауы» ретінде ұсталып кеткеннен кейін, оның орнына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Мақай Жүнісов келді.

Өмірбаян деректеріне үңілсек, Мақай Жүнісов 1905 жылы Атбасар ауданының Қаражар ауылында дүниеге келген. 1920 жылы — комсомол қатарына, 1926 жылы партия қатарына өтеді. 1916-1924 жылдар аралығында ауылда жалшы болып еңбек еткен.

1925-1930 жылдары Петропавловск, Алматы, Ақмола қалаларында комсомол органдарында жұмыс істеген. 1930 жылы Шу стансасы партия комитетінің хатшысы, ал 1932 жылы Мирзоян стансасы партия комитетінің хатшысы болып істеп, кейіннен Мәскеудегі темір жол саласының партия ұйымы қызметкерлеріне арналған курсқа оқуға жіберілген.

Оқудан келген соң, 1934 жылға дейін Ақмола стансасында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1934 жылдың наурыз айында Алматы қаласындағы Түріксіб аудандық партия комитетінде саясат бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалды. 1937 жылы Аякөз ауданына саясат бөлімінің меңгерушісі етіп жіберілді. Ал сол жылдың күзінде, жоғарыда айтқанымыздай, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ақтөбеге келді. Бұл қызметте ол небәрі 9 ай отырды. Одан соң өзі де қудалауға түскен.

Кейіннен жазылған «Ұмытылмас жылдар» атты естелік кітабында ол өзінің Ұзақбай Құлымбетовтен үлкен қамқорлық көргенін жазады. 20-жылдар ішінде бір топ жасөспірім ашығып, темір жол бойын торуылдап жүргендерінде, Ұзақбай Құлымбетовтің көлігімен келіп, оларды үйіне әкеткенін, Құлымбетовтің жары Әйіш апайдың 10 шақты баланы үйінде 6-7 күн күтіп-баққанын айтады. Кейіннен Құлымбетов оларды балалар үйіне орналастырған. «Ұзақбай аға¬ның арқасында Қызылжардағы балалар үйiнде тәрбиеленiп, қызметке араластым» — дейді. Бұл Ұзақбай Құлымбетовтің Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген кезі екен.

Тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаевтың «Ана тілі» газетінің 2013 жылдың 28 наурызы күнгі нөміріне шыққан мақаласында да Мақай Жүнісовтің аты аталады. Мақала авторы 1937-нің қуғынына ұшыраған Жүсіпбек Арыстановтың естелігінен үзінді келтірген. Мұнда Жүсіп Арыстанов: «…Бұл кезде әрқайсымыздың қолымызда «жапон милитаризмінің шырмауында кетіп, Совет өкіметін құлатқысы келетіндер» деген секілді айыпталу қағаздарымыз болды. Бәріміз де ату жазасын алдық. Тергеушілердің тұжырымы бойынша, «орталықтың» басшысы қарт большевик, ҚКП ОК-нің Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мырзағұл Атаниязов екен. Ол өзінің принципті, бірбет іскерлігімен республика ішкі істер қызметкерлерін кезінде біраз дүрбелеңге салған көрінеді. Атаниязовтан басталған арқан Шақпақ Артықбаев, Құсайынбек Әміров, Шәріп Өтепов, Мақай Жүнісов, Ыдырыс Көшкінов, Хасен Қарасаевтардың да мойнына оралды» — дейді.

Мақай Жүсіпов 1938 жылдың маусым айында қамауға алынған. Алғашында оны 8 жылға соттап, Сібірге жіберген. 1948 жылы қайта соттап, бұл жолы Краснояр өлкесіне әкеткен.

1955 жылдың сәуір айында толық ақталып шығады. Негізсіз қудаланғандықтан, 1926 жылдан коммунист екені расталып, партиялық билеті де қайта қолына беріледі. 1955 жылдан бастап 1972 жылға дейінгі аралықта темір жол, құрылыс салаларында басшылық қызметтерде болады, 1972 жылы зейнеттік демалысқа шыққан. Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер болды, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты.

Мақай Жүнісов 1984 жылы қайтыс болды.

 Сағыныш ТӨРЕМҰРАТОВА,

Облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button