Білім

«Электронды күнделік» жобасы мектептерге керек пе?

«Электронды күнделік» жүйесіне қатысты қоғам көзқарасы әртүрлі. Мұның себебі неде? Егер ол барлығына пайдалы болса, қоғам неге қатты талқылап жатыр!?». Ата-аналар, мұғалімдер тарапынан бірқатар келіспеушіліктер туындап жатқанға ұқсайды. Сол себепті, осында айтылған мәселелердің барлығы қоғам талқысына салынғаны жөн». Дүйсенбі күні өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Ол өз сөзінде аталған жоба ел игілгіне жарап жатса, қолдайтынын, «Цифрлы Қазақстан» аясында жетілдіруге әзір екендігін жеткізді.

Электронды күнделікті Мәжіліс депутаттары да құп көрмеді. Ақпанның 20-сы  күні өткен жиында депутаттар министрге кез келген реформаны қолға алмас бұрын ел-жұртпен, оқушылармен ақылдасып алуға кеңес берді.

Kundelik.kz жобасын әзірлеуші — ресейлік компания. Министрдің айтуынша, бұл жобаны мектептерге енгізу үшін бюджеттен мүлде шығын болмаған. Жаңа жүйенің авторларына жарнама арқылы пайда табуға мүмкіндік беріледі. Ата-аналар компанияның интернет-дүкен, виртуалды конференция, смс-хабарлама секілді қосымша қызметтерін пайдаланған жағдайда ғана ақша төлейді.

Министрдің мәліметінше, қазір еліміз бойынша 4 мыңнан астам мектеп «Күнделік» жүйесіне енгізілген. Жалпы 174 мыңнан астам педагог, 1,4 миллион оқушы, 854 мыңнан астам ата-ана бұл жобаны пайдаланып жатыр. Пилоттық жоба арқылы 64 жарым миллион баға қойылып, 10 миллионға жуық үй тапсырмасы беріліпті.

Біздің облыста электронды күнделік пилоттық жоба ретінде  2016 жылдың 17 қазанынан бастап енгізілді.

Сонымен, электронды күнделік деген не? Біз бұл туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік.

ЭЛЕКТРОНДЫ КҮНДЕЛІК: АТА-АНА, МЕКТЕП, МЕМЛЕКЕТ АҚША ТӨЛЕЙ МЕ?

Бұл жаңа жоба мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтады. Жұрттың бәрі бірдей бұл жүйені әлі толық түсінген жоқ. Көпшілік: «Электронды күнделікті қолдану ақылы. Мұндай шығындалатын жобаның қажеті жоқ» деп қате түсініп жүр. Электронды журналды енгізу, электронды оқулықтар, баға қою, үй тапсырмасы, сабақ кестесі, мектептегі жаңалықтар секілді қызметтерді жоба авторлары тегін ұсынып отыр. Мысалы, ата-ана логині және құпиясөзді теру арқылы kundelik.kz сайтына кіріп, «Балалар» — «Күнделік» деген бөлімдер арқылы өз баласының электронды күнделігіне кіріп, мұндағы ақпараттардың бәрін көре алады.

Жүйеге қосылғаны үшін ата-ана абоненттік төлемді қазір де, кейін де төлемейді. Мектептер де kundelik.kz сайтын пайдаланғаны үшін шығындалмайды. Бұл үшін республикалық бюджеттің қаржысы шығын болмайды.

Осы жерде заңды сауал туындайды: «Күнделік жобасы үшін ата-аналардан, мектеп әкімшілігінен ақша төленбесе, мемлекет қаржыландырмаса, жобаны дайындаушылар ақшаны қайдан алады? Олар үшін не пайда?» деген. Қаржыландырылмаған жоба алысқа бармайтыны рас. Дегенмен, болашақта міндетті емес қосымша қызметтер енгізіледі. Kundelik.kz жобалаушыларының айтуынша, ақшаны сол міндетті емес қызметтер үшін алу жоспарланып отыр. Мысалы, «Оқушы рейтингісі»  деген қосымшаны айтуға болады. Яғни, ақша тек қана ата-ана өзінің баласының емес, басқа баланың оқу үлгерімін қараса, төлейді. Бұл жоба педагогтердің де жұмысын жеңілдетеді, — дейді Г.Құлыбекова. Оның айтуынша, kundelik.kz жүйесінің барлық деректері «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы мемлекеттік ақпараттық жүйелерінің операторларында және Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық-есептеу ресурстарында жабық қорғалған орталығында сақталады. Яғни,  компьютер істен шықса, бұзылып қалса, ондағы деректер аталған орталықтардың базасында сақтаулы тұрады. Әрбір пайдаланушыны өз мектебі тіркейді. Жасырын (аноним) тұлғалар болмайды. Мұндай жағдай бола қалса, бірден анықталып, заң алдында жауапқа тартылады.

ПИЛОТТЫҚ ЖОБА: 270 МЕКТЕПТЕ ЭЛЕКТРОНДЫ КҮНДЕЛІК БАР

Облыстық білім басқармасы қызметкерінің айтуынша, бұл жобаны барлық мектепке жаппай енгізу міндеттелмеген. Пилоттық жоба ретінде ғана қолға алыныпы. Бұл туралы Гүлжан Құлыбекова былай дейді:

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 26 тамызда №536 бұйрығы шықты. Онда педагогтер мен ата-аналардың, оқушылардың арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсу, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатында мектептерде электронды журналдар мен күнделіктерді пилоттық жоба ретінде енгізу туралы жазылған. Сол бұйрыққа сәйкес облыстық білім басқармасы былтыр 17 қазанда бұйрық шығарды. Сөйтіп, «Күнделік.kz» электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесіне 225 мектеп енгізу жоспарланды.

Облыстық білім басқармасы жоспарды артығымен орындапты. 225 мектеппен қатар жоспардан тыс 45 мектеп жаңа жүйеге қосылған.

ЖҮЙЕГЕ ҚОСЫЛУ КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ, ҚОЛДАНУ НЕГЕ ТӨМЕН?

Дегенмен, мектептер жаңа жобаға қосылғанмен оны қолдану көрсеткіші төмен: қазір облыс мектептерінің 10 пайызы ғана аталған жобаны пайдалануда. Бұл — республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Аудандар бойынша тоқталсақ, салыстырмалы түрде ең жоғары көрсеткішке үш аудан ие болып отыр. Олар: Қобда (32 пайыз), Алға (30 пайыз), Хромтау (28 пайыз). Жүйені қолдану — Ырғызда екі-ақ пайыз, Ойылда үш-ақ пайыз ғана. Мәртөкте де осыған ұқсас: 4 пайыз. Ауыл мектептерінде компьютерлердің бәрі бірдей жаңа емес, кең жолақты, жоғары жылдамдықты ғаламторға қосылмағанын ескерсек, өркениет игіліктерінен тыс қалмаған Ақтөбе қаласының өзінде жүйені пайдалану мәз емес. Қала мектептерінің 5 пайызы ғана қолданып отыр. Ал бұдан кейін Байғанин (7 пайыз), Шалқар (7 пайыз), Әйтеке би (9), Темір (9 пайыз) аудандарына не сын айта аламыз? Осы жоғарыда аталған аудандар мен Ақтөбе қаласы облыс көрсеткішінің төмендеуіне тікелей әсер етіп отыр, — дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, жаңа жобамен жұмыс жасап жатқан мектептер де жоқ емес. Мысалы, Алға ауданындағы Бестамақ мектебі көш ілгері. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы №11 мектеп-гимназия (44 пайыз), №42 (17 пайыз) мектептердегі көрсеткіш салыстырмалы түрде жақсы.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТІ KUNDELIK.KZ ОРЫНДАЙ АЛА МА?

Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бес негізгі бағытты белгілеп берді. Құжаттағы төртінші басымдық — адами капитал сапасын жақсартуға бағытталған. Елбасы  білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін баса айтты. Жолдауда: «Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деп көрсетілген. Біз IT-білімді, яғни жаңа ақпараттық технологияны мектептерге енгізуіміз керек. «Kundelik» жобасы осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға септігі тиеді деп ойлаймын. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы арақашықтықты жақындату үшін де жобаның пайдасы бар, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

128 953 ОҚУШЫ. 11 082 КОМПЬЮТЕР

«Kundelik» жобасының жүйелі қолданылуы ең алдымен мектептегі компьютерлердің сапасына, жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісіне қосылғанына тікелей байланысты. Ал біздегі компьютерлер не күйде? Олардың қаншасы жоғары жылдамдыққа ие ғаламтор желісіне қосылған. Бұл деректерді де құзырлы мекеме мамандарынан сұрадық. Білгеніміз: облыстағы 415 мектептің 23-інде компьютер мүлде жоқ. Облыс мектептерінде 128 953 бала білім алып жатыр. Ал мектептердегі компьютер саны — 11 082. Мұның ішінде 2800 компьютер — ескі. Биыл облыстық білім басқармасы 2100 жаңа компьютер сатып алуды жоспарлап отыр. Соның арқасында, бір компьютерге келетін бала саны 10-нан 8-ге азайтылады екен.

Дегенмен, былтыр Байғанин ауданы жергілікті бюджеттен компьютер сатып алуға және республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа инерактивті құралдар алуға бөлінген ақшаны игермепті. Сөйтіп, аталған аудан оқушылар игілігі үшін жұмсай алмаған қаржыны мемлекетке қайтарды.

Облыс мектептерінің ғаламтор желісіне қосылуы мәз емес. Басым бөлігінің жылдамдығы төмен. Компьютері бар 392 мектептің139-ы — жоғары, 48-і — орташа жылдамдықтағы ғаламтор желісіне қосылған.

P.S:

2016-2017 оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінің 1-сыныптарына енгізілген 12 жылдық  білім беру жүйесі — әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Келесі оқу жылынан бастап бұл жүйеге 1-сыныптармен қатар, 2, 5, 7-сыныптар да көшеді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізілетін мектептердің,  ең алдымен, педгогтерінің сапалық құрамымен қатар, материалдық-техникалық базасы, оның ішінде компьютері де сапалы болуы керек. Ал «Kundelik» жобасы содан кейінгі шаруа.

P.S.S:

Айтпақшы, Үкімет отырысынан шыққаннан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі электронды күнделікті балалары қолданбайтынын айтыпты…

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button