Білім

Оқушы мен ұстаздың жолдамасы

Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияда қалалық білім бөлімі мен қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен  «Жарқын болашақ келбеті» фестивалі өтті.

Аталған шарада жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы жаратылыстану пәндері бойынша өткізілген жоба қорғау сайысының, «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім» тақырыбындағы эссе жазу байқауының жеңімпаздары және сурет байқауынан өнерімен дараланып, оза шыққан дарындар марапатталды.

Байқау «ЭКСПО туралы менің көзқарасым» суреттер байқауы, «Мен тұрып жатқан жерімді қалай көремін?» тақырыбында макет дайындау, Ақтөбе қаласының көрікті жерлерінен 7 минуттық  бейнекөрсетілім  әзірлеу кезеңдерінен тұрды.

Эссе байқауы бойынша оқушылар «Жасыл экономика», «Мен неліктен ЭКСПО-2017 көрмесіне барғым келеді?», «Болашақ энергиясы» тақырыптарында өз ойларын көркем сөзбен жеткізді. Мерекелік шараның соңында жеңімпаздар анықталып, концерттік бағдарламаға ұласты.

Сондай-ақ қаладағы №52 мектепте оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту мақсатында «Болашақтың энергиясы ЭКСПО-2017» атты танымдық апталық ұйымдастырылды.

Бұл шарада «Мен неліктен ЭКСПО-2017 көрмесіне барғым келеді?» тақырыбы бойынша шығарма жазған 3-сынып оқушысы Нұрболат Оразғали 3-орын иегері атанды. Ал жеңімпаз атанған Ясмин Фархад қалалық жарысқа қатысып, бас жүлдені иеленді. Ол сынып жетекшісі Балауса Сейітовамен Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға жолдама алды.

 А.ҚАЛАУОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button