БілімЖастар

Турнир тақырыбы — «Болашақтың энергиясы»

EXPO — 2017

Ақтөбе қаласында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған «Болашақтың энергиясы» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Облыстық жастар ресурстық орталығы мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті ұйымдастырған шараның басты мақсаты — жастар арасынан шешендік өнері бар, өзінің көзқарасын һәм мүддесін сауатты және нақты қорғай алатын жас көшбасшыларды іздеу, оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, жастардың логикалық және инновациялық ойлау қабілетін дамыту. Пікірсайысшылардың бәйгесіне Алматы, Атырау, Қостанай, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан 30 команда, яки 150-ден астам жас қатысты.

«Сен тұр, мен атайын» деген қыз-жігіттер турнир барысында «EXPO-2017» көрмесінің елдің экономикалық, әлеуметтік салаларына алып келетін жаңашылдығы туралы ой қозғап, өздерінің тың идеяларын, жобаларын ортаға салды, көпшіліктің талқысына салды.

— Қаламызға Қазақстанның әр түкпірінен келген жастар арасында, мұнымен бірге, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында волейбол және футбол ойындары бойынша жолдастық кездесулер өткізілді. Оларға Ақтөбенің көрікті жерлері көрсетіліп, автобуспен шағын экскурсия да жүргізілді. Сол арқылы келушілерге сапардан жақсы әсер қалдыруға, осы дебатты ұзаққа дейін есте сақтауына барынша күш салдық, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дания Жұмағазина.

Екі күнге созылған шараның қорытындысы бойынша I орынды Алматы қаласынан қатысқан «Император-Триумфы» фракциясы жеңіп алса, одан кейінгі жүлделі орындарды Атыраудың намысын қорғаған қос команда — «Координатор және сенатор» мен «Айтұмар» бөлісті. Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімімен «Үздік төреші» және «Үздік спикер» номинациялары тағайындалып, жеңімпаз бен жүлдегерлерге, жалпы атаулы марапатқа ие болғандарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button