Мәдениет

Ақын жүректі заңгер

«Қол бастаудан, сөз бастау қиын»

Осы жылдың 10 ақпанында жетпістің бесеуіне шығатын Шәкең — Шындәулет Алдияров ағамыз туралы мақала жазбақ ойда отырғанмын. Бөлмеме көптен аралас-құралас жүрген таныс азамат кірді. Үстелімнің үстінде жатқан суретті көріп: «Мынау Шәкең бе?» — деп, үңілді. Менің мақұлдауым мұң екен, «Ал мен бұл кісіні әрегіректен білемін. Өлеңмен сөйлейтін, ағып тұрған асаба», — деді. Сосын ол басқарған бірнеше тойға өзінің де қатысып, асабалығына куә болғанын әңгімеледі. Менің қайран қалғаным,  сол тойлардағы асабаның аузынан шыққан бірсыпыра өлең шумақтары әлі күнге жадында екен. Мысалы, кезінде Байғанин, Қобда, Исатай аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжановқа бір тойда:

«Құрметті Алтынбектей асыл ағам,

Риза қызметің үшін халқың саған,

Кешегі қырғын соғыс отты жылдар

Азаматсыз қан төгіп ел қорғаған.

Қазақтың алғаш буын ұшқышысыз,

Аспанда бағындырған болат қыран.

Орындадың қызметін ел тапсырған.

Абыроймен басқардыңыз бірнеше аудан.

Елге еткен сол еңбектің куәсіндей,

Омырауда Алтын жұлдыз жарқыраған.

Қоса ағарып Жұмагүл апамызбен,

Берсін Алла денсаулық сарқылмаған, — деп, сөз кезегін ұсынса, енді бір тойда жеңгесіне:

Сөз кезегі өзіңде, Айжан жеңгей,

Жүрген жерің ойын той, сайран жеңгей,

Дарынның құдай берген арқасында,

Айтысқа талай-талай барған жеңгей,

Шымкентте, Қызылордада айтысқанда,

Жүлдені талай жеңіп алған жеңгей.

Домбыра, пианиноны үнге қосып,

Әнге де талай шырқап салған жеңгей,

Баяғы Дина әжеміз немересі,

Тұлпардан тұяқ болып қалған жеңгей!» — деп, тілек айту кезегін берген еді, — деді. Айтса, айтқандай, бұл жеңгесі асылдың тұяғы Айжан Нұрпейсова екен. Ол бір жылдары Республика Парламентіне депутат болып сайланған, қазірде сол Парламентте қызмет істейтін жерлесіміз Төлеген Қуанышевтың анасы. Уақытында шайырлар айтысына қатысып, сан мәрте жүлделі орындар алған. Ері Шаңғытпай Қуанышов прокурор болған. Алайда ертерек, 40 жасында қайтыс болып кеткен. Ең аяулысы өлең жолдарында айтылғандай, әйгілі композитор, домбырашы Дина әжеміздің немересі.

Менің байырғы танысым мұнымен шектелген жоқ. Асабаның және бір-екі тойда ұтырлы келтірген өлең жолдарын айтып, «Бұл кісіні мен соған қарап,  жазу-сызудың айналасындағы адам, не оқытушы болар деп ойлаушы едім, кейін білдім, заңгер екенін» деп, түйді әңгімесін.Осы сөз менің алғашқы жоспарымдағы ағаның бірыңғай заңгерлік жолы туралы жазбақ ойымды бұзды.

Ағамыздың өмір жолына қайтадан үңілдім. Замандастарының ол туралы айтқандарына, жазғандарына жүгіндім. Ардагер Әліби Қойлыбаевтың «Бабамнан қалған байтағым» кітабынан, заңгер Шәкең ағаның неге ақын жүректі болатынына жауап тапқандай болдым. Бақсам, ақындық ағаның туған топырағында, арғы тегінде бар екен. Арғы атасы Сисенбі Шөтеұлы сөзге жүйрік, ақын, өте зерделі, парасатты кісі болған. Бірақ асыл мұралары сақталмаған, аңызға айналып, әңгімелері ғана жеткен кейінге. Сол текті атадан үш ұл болған. Үлкені — Алдияр Ырғызда екі кластық училище бітіріп, болыстың хатшысы болып, соңынан көп жылдар бойы Шалқардағы аудандық банкте қызмет атқарады. Ортаншысы — Аймақ, кенжесі Олжабай Ұлы Отан соғысында қаза болады.

Шәкеңнің әкесі — осы Аймақ. Кезінде атсейіс, палуан, жырау болған.Үлкендердің әңгімесіне қарағанда, ол кісі келмей , той басталмайды екен. 1995 жылы «Ақтөбе» газетінде сол адамның қамқорлығын көрген, дегдар ақын Қуандық Шаңғытбаевтың сұхбаты жарияланды. Сонда оның ерен қайраты, жыр айтып, той бастап жүріп, өлең де шығаратыны еске алынады.. Майданнан:

Хабардар болмақ болсаң, біздің жайдан,

Тілеудеміз шын көмек бір құдайдан,

Тұзтөбеден майданға келгенімше,

Көбірек уақыт өтті жарты айдан.

Қара су кейбір кезде қардар болды,

Не пайда бұрынғы ішкен ет пен шайдан,

Қызыл қан, қара түнек көрген кезде,

Ұрпақты сақта дейсің осындайдан.

«Мақтаны от ішінде сақтайды» — дейді,

Кім біледі, не боларын алда, қайдам.

Шындәулет, аға (әкесі), Олжабай,

Бәрін айт та бірін айт,

Шабағанның жерінен топырақ тартса, болғаны-ай, — деп өлеңмен хат жазады елге. Бұл майдангердің туған жермен соңғы қоштасуы, аққу әні екен, Смоленск түбіндегі ұрыста қаза табады.

Шабаған

Қан майданның ортасынан жазылған осы хатта қазақ баласын елең еткізетін жер атауы — Шабаған. Мен Шындәулет ағамен қайтара жолығысқанда, осы жөнінде және асабалық өнері туралы сұрадым. «Саптыаяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, бойын әлі де тіп-тік ұстайтын, еңсегей бойлы, келбетті, аққұба жүзді азамат орындыққа қаққан қазықтай болып отырып, әңгімесін тамыздықтады.

— Күлуші едім күңіреншек деп шал адам,

Кешір мені, Жарөткел мен Шабаған.

Сағынады шабағын да Ырғыздың,

Шырқап бүгін шалғай кеткен шағалаң!» — деп Қуандық Шаңғытбаев жырына қосқан жер — осы. Ол кісі сол Шабаған мектебінде оқыған, оқуды осында бастаған. Біздің үй Қуандық ағамыздың үйімен көрші отырған. Қиын уақытта менің атам Сисенбі көшіріп алып келген. Ол туралы және біздің әулетіміз туралы осында келген сапарында, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Еркін Құрманбековке берген, өзіңіз айтып отырған «Ақтөбе» газетінде жарияланған сұхбатта жан-жақты айтылған. Сондықтан оны қайталап жатпаймын. Мен сол ағамыздың өлеңіне арқау болған Шабаған жерінде туғанмын. Қуекең онда екі жылдай болған. Ол кезде жасы 8-9-дарда болу керек. Марқұм ағамызбен кездесудің сәті 1982 жылы түсті. Сол кезде Ақтөбе қаласы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған марқұм Муафик Арынғазиннің зайыбы Нағима  ақынның апасының қызы еді. Қуекең сол үйге келіп, бірнеше күн жатты. Біздер сәлем беруге бардық. Сол үйде танысып, хал-жағдайымды,отбасымды, өтіп кеткен ата-анамды сұрады. Тіпті өзімен құрдас, 1925 жылғы туған, кешегі соғыста хабар-ошарсыз кеткен Олжабай ағайымды сұрағанда қайран қалдым. Еске ұстау қабілеті, 8-9 жасында көрген адамын ұмытпауы таңғалдырды. Одан бері қанша адаммен кездесті, қанша өлең жазды, кітап шығарды?! Мың сан кейіпкерлерімен шатастырмай, есінде тұтуы ғажап. Одан кейін де Қуекеңмен екі мәрте кездестім. Жаңағы аталған өлеңіне еліктеп:

Ыстық қой туған жерім әр адамым,

Сондай қымбат мен үшін Шабағаным,

Сол жерде дүниені алғаш көріп,

Сол жерде тамған екен кіндік қаным.

Шабаған белгілі болды бүкіл елге

Арқасында Қуандықтай дүр ағаның, — деп бір шумақ өлең де құрадым.

Ал енді біздің кезімізде асаба деген атау жоқ. Мұнан жастау кезімде жақын тумалармен, жолдастардың өтініштерін қимай отыздан аса той басқардым. «Қол бастаудан, сөз бастау қиын» деген, тойдың әсерлі болуын ойлап, қолымнан келгенінше, тілек айтатын көрнекті қонақтарға бірер шумақ өлең арнайтынмын. Көпшілік жыр шумағын той үстінде құрастырдым. Әркімнің еңбегін, ерекшелігін айтуға ұмтылдым. Шабытты отырған сәттерімде жанымнан суырып айтқан да кездерім болды. Ақтөбе қаласының №6 мектебінің директоры болған Ақтаевтың зайыбы Базар апамыз өзінен кішілерді айналып-толғанып тұратын, мейірімі төгілген, есті адам еді. Соған той үстінде:

Ініге, қайныға жоқ алалығың,

Апажан, ол да сенің даналығың,

Тұрғанда сіз «айналып», алдымызда

Келгендей қайта оралып балалығым, — деп табан аузында өлең шығарғаным бар…

Әділет жолында

Әңгімелесіп отырғанда Шәкеңнің аузынан ақынмын деген сөз шыққан жоқ.Біздің де мақсатымыз  ақын ретінде көрсету емес, жаратылысы, болмысы, жүрегі ақын екенін, 54 жыл заң саласында үзбей табысты қызмет жасауы осы қасиеттерімен де байланысты емес пе екен дегенді меңзеу еді. Расында да, ардақты ағамыз заң саласында өзіне дейін сүрлеуі, соқпағы жоқ, соны жолмен жүріп отырды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің жолдамасымен прокуратура органдарына қызметке келеді. Еңбек жолын шалғай Маңғыстау, Атырау өңірінде аудандық прокуратураның қатардағы тергеушісінен бастады.Осылай басталған қадамы прокуратура органдарында 40 жылды жинақтаса, соңғы 14 жылы адвокатурада жалғасуда.

Ол облыста  халық тергеушісі  (1960 жылға дейін бұл қызмет осылай аталды және тергеуші ол кезде тек прокуратура органдарында ғана болатын, Ішкі істер министрлігіне тергеуші 1961 жылдан бастап берілді) қызметін атқарған екі адамның біреуі. 1962-1964 жылдары орталығы Ақтөбе қаласы болып, Батыс Қазақстан өлкесі құрылғанда, өлкелік прокуратураның аға тергеушісі болды. Оған Ақтөбемен бірге, сол кездегі Орал, Гурьев облыстары қарады.Мұнан кейін 9 жыл тергеу басқармасын басқарды. Ақтөбе облысының бірнеше ауданында прокурорлық қызмет атқарды. Облыс прокурорының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылады. Бұған дейін облыс аумағында туған азаматтардан бұл лауазымдық қызметті атқарғандар болған жоқ еді. Жаңылыспасақ, осы қызметте ең ұзақ отырған да Шәкең болды, табан аудармай 10 жыл, 6 ай жемісті қызмет етті. Облыстық тергеу саласында да 9 жыл аудандық, облыстық, өлкелік прокуратуралардың тергеушісі болып ең ұзақ қызмет атқарған еді. Осынша жыл облыс прокурорының орынбасары болған кезде де, тергеу жұмысын басқарып, қадағалап отырды. Бір сөзбен айтқанда, өмірінің саналы кезеңдерін түгелімен дерлік әділеттік жолына арнады. Және әлі күнге дейін облысымыздағы құқық қорғау саласына қомақты үлес қосып келеді. Жоғарыда атап айтқанымыздай, 14 жыл бойы адвокаттық қызметте. Оның 9 жылында облыстық адвокаттар алқасының төралқа мүшесі.

Осынша жыл заң саласында лауазымдық қызметтерде болған кездерінде қол астында жұмыс істеп, Шәкеңнен тәлім-тәрбие, кәсіби тәжірибе алғандар қаншама?  Мәселен, белгілі заңгер Орынбасар Дәуленбаев «Әділет жолымен» деп аталатын кітабында: «Аға заң кеңесшісі, облыстық прокурордың орынбасары Ш. Алдияровқа кіру үшін тиісті заңдарды жан-жақты оқып, жете түсініп барып кіретін едік. Бұл бізді заңды оқуға, оны жете зерделеуге, пайдалана білуге, жұмысымызда қателік жібермеуге, өмірге үйретті» деп жазады. Ал прокуратура органдарының ардагері Ізім Байқадамов бір қылмыстық іс туралы айыптау қорытындысын жазып, сотқа өткізу керек болғанда, қазақ тілінде құжат жаза білетін адам таппай, облыс прокурорының орынбасары Шәкеңе барып, көмек алғанын есіне алады. Айтқали Жұмашев та заң жолында маңдай терін төккен адам. Сол ауданда ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүргенде жала жабылып, үстінен іс қозғалып, сотталып кете жаздайды. «Егер істі аудан прокуроры Алдияров жүргізбегенде менің өмірім, сөз жоқ, бұлдыр еді. Мұны тек мен емес, менің ұрпағым ұмытпайды», — дейді ол. Ағамыздың талай шәкірттері республиканың мемлекеттік басқару органдарында, сот, прокуратура жүйелерінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр. Заң саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбектері ескеріліп, осы саланың ардагері Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері төс белгісімен алғашқы марапатталғандардың бірі. Осыдан бес жыл бұрын заң саласы ардагерін жетпіс жасымен құттықтап, облыс әкімі Елеусін Сағындықов Алғыс хат тапсырған еді. Шәкең  сол қайратты қалпында жетпістің бесеуіне де аяқ салып бала-шағасының ортасында ажарлы ұйтқы болып отыр. Балаларының есімдеріне қарап та ағамыздың ақын жүректігін, азаматтық келбеті мен тұлғасын танисың. Ұлдарына Мәлік, Бауыржан, Төлеген деп, ел қорғаған өңшең батырлардың, қыздарына  Роза, Майра деп, елге мәшһүр әншілердің есімдерін қойған. Шындәулет ағамыз бен Дәметкен апамыз немерелер сүйіп, ұрпақтары жалғасып, өсіп, рулы елге айналып отыр. Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан. Кәсіпкер де, мемлекет қызметкері де, инабатты күйеу балалар да осында. Әсіресе, ұшқыш Төлегенді көпшілік қауым жақсы біледі. Ол Семейде өткен Абай атамыздың мерейтойына үлкен әуе кемесімен Ақтөбе делегациясын алып барған еді.

Газет көлемі көтермейтін болғандықтан,  бұл мақаламызда тергеушінің басынан өткен шым-шытырық оқиғаларына, адамдардың қилы тағдырын шешу жолындағы әділетті күресіне тоқтала алмадық. Олардың өзі бір кітаптың жүгі. Біз ақын жүректі заңгер ағаның мерейтойы алдында ізгі қасиеттерінің кейбір қырларын әңгімелеп, шыққан биігіне шолу жасап қана өттік. Мерейтой құтты болсын, аға!

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Шындаулет ага, 75 жасыныз кутты болсын.  Алла сизге али узак омир берсин. Даметкен женгемизбен  балалардын ортасында шалкып, тасып журе бериниз.  «Актобе» газетінен сизди коргенде акем мен шешемді коргендей куанып калдым. Агайын-туыска салем айтыныз.

    Тілек білдіруші: карындасыныз Лаззат Едилханкызы. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button