Мәдениет

Әлия қаза болған күн

Жеңіске — 65 жыл

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

14 қаңтар — Ұлы Отан соғысындағы  Шығыстың екі батыр қызының бірі — Әлия Молдағұлованың майдан даласында қаза болған күні. Осымен байланысты біз саналы жетпіс бес жыл ғұмырының отыз бес жылын батырдың жорық жолдарын зерделеуге арнаған, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы, Қобда ауданының құрметті азаматы Ғалымжан Байдербеске жолығып, әңгімелескен едік.

— Ғалеке, сұрапыл соғыстың басылғанына биыл 65 жыл болады. Соның өзінде де бізге жетпеген көмескі деректер көп. Майдан шындығы әлі толық ашылып болмаған сияқты. Әлия апамыздың 1944 жылдың 14 қаңтарында қаза болғанын білеміз. Бірақ, қандай жағдайда, қалай қаза болған. Бұған кейінгі жылдары қосылған тың деректер бар ма?

— Қаңтардың ішіндегі нағыз аязды күндердегі ұрыстардың кезінде қаза болған ғой. Псков облысының Новосокольники ауданындағы Казачиха деп аталатын деревняның жанындағы темір жолдың бойында Насова деген үлкен станса болған. Немістер бекіп алған осы стасаны алуда кескілескен қырғын ұрыс жүрген. Осы жерде Монакова деген үлкен қорған бар. Жаңағы Казачиха деревнясы сол қорғанның жанында тұр. Сол жерде екі жақтан 50 мыңдай адам қырылған үш күннің ішінде. Әлия алдында екі жерде — Воево, Федоруновада болған ұрыс кезінде майдан даласындағы жауынгерлерді ұрысқа көтереді. Үшінші рет 14 қаңтар күні осы Казачихада. Себебі, ұрыс үстінде командирі оққа ұшады. Оңтайлы жерге бекіп алған дұшпан биіктен оқ жаудырып, беттетпейді. Жауынгерлер бас көтермей, жер бауырлап жатып қалады. Осы кезде Әлия «Алға! Отан үшін!» деп ұрандап, жауынгерлерді шабуылға шақырып, омырауын оққа төсеп, ілгері жүгіреді. Сөйтіп, Казачиха тұсындағы блиндажды немістерден босатады.Сол жерде қатты жаралы болады. Кеңестік деректер бойынша, батыр қыз осы ұрыс үстінде қаза болды деп жазылып келгені белгілі. Ал, мен 1980 жылы Әлиямен бірге болған, мерген Зинаида Поляковамен хат жазысқанымда, басқаша деректер берді. Әлияның Алтай өлкесінде тұратын, көзі тірі, майдандас құрбысының  маған жазған хаты бар. Онда әлгі ұрыста батыр қыздың ауыр жаралы болғанын, Зинаида күйеуі Поляков және майдандас құрбысы Матвеева үшеуі плащ палаткаға салып, сол кезде уақытша лазарет ретінде жұмыс істейтін сарайға апарып, қайтып келе жатқанында әлгі сарайға бомба түсіп, Әлияның сол жерде қаза болғанын баяндайды. Жерлеуге Бойков деген сол деревняда тұратын азаматтың қатысқанын жазады. Мен сексенінші жылдары барып, сол шалды іздеп тауып, жолықтым. Сонда ол кісі растап, «Кішкентай ғана, шашы қара, нәзік қыз екен. Өзімнің алма бағымның ішіне жерледім», — деді. Осы жерден 1965 жылы батыр қыздың мүрдесі Монаково биігіндегі, елу мың жауынгер қаза болған Туысқандар зиратына қайта жерленеді.

— «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дерлік, сұрапыл соғыс үстінде кімнің батыр, кімнің қорқақ екенін анықтау да оңай болмаған шығар. Марапатын пәлен жыл өткен соң, кейін тауып жатқандар да, тіпті атаусыз кеткендер де бар. Ал, Әлия мен Мәншүкке Кеңес Одағының Батыры атағы бірден берілген. Осының мәнісі қалай?

— Сүлейменов деген әйгілі мерген болған. Ол немістің 300-ге жуық адамының көзін жойған. Бірақ соған батыр атағы берілген жоқ. Мұндай адамдар аз емес. Хиуаз Доспанова да кейін алды. Ал Әлия мен Мәншүкке қалай берілді дегенде?.. Олардың екеуінің ерлігін де командирлері көріп жатқан. Мергендерге өздері тапсырма беріп, соларды көз алдарында орындағандарына куә болған. Сөйтіп, марапаттауға өздері ұсынып, құжат қағаздарын толтырып, қол қойған да, берген. Мәншүк те солай. Үш пулеметпен бірдей, кезек атып, басынан жаралы болғанын командирі көреді ғой. Бұларды жоғарыға баяндау қағаз жазбай-ақ, командирлердің өздері марапатқа тікелей ұсынған. 54-атқыштар бригадасының командирі Николай Матвеевич Уральский біздің жерлесіміздің даңқының шығуына бірден-бір зор үлес қосқан адам. Соның арқасында Әлияның ерлігі соғыстан кейінгі жылдарда да насихатталып, оның тікелей араласуымен мүрдесі Туысқандар зиратына қайта жерленді, Ленинградта мұражай ашылды. Новосокольникидегі, Мәскеудегі мұражайлардың ашылуына да бастамашы болды.

Бір жылы сол командирінің «Комсомольская правда» газетінде «Мен соғысқа картоп тазалауға келген жоқпын» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Әңгімесінің қысқаша мазмұны: бұлардың бөлімшесіне бөлінген үш қызды көріп, «Бұларды неге әкелдіңіздер? Кәне, асханаға картоп тазалауға жіберіңіздер!» дейді ғой. Сонда Әлия ұшып түрегеліп: «Біз асханаға картоп тазалауға келген жоқпыз. Соғысуға келдік!» депті командирге.

— Сонымен батырдың қайтыс болған жылы, айы-күні дұрыс қой?

— Бұрынғы деректер дұрыс, оған ешқандай талас жоқ. Тек бұрын ұрыс даласында қаза болды деп көрсетілді. Ал біз зерттей келе, өздері қолынан қойған, жерлеген майдандастарының дерегі бойынша ақтық демі басқаша жағдайда үзілгенін анықтадық. Шындығы — сол. Бірақ, ол кезде бұлай деп айтуға болмайтын еді. Себебі, кеңес өкіметінің кезінде батыр болғаннан кейін ұрыс даласында өлу шарт. Жараланды, анау-мынау деуге болмайтын-ды. Сондықтан әңгімені көбейтпей, қоя қойған. Сексенінші жылға дейін солай деп келдік. Одан кейін командирінің, майдандастарының маған жазған хаттары бойынша, Әлияның туғанына 80 жыл толуына орай, мен осы деректерді жарияладым. Соның өзінде кейбір адамдар қарсылық білдірді. Бірақ, шындық солай. Соғыстың біз біле бермейтін шындықтары болады ғой…

Қобдалық батыр қыздың ерлік істерін ардақтауда, есте қалдыруда, жас ұрпаққа үлгі етуде облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың сіңірген еңбегі зор. Тек бұл емес, Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық ардагерлерге орасан зор қамқорлық көрсетіп келеді. Бұған айтар біздің алғысымыз  шексіз.

— Маған батыр қыздарымызды ұлықтауымыздың кемдігі жоқ сияқты көрінеді…

— Біз — біз ғой, Әлия мен Мәншүкті орыс халқы қатты бағалайды. Өзінің қыздарын біздің осы қаракөз қыздарымыздың ерлігін айтып, тәрбиелеп отыр. Өткен жылы біз делегация болып, Псков облысындағы Новосокольнкидің азат етілгеніне және Әлияның қайтыс болғанына 65 жыл толуына байланысты өткізілген шараларға қатысып қайттық. Сол жерлерде қатты соғыс болған. Немістер осы жерде бекіп төрт жыл тұрған. Соңғы барғанда Казачихадан 7 шақырым жерде Айдарова деген село бар екен. Сонда жауынгерлік жорық жолдарын зерттейтін ізші балалармен бірге барып, бір кемпірмен кездесіп, әңгімелестік. Ол сол жерде 70-80 адамның қаза болғанын, соның ішінде қазақтардың да кездескенін айтады. Ұрыстың тұтқиылдан болғаны сондай, жауынгерлерді әскери киім киюге үлгертпей, соғысқа салған ғой. Соның ішінде шапан киген біреуі «Мен қазақпын!» деп айтып жүргенін естігендер бар.

Осында қазақстандық сәулетші Болат Әйнековтің 1979 жылы тұрғызған Әлияның ескерткіші бар. Соңғы барғанымызда бір қарт сол ескерткіштің тұрған жерінде, бұрын немістердің моласы болғанын айтты. Жақсы жер екен, биікте, етегі су. Немістер осы жерге қаза болған адамдарын жерлеген. Соғыстан кейін тұрғындар сол жерді күреп тастап, Әлияның ескерткішін сол биікке, немістердің сүйегінің үстіне қойған.

— Қандай ескерткіш?

— Үлкен ескерткіш. Биіктігі — 14 метр. Суреті менің Әлия туралы кітабымда бар.

— Сіз бір сөзіңізде Әлияның қаза болған күнін 35 жылдан бері аза тұтып, атап өтіп келемін деп қалдыңыз. Алғаш рет қайда және қандай жағдайда аталды?

Батырдың туған ауылына партия комитетінің хатшысы болып келген жылы атап өттік. Әрине, ол кезде тап мұндай дәрежеде болған жоқ. Ауыл адамдарының, мектеп оқушыларының, комсомол- жастардың қатысуымен аудандық дәрежеде өткіздік. Аудандық партия комитетінің хатшысы Күлаш Исмайылова, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мәлік Жекеев қатысты. Қай кезде де қоғамдық шаралар өзінің әліне қарай өтеді ғой. Тап бүгінгідей, кең көлемде өтті дей алмаймын. Бірақ, ол кездің бір артықшылығы бар еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің қатары түгел, әлі сирей қоймаған-ды. Тек Әлияның атындағы ауылдың өзінде 40-тың үстінде соғысқа қатысқан майдангер болды. Олармен әңгіме өткізу қызық еді. От пен оқтың ішінен келгендер майдан даласының әңгімелерін тірілтіп жіберетін. Қазір батырдың ауылында тікелей соғысты көрген майдангерден бір-ақ адам қалған.Оның өзі де Ойыл ауданынан көшіп келген.

— Әлияның майдандас қаруластарынан көзі тірі кімдер бар қазір?

Тірі қалғандар жоқтың қасы-ау деймін. Тек қана былтыр мен іздеп тапқан, Орал қаласында тұратын, жасы 86-ға қараған Ғалиева-Қожахметова апамыз бар. Ол Мәскеудегі мергендер мектебінде Әлиямен кездеседі. «Мен қазақпын. Есімім —Әлия!» деп танысты деп, еске алады. Әскери марапаттары бар, белгілі майдангер. Өткен жылы Орал қаласында өткен 85 жасқа толу шарасына қатысып қайттым. Сол тұста ол жөнінде теледидарда хабар ұйымдастырылды, газеттер жазды. Мәскеуде де батыр қызымыздың көзін көргендер бүгінде қалып жарымады. Соколова бар еді, былтыр қайтыс болып кетті. Айтпақшы, А.Котлярова, К.Калугина, Алматыда Л.Бакиева бар. Бұлар Әлиямен мергендер мектебінде бірге болғандар. Батыр жерлесімізді тап тікелей көрген, ұрыс даласында бірге болғандар жоқ. Жалғыз Полякова-Матвеева еді, Алтай өлкесінде, өлі-тірісін білмеймін. Одан хатты соңғы рет сексенінші жылы алдым.  Уақыттың өктемдігімен өмір озады. Оған не шара бар? Бірақ, ерлік ескірмейді.

— Сізді Әлиятанушы десе болады, 35 жыл бойы осы жолда келесіз…

— Тағдырдың өзі мені соған орайластырды. Отыз бес жыл бұрын Әлия ауылына жұмыс бабымен бардым. Бұған және бір себеп болған, әйелім 20 жыл бойы сол жердегі мұражайдың меңгерушісі болды. Өзімнің жұмысым да сабақтас, оның үстіне зайыбыма жәрдем беру де керек болды. Ақтөбеге қоныс аударып едім, мұнда да Әлия алдымнан шықты. Батырдың жолы ғой деп, ден қойдым. Оным бөтен болған жоқ, біраз нәтижелерге жеттім, із қалды.

Алғаш рет мен батыр жерлесіміздің майдан жолымен 1979 жылы жолға шықтым. Жанымда облыстық телехабар тарату комитетінен Әнуар Шүкиев деген жігіт болды. Сол екеуміз Ресейдің біраз жерін араладық.Ол кезде Әлияның командирлері тірі еді. Никифорова, Маликова, Бутуровамен кездестік. Ол енді айтатыны жоқ, керемет кездесулер еді. Батыр жерлесіміздің өмір жолына, ерлік жорығына қатысты біраз дүниелерді тірі куәлердің аузынан естіп, үлгеріп алып қалдық. Көп деректер, нақты құжаттар, құнды жәдігерлер жинап қайттық. Қаза болған жерінен топырақ әкелдік. Телефильм түсірдік. Кейін біздің ізімізбен ол жақтарға облыстан арнаулы делегация барды. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің Мәскеудегі меншікті тілшісі Сағын Тойтанбаев «Алматыдан Псковқа дейін» деген естелік жазып жүрді. Ол осында да келді. Сол кісі бізге көп материалдар берді. Осындай ұзақ жылдар жиналған деректердің негізінде мен кітап жазып, қолда бар материалдарды кеңінен пайдаландым.

—    Әлияның аты Мәншүктен гөрі көп шығады.Осының себебі неде ?

— Әлия Ленинградта балалар үйінде болған.Сондықтан орыстар: «Ол қазақ, бірақ біздің Әлия» дейді. Өздеріне меншіктеп сөйлейді. Оның жөні де бар: Ресейде оқыды,  балалар үйінде тәрбиеленді, мектеп бітірді. Кездесулерде бірсыпыра адамдар: «Ақтөбенің құмында, даласында туып, Әлия Мәскеуге, Ленинградқа қалай барып жүр?» деп сұрайды. Дұрыс. Расында да біреу апару керек қой. Ал, Әлияның нағашысы Әубәкір Молдағұлов Ойылдың кетесі, оқыған адам болған. Алғашқылардың қатарында Қазақстаннан Мәскеудің, кейін Ленинградтың темір жол көлігі академиясын бітірген. Осында, Шалқарда темір жол саласында жұмыс жасап, қызмет бабымен 1935 жылы Әулиеатаға барады. Сонда істеп жүргенде, Мәскеуге оқуға жібереді. Ол кезде оқуға отбасымен барады екен. Бала-шағасымен көшіп барады. Сапура мен Әлия да соның ішінде болады.Соғыстың алдында 1939 жылы академияны Ленинградқа ауыстырады. Молдағұловтардың отбасы Смольный көшесінде тұрады. Соғыс басталып, жағдай қиындаған кезде, нағашысының отбасы Ташкентке көшіріледі де, Әлия бабалар үйінде қалады.

Осыны бұрмалап, Әлияны Ленинградтағы балалар үйіне әкесі тапсырған деп, жазғандар да бар. Ал, оның әкесінің кім болғанын ел біледі, қара шаруа. Оның ол кезде Ленинград түгілі, Темірден Ақтөбеге келуі екі талай.

— Үлкен еңбек сіңірген нағашысы екен ғой.

— Ал, енді бір ескерілмей келе жатқан осы адам. Әлияға есімін беріп, әкесіндей қамқор болған кісі. Мен бұл адамды есте қалдыру үшін Ақтөбенің темір жол көлігі колледжіне Әубәкір Молдағұлов есімін берсе, Әлияның рухы риза болар еді деп есептеймін. Бұл жерде батырды тәрбиелеуге еңбек сіңіргенімен бірге, оның еліміздің тұңғыш жоғары білімді теміржолшысы болғанын да ескерген жөн.

Бүгін Әлияның туған ауылында қаза болған  күніне байланысты шаралар өтеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button