Білім

ҚАЗҰУ — әлемдегі ең үздік университеттердің бірі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті —  негізі қаланғаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстары, қасиетті қарашаңырағы, өзіндік дәстүрлерге бай, көпжылдық білім беру және ғылыми салада тәжірибесі мол жоғары оқу орны.

ҚазҰУ бірінші болып мемлекеттік аттестациядан өткен, Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті QS рейтингісі бойынша, соңғы екі жылда әлемдегі үздік университеттер қатарында Қазақстан университеттері арасындағы ең үздік университет болып саналады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті — Қазақстан ЖОО басты рейтингісі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының дипломанты атанған оқу орны. Университет — Халықаралық университеттер Ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер Ассоциациясының ұйымдастырушысы. Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. ИСО 9000:2000 халықаралық стандарттар талабы негізінде сапа менеджменті жүйесіне сай (СМЖ) халықаралық сертификаттаудан жемісті өтті және IQNET Халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді.

Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік кеңестікте интеграциялауға, өндіріске фундаментальды және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізге ие.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын білім және ғылым ордасы. Университетте 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылым-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторы, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаты, сондай-ақ, жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары боп табылатын 40 оқытушы мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианты еңбек етеді. Университетте 18 мыңнан астам білімгерлер мен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. ҚазҰУ тәжірибе жүргізу мен білімгерлермен алмасуда және заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.

2014 жылдың қаңтар айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жаhандық United Nations Academic Impact  (БҰҰ «Академиялық ықпал») тұрақты даму бойынша басқару сеніп тапсырылды.

ҚазҰУ UNIFORM Project халықаралық консорциум негізінде, Токио университетімен бірігіп, Қазақстан тарихында бірінші рет сирек кездесетін жоба — отандық наноспутникті әзірлеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жоба «ЭКСПО-2017» көрмесінде таныстырылмақ.

Ал ҚазҰУ-дің даму стратегиясы әлемнің ТОП-200 жетекші ғылыми-зерттеу университеттері құрамына ену негізінде кадр потенциалын құру — отандық және шетелдік жұмыс нарығында бәсекелестікке қабілетті жоғары білікті мамандар даярлау.

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-дің 2015-2020 жылдарға арналған стратегиялық жобасында алты стратегиялық бағыт анықталған:

1-стратегиялық бағыт. Білім беру қызметі сапасын арттыру.

2-стратегиялық бағыт. Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет сапасын арттыру және дамыту.

3-стратегиялық бағыт. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

4-стратегиялық бағыт. Тәрбие және әлеуметтік жұмысты жақсарту, жастарды мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатыстыру.

5-стратегиялық бағыт. Инфрақұрылымды дамыту және жаңа информациялық технологияларды енгізу.

6-стратегиялық бағыт. Қаржы-экономикалық қызмет тиімділігін арттыру.

Бұл стратегиялық жобаның негізгі мақсаты — ҚазҰУ-ді классикалық ұлттық университеттен әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру болып табылады.

 Серік ОСПАНОВ, физика-математика ғымлымдарының докторы, профессор,

Салтанат ҚОНДЫБАЕВА, PhD докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Экономика» кафедрасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button