Мәдениет

Жарлының жыршы құсы

Өнер

Байғанин өңірінен небір таланттар шыққан, олардың  ішінде ақын да, жазушы да, композитор да, әнші де, күйші де бар. Көбі арман қуып, Алматы асты. Ақтөбеге ат іздерін анда-санда салады. Ал ауылдан алыс кетпей, аудан халқын ән мен жырға бөлеп жүрген  домбырашы Мырзағали Төлеуов, әнші Айсан Тәжібаева, күйші Жібек Ілиясова, Оймауыттағы халық театрының  режиссері Қаби Мәуешев, музыкант Бақытжан Тәжіғалиевтар сияқты өнер адамдарының қатарында Қылышбай Тумин де бар. Туған ауылы Жарлыда жүріп-ақ, «гармоншы Қылышбай» атанды, аты Ақтөбеден әрі  Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңіріне танылды. Абай атамыз сөзімен айтқанда «жұтамайтын өнерді» серік қылып,  өзіндік реңкі бар ерекше даусымен шырқаған әндері тыңдаушысын еліктіріп  жүрген Қылышбай Туминмен жақынырақ таныстырудың реті келген-сынды.

Жарлыдағы бей күндер

Мына қысқа күнде қырық құбылған заманда Жарлыдан  жылжымай, отыз жыл бойы мектепте ұстаздық етіп, жас буынды музыкаға баулу Қылышбайға оңай тиген жоқ.  Ауыл болған соң, бала-шағаға ас-су, малға жем-шөп, пеш жағатын үйге отынды қамдаудың өзі  есі-дерті музыкаға кетіп, өрісін өнерден  іздеп тұрған   адамның аяқ-қолын жіпсіз байлайды.  Бірақ оны елең қылып жатқан Қылышбай жоқ, қашанда жарқылдап жиын-тойдың ажарын кіргізіп жүргені. Ауыл, аудан, тіпті облыс көлемінде болып жатқан шараларға  сырнайын арқалап жетіп барып, соғып тұрған желге, көтерілген шаң-тозаңға, ақ қар, көк мұзға қарамай, әсем әндерді бірінен соң  бірін табиғи даусымен (қазіргілерше фонограммамен  емес ) сызылдырып салып, елдің қошеметіне ырза болып қайтатын. Біз де Қылышбайды алғаш Ақтөбеде өткен Байғанин ауданының мәдениеті күндерінде көріп, «Нағыз әншілер елде жүр екен-ау» дегенбіз.

— Қылышбай, сізді баяғының сал-серілерінің жұрнағындай көреміз.  Өзіңіз көрсе көз тоятындай азаматсыз, бойыңызда өнердің  кені бар. Баяғыдан бері Алматыға кетіп қалмай, Жарлыда қалай жүргенсіз?

— Бір өнерпаз аулымызға да керек шығар. Оның үстіне Ақтөбедегі Ахмет                                                   Жұбанов атындағы музыка училищесін бітірген бойда Шалқардың Роза деген бір сұлуының құрығына түсіп қалдым (күліп қояды) ғой. Әйтпесе Алматыға кетіп, қолға түспей қояр ма едім…

Бұйырмыс шығар, туған аулым Жарлыдағы мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Ол қызметімді олқысынып көргенім жоқ, жаныма майдай жаққан кәсібім болды. Оқушыларға әнді де, биді де, күйді де қолымнан келгенше үйреттім. Бірталай шәкіртім қыз балалар еді, тым жақсы дауыстары бола тұра, кейін әншілік жолды қумады.

Ауылда туып-өскен адамбыз ғой, өзіміз бала күннен көріп келе жатқан тірлікті қиыншылық деп қабылдамаппыз. Байғанин ауданындағы  елді мекендерді аралап жүріп, ән айтуды міндетім деп есептедім,  еңбегімізді сатқанымыз жоқ, ол кезде қазіргідей сәлеміне дейін сататын әдет жоқ еді. Өнеріңмен  елдің әжетіне жарағаныңа, «Бәрекелді, жарайсың!» дегеніне  кәдімгідей марқаятынбыз.

«Ауыл клубын сақтап қалғаныма тәубе деймін»

— Осыдан біраз уақыт  бұрын Байғанинге іс сапарға шыққанда, жолымыз Жарлыға түсті. Сонда бір ақсақалдың  ауылдағы клубты сыртынан көрсетіп тұрып: «Бұл клубты жанашырлық жасап, сақтап қалған — Қылышбай ғой» дегені бар.  Клубты жекешелендіріп алдыңыз ба?

— Қайдағыны айтпаңыз, ауылдың клубы ғой. Жалпы ешнәрсеге бейжай қарай алмаймын. Ал оның ішінде  өзі де бірен-саран мәдениет үйлерінің өз орнында жарқырап тұрғанына не жетсін! Сахнаның адамы үшін оның   жөні тіпті басқа. Сонау  қоғам ауысып жатқан тұста Жарлының халқының  маңдай тіреп баратын жалғыз мәдени мекемесі иесіз қалды. Ауыл клубының  ішіндегі заттардың талан-таражға түсіп, әркімнің керегін алып кетіп жатқанын көзім көріп, ішім удай ашады. Шыдай алмай, сол кездегі аудан әкімі Түрікпенбай Айжарықов ағамызға бардым. «Солай да солай, мына клуб  құритын болды ғой, маған беріңіз, ие болайын, мәдени шаралар, концерттер ұйымдастырамын», — дедім. Ол кісі: «Менің де ойлап отырғаным осы еді, клубты өзің қолға ал», — деп  келісім берді. Әрине, мен қаңыраған клубты алып, пайдаға бата қояйын деген ештеңем жоқ. Тіпті сол кездегі пысықтардай  клубты жекешелендіріп алуды да ойламадым. Тек сол клубтың халыққа қызмет еткенін қаладым. Сөйтіп аман қалған клубымыз ауылда осы уақытқа дейін жақсы жұмыс істеп тұр.

«Геннадий Шульганың өнерінен өнеге алдым»

— Қылышбай, сіз гармонға қосылып ән айтуды әу баста кімнен үйрендіңіз? Өнерге деген құштарлығыңыз қашан оянды?

— Өзім қайдан білейін, ата-анамның айтуынша, шамасы бестердегі кезім болса керек, ойыншық сырнаймен ойнап жүріп, түрлі әуендерге салады екенмін. Өзі ән айтатын анам марқұм «Мына баланың талабы бар» деп, маған екі қатарлы тілді сырнай алып беріпті. Анам Балданай өзімен замандас бес келіншекпен бірге осы облыс сахнасында да ән салыпты. Әкем Орынбай да сауыққұмар еді, үйімізден қонақ үзілмейтін. Әу дейтін біреу жаңа  ән айтса болды, соның аузынан қағып алып, өз бетімше үйрендім.

Алғаш бірінші сыныпқа барғанда гармоньмен «Ана туралы жырды» айтқаным есімде. Ол кезде ауылда жарық жоқ, май шам, теледидар жоқ, тіпті радио да болмаған шығар, содан ба, халық ел ішіндегі өнерлі балаларды тыңдауға бейіл болды. Мектеп бітіргенше ауылда қай жерде концерт, бас қосу болса, сол жерде гармонымды арқалап мен жүретінмін. Штаттан тыс қызметкер болғанмын ғой.

Бала күнімізде бірде елге Геннадий Шульга гастрольмен келді. Шульганың келісті келбеті, өзін-өзі ұстауы, әнді жеткізіп орындауы, әдемі дауысы көз алдымда қалып қойды. Ауыл баласымын ғой, аузым ашылып қалды. Содан Шульганың репертуарындағы әндерді орындауға кірістім. Гармоньды қалай тартатынына дейін зейін қойдым.  Өз бетінше ізденіп жүрген маған оның әрбір қимылы қымбат еді. Шульга айтатын «Шайтанқараны» аузымнан тастамай айтып жүрдім. Кейін  музыка училищесінде оқып, үрлемелі аспаптар мамандығы бойынша  білім алдым. Қалған білімді тәжірибе арқылы жинақтадым.  Бастапқы кезде халық әндерінен «Қоғалы-ай», «Әпитөкті», т.б. орындайтынмын. Мысалы, қазірТынышбай Рақымның «Боз орамал» деген әні бар, сөзін де өзі жазған, сол әнді жұрт көп сұрайды. Қазіргі заманғы әндердің қайсысы халыққа ұнаса, соны репертуарыма енгізіп айтып жүрдім. Айтқан әндерімнің саны шамамен жүзге жетіп қалды.

— Ауыл балаларын өнерге баулып, түрлі байқауларға апарып  жүрген уақыттан есіңізде ұмытылмастай қалып қойған сәттер бар ма?

— Сонау 1989-90 жылдарда бойында дарыны бар оқушыларды іріктеп алып, оларды қолдан келгенше даярлап, аудандық байқауға 32 оқушыны апарғаным бар. Сол жолы шәкірттерім  бірінші орынды жеңіп алды. Комсомол комитетінің хатшысы Қарасай балалардың бас-басына түрлі сыйлықтар, киімдер үлестірді, сондағы олардың қуанышын көрсеңіз, әлі күнге есімнен кетпейді. Тоқырау уақыты, киім-кешектің өзі мұң болатын.

Күні кешеге дейін ауылда шәкірт тәрбиелеп келдім. Бір-екі жыл бұрын ғана Ақтөбеге қоныс аудардым, мұнда да ұстаздық қызметімді жалғастырып жатырмын. Бір түсінгенім — балалардың ортасында жүргеннен, оларды өнерге баулығаннан артық ештеңе жоқ екен. Өйткені еңбегіңнің жемісін  көзің көреді, балалардың жаны таза, пәк, өзің де тазарасың.

«Халықтың ықыласы естен кетпес»

— Сіз аулыңыздан көшіп келген жылы қатты сырқаттанып, тіпті Мәскеуге дейін барып,  ажал аузынан қайттыңыз.  Бұл да ,бәлкім, сіз қалаға көшерде жылап қоштасқан Жарлының халқының ақ тілеуінің арқасы шығар. Жалпы өнер адамы үшін не қымбат?

— Ең жалынды, ең шабытты шақтарымды Жарлыда өткіздім. Ұл-қыздарым ержетіп, шаңырақ көтерді, немере сүйдім. Жұрттың бәрі ауылдан ірге аударып көшіп жатқанда, мен қимай қалып қойдым. Балалар ержеткен соң, біз де облыс орталығына көшейік дегелі талай жыл өтті. Бір күні ауылдастарыма арнап концерт ұйымдастырып, Жарлыдан көшетін болдым. Талай жыл бірге қызметтес болған Ибрагим  Ермекбаев ағамнан бастап жылап қоштасты. Халықтың ықыласы естен кетпейді екен. Өнер адамына одан жоғары құрмет болмайды, ақша да, басқа да табылар, бірақ шынайы ықыласты ешкімнен сұрап ала алмайсыз.  Шынында ауылға, ауданға келген бүкіл қонақтарды қарсы алып, шығарып салу, шашбауларын көтеру өнерпаздардың мойнында, театр да өзіміз. Күн-түн демей талай жүрдік, содан денсаулыққа нұқсан келген шығар. Кейбіреулер жеңіл-желпі ән айтып, өнердің қадірін түсіріп жүр. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» дейді, ән айту оңай-оспақ өнер емес.

— Сіз халыққа ұнайтын қазіргі әндердің бәрін шырқайсыз, сізді сүйіп тыңдайтындар көп. Тек бір кемшілігіңізді байқадым,  «Әні, сөзі кімдікі?» дегенге келгенде кібіртіктеңкіреп қаласыз. Әлде әннің мазмұнына көңіл қоймайсыз ба?

— Әннің әуені мен мазмұнын біліп алмай тұрып, қалай ән айтуға болады?  Бұл деген өзін әншімін деп жүрге кісіге сын ғой. Соңғы кезде денсаулығыма байланысты кішкене ұмытшақтық пайда болып жүр. Негізі, бұрын әндердің  музыкасын да, сөзін де жазған адамдардың аты-жөнін тайға таңба басқандай етіп әндер жинағына  не бағдарламаға  жазып қоятын, радиодан, теледидардан концерт жүргізуші хабарлайтын еді. Ол деген мәдениеттің үлкені ғой. Қазір қаптаған ән, кім жазып, кім қойғанын айыру қиын. Бірінің әні бірінікіне телініп жатады. Сөздерін оқып отырғанда, кейде қысылып қаласың. Авторын айтып жатқан да ешкім жоқ. Мысалы, «Ақторғын» деген бір әнді орындап жүрмін, тыңдаушы өте жақсы қабылдайды, бірақ сол әннің авторын сұрастырып таба алмадым.

— Облыс орталығына келгелі әлі бір  шығармашылық кешіңіз өтпепті.  Сол күнді  сіздің өнеріңізді сыйлайтындардың іштей күтіп жүргеніне шүбә жоқ. Нендей жоспар бар?

— Елдің алдында есеп концертімді беретін уақытым жетті деп ойлаймын, осыдан 4-5 жыл  бұрын Ақтөбеде алғаш рет жеке концертімді бергенмін, сол жолы бұл жақта да  көрермендерімнің  көптігін көріп, тәубе дегенмін. Құдай қаласа, биыл жеке концертіме шақырып қалармын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button