Білім

Үздіктің үлесі

Биыл 2009 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Жас Отан» және «Қазақстан жастарының Конгресі» ұйымдастырған жыл сайынғы дәстүрлі «Жастар» сыйлығының «Жастармен жұмыс жүргізуде үздік аймақтық мемлекеттік ұйым» номинациясы бойынша Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы үздік деп танылды. (Бұл жөнінде газетімізде аталған басқарма бастығымен сұхбат беріліп отыр — М.Р.) Бұл, әрине, тұтас ұжымның, соның ішінде жастармен жұмыс жөніндегі бөлім еңбегінің де жемісі екені даусыз.

Осы қуанышты оқиға тұсында жастармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Алтынай Юнисова биылғы жоспарларымен бөлісті:

Биыл бірінші рет мектеп бітіруші түлектерге арналған анықтама кітапша шығарамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Жас түлектің қолына мектеп бітіру жөніндегі куәлігін алған соң алдындағы сан тарам жолдың қайсысына түсерін білмей абдырап қалатыны аян ғой. Сол жауапты тұста біздің шығарған анықтама кітапшамыз көмек болады деп үміттенеміз. Онда облыстағы оқу орындары мен ондағы факультеттер, мамандықтар мен олардың оқу ақысы секілді толық ақпараттар берілетін болады. Кітапша облыс мектептеріне таратылады.

Осы жылы бірінші рет өткізілетін студент жастар арасындағы «Жас отбасы» байқауын да сәті түссе, дәстүрлі шара ретінде ұйымдастырамыз деген үміттеміз. Байқау мақсаты — қоғамдағы отбасы құндылықтарын жастар арасында насихаттау, соған сай жас отбасылар арасында ажырасу жағдайларын азайту.

Биыл, сондай-ақ екі жылда бір рет шығатын шығармашыл жастардың «Темірқанат» жинағы жарық көреді. Онда жас суретшілердің, проза мен поэзияға қалам тербеп жүрген өндір жастардың шығармалары топтастырылады.

Айта кететін тағы бір жайт, былтыр біз бірінші рет облыстық кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырдық. Өткен жылы бұл байқау облыстағы жұмысшы жастар арасында «Ең үздік газоэлектр дәнекерлеуші жас маман» тақырыбында болды. Оған осы мамандық бойынша аттестациядан өткен 30 жасқа дейінгі үміткерлер қатысты. Оны ұйымдастырудағы мақсатымыз — жастар арасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, мектеп бітіруші түлектердің бетін жұмысшы мамандықтарына қарай бұру. Енді бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, біздің қоғам білікті жұмысшыларға өте зәру. Және әр байқауды жүргізушілер, шаштараздар, басқа да әр түрлі жұмысшы мамандықтарына арнаймыз.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button