Білім

Үш тілде оқыту жүйесі: мектептер әзірлігі қалай?

«Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.

Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет».

 Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауынан.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптың оқушылары төрт пәнді — физика, химия, биология, информатиканы ағылшын тілінде оқитын болады. 2019-2020 оқу жылында облыс мектептері үшін осы төрт пәннен ағылшын тілінде сабақ беретін жалпы 724  мұғалім қажет.

Біздің облыста үш тілде оқыту мақсатында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Біз бұл жөнінде білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік.

 

Мәселені шешу жолы — ұзақ мерзімді даярлық курсы 

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Елбасы білім беру саласына да ерекше тоқталған. Әсіресе, үш тілде оқуға кезең-кезеңмен көшу туралы Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырды.   

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтердің жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек» деген болатын.

Ағылшын тілін меңгерген кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты мәселені ұзақ мерзімді даярлық курстарын ұйымдастыру арқылы шешуді жоспарлап отырмыз, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, былтыр физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 40 педагог Назарбаев университетінің әдісімен даярлық курсынан өтті. Биыл «Назарбаев Зияткерлік мектебі» Дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығында 120 мұғалімді 10 айлық курстан өткізу жоспарланыпты. Сондай-ақ, 170 мұғалім ұзақ мерзімді курстарда дәріс алады. Бұл үшін мұғалімдер Ақтөбеге, Астанаға барып, әуре болмайды. Республикалық «Ұстаз» білім беру орталығының мамандары облыстағы әр ауданға барып, педагогтерге дәріс береді. Биыл бұл мақсаттағы жұмыстар Хромтау ауданынан басталған. Аталған аудандағы 40 педагог жұмыстан қол үзбей, 8 айлық курстан өтеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2017-2018 оқу жылында да жалғасады. Нақтырақ айтқанда, 267 мұғалімді даярлық курсынан өткізу жоспарланып отыр. Ал 2018-2019 оқу жылында 127 мұғалім даярланады.

841 бірінші сынып: 15 921 оқушы

ағылшын тілін үйреніп жатыр

Еліміздің барлық мектептерінде білім беру стандарты бойынша 2012 жылға дейін қазақ тілі, орыс тілімен бірге шет тілі де оқытылды. Алайда, ағылшын тілі 5-сыныптан бастап оқытылған-ды. Елбасының тапсырмасына байланысты бұдан бес жыл бұрын жаңа білім беру стандарты қабылданды. Содан бері ағылшын тілі 1-сыныптан бастап үйретілуде. Бүгінде бастауыш сыныптардың бәрінде ағылшын тілі пәні оқытылады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Биылғы оқу жылынан бастап облыстағы 415 мектеп жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Яғни, осы мектептердегі 841 бірінші сыныптың 15 921 оқушысы 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алып жатыр. Оларға қазақ, орыс, ағылшын тілдері жаңа бағдарламамен оқытылуда.

Облыстағы кейбір мектептерде ағылшын тілін ерте жастан оқыту жаңа стандарт шықпай-ақ қолға алынды. Мәселен, 2010, 2011 жылдары Ақтөбе қаласы және  Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарындағы бірнеше мектепте балаларға ағылшын тілі ерте бастан үйретілді, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Үш тілде оқытатын 3 мектеп және 6 эксперимент алаңы 

Ағылшын тілі — ғылым, білімнің, жаңа технология, бизнестің тілі. Сондықтан жас ұрпақтың осы халықаралық тілді меңгеруі үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатыр. Оқушылар осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі керек.

Облыстық білім басқармасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 5 қарашадағы №622 бұйрығымен бекітілген үш тілде оқытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы негізінде жоспар жасаған болатын. Осы жоспарға сәйкес, үш тілде оқыту мақсатында біраз жұмыс қолға алынды, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, қазір Ақтөбедегі үш білім шаңырағы: Назарбаев зияткерлік мектебі және облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейі, №21 мектеп-гимназия үш тілде білім береді.  Сондай-ақ, алты мектеп: М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, Ақтөбе қаласындағы №9, №23 мектеп-гимназия,  Мұғалжар ауданындағы №3 мектеп-гимназия, Ембі қаласындағы №1 мектеп, Шалқар ауданындағы №8 мектепте үш тілде оқыту жүйесі эксперимент ретінде енгізілді.

Қазір облыстағы 704 оқушы жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде оқиды. Оларға 19 педагог сабақ береді. Сондай-ақ, 258 сыныптың 7332 оқушысына ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады.

Мектеп және мемлекеттік тіл

Елбасы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп, айрықша мән берді. Мемлекет басшысы Жолдауда үш тілде оқытуда қазақ тілінің басымдығын сақтауды тапсырды.

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ мектептері, қазақ балабақшалары көп ашылды, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары облыста қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Ал қазіргі көрсеткіш — 64 пайыз. Қазақ тілінде оқитын балалар үлесі 33 пайыздан 76,6 пайызға артты (128 953 оқушының 98 806-сы  қазақ тілінде білім алады).

Мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген өзге ұлт өкілдері балаларының да саны жыл сайын артып келеді. Қазір қазақ мектептерінде, қазақ сыныптарында 620 басқа ұлт балалары оқып жатыр (2015 жылы — 573 бала, 2016 жылы — 602 бала).

Мемлекет басшысы орыс мектептеріндегі, орыс сыныптарындағы қазақ тілінің  сапасын арттыруға да ерекше мән береді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің сағаттар саны артты. Бұл  орыс сыныптарында оқып жатқан балаларға мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгертуге сеп болып отыр, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

2015 жылы өзге ұлт өкілдері оқитын сыныптарда сағаттарды тиімді ұйымдастыру үшін арнайы стандарт та бекітілген. Сол стандарт негізінде Ақтөбе қаласындағы №26 және Қарғалы ауданының Бадамша кентіндегі №1 мектептер қазақ тілі оқулығымен толық қамтамасыз етілді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button