Білім

Биыл колледждерде жаңа мамандықтар ашылады

Брифинг

Биыл 4400 орынға жергілікті бюджеттен, 1085 орынға республикалық бюджеттен колледждерде білім алушыларға мемлекеттік тапсырыс бөлу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап колледждерде аэродромдар және автомобиль жолдарының құрылысы, ара өсіруші, лифт шаруашылығы және эскалаторлар секілді бірқатар жаңа мамандықтар ашылады. Бұл мақсатта қосымша 250 млн теңге қарастырылыпты.

Талдау қорытындысы бойынша, соңғы 3 жылда біздің облысқа 7800-ден астам мамандар, оның ішінде жұмысшы мамандар қажет. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова айтты.

Жиында алдымен сөз алған басқарма басшысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында міндеттелген тапсырма — «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы туралы жан-жақты түсіндіріп берді.

Елбасы Жолдауларында білім беру саласына, әсіресе, кәсіптік-техникалық білім беруге маңыз береді. Биылғы құжатта да техникалық кадрларды даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы экономикалық жағдайларға сәйкес жаңа өндірістерге маман даярлау үшін кәсіби білім беру жүйесіне серпін беру керектігін баса айтып, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты әзірленген жаңа жоба — «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаның басты мақсаты —  жұмыспен қамту арқылы жұмыссыз азаматтардың табысын молайту, — деді С.Өмірбекова. Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағытын қамтамасыз ету екі жағдайда жүзеге асырылады. Еңбек нарығына керек мамандарды даярлау. Бұл — бір. Екіншісі жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту.

Қазір облыста 41 колледж бар. Оның 24-і — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік колледж. Бұл білім беру мекемелерінде 139 біліктілік бойынша  89 мамандық оқытылады. Мұның ішінде 24 мамандық екі деңгейлі оқыту моделіне көшеді. Яғни, студент жұмысшы мамандығын екі немесе бірнеше біліктілік бойынша тегін алады. Одан әрі қалауы бойынша конкурстық негізінде орта буын маманы ретінде оқуын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Мысалы, Ақтөбе сервис колледжінде тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша бірден аспаз және кондитер мамандары  даярланады. Ал Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар мен басқару колледжінде токарлық іс және металл өңдеу мамандығы бойынша токарь және станокшы  даярланады.

Жоспар бойынша, 2017-2018 оқу жылдарында 5485 адам мемлекеттік тапсырыс негізінде ақысыз оқиды. Оның 1085-іне қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Айта кету керек, екі деңгейлік оқыту моделіне байланысты техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық мамандықтары бойынша жалпы 4600 адам оқытылады. Медицина және өнер мамандықтары бойынша берілетін  мемлекеттік тапсырыс — 885. Ал заң және экономика мамандықтарын оқыту ақылы болады.

Болжам бойынша, мемлекеттік тапсырыс ауыл шаруашылығы (650 орын), кен өндіру (100 орын), өңдеу (175 орын), энергетика (550 орын), қызмет көрсету (525 орын), технология (300 орын), құрылыс (900 орын), көлік (875 орын), логистика және байланыс салаларына (525 орын) бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарын даярлауға 2500-ден астам орын бөлу жоспарланды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1000 орынға артық, — деді басқарма басшысы.

С.Өмірбекованың айтуынша, қазір асфальт жолын төсеуші, өнім және көкөніс өсіруші, лифт шаруашылығы, қонақүй мамандықтарына сұраныс көп. Облыстық білім басқармасы жаңа мамандықтарды ашуды жоспарлап отыр. Олардың арасында аэродромдар және автомобиль жолдарының құрылысы, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы кешендерінің операторы, сүт өнімдерін өндіру мамандықтары бар.

Бағдарламада жұмысшы мамандығын алатын болашақ студенттерді ыстық тамақпен, стипендиямен және жатақханамен қамту көрсетілген. Жатақхана мәселесін шешу үшін Ақтөбе байланыс колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжінің жатақханаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Қандыағаш пен Шалқардағы колледждерде жатақхана бөлмелерін ашу мақсатында 20 миллион теңге бөлінді. Ақтөбе автожол колледжінің жатақханасын жөндеу қажет. Бұл үшін 65,9 миллион теңгеге сұраныс берілді, — деді Сәуле Өмірбекова. Қазір барлығы 20 жатақхана бар. Сыйымдылығы — 3017 орын.

Жиын барысында Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова да сөз алып, колледжде биылдан бастап жаңа екі мамандық ашылатынын айтты.

Жалпы колледжде 15 мамандық бойынша маман даярланады. Еңбек нарығын зерделей отырып, жұмысшы мамандықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мамандықтар: лифт шаруашылығы, геодезист және бульдозерист. Соңғы жылдары қалада көптеген зәулім үйлер салынып жатыр. Сол себепті, лифт шаруашылығы мамандығына сұрнаныс бар. Ал екінші мамандықты — ұзақ жылдардан бергі серіктесіміз «Қазақавтожол» кәсіпорны облыстық филиалының өтініші бойынша ашамыз, — деді Жеңісгүл Мұхамбетпайызова.

Брифингте журналистер сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button