Экономика

Баға қалай тұрақтанады?

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің төрағалығымен бағаны тұрақтандыруға қатысты штабтың отырысы өтті.

Жиында үш мәселе қаралды. Біріншісі — Ақтөбе қаласындағы сауда желілеріндегі әлеуметтік  маңызы бар тауарлар бағасының жай-күйі және оның өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бойынша Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұман Зине баяндама жасады. Оның айтуынша, азық-түлік бағасының көрсеткіші — республикалық көрсеткіштен 1,1 пайызға төмен. 2016 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік маңызы бар он азық-түліктің бағасы республика бойынша біздің өңірде ғана арзан бағамен сатылған. Жалпы тұз, шай, құс еті, тары бағасының арзандығы бойынша Ақтөбе облысы бірінші орынға шығып отыр. Қазіргі күні Ақтөбедегі бір келі ұнның бағасы — 98 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға өскен. Қазіргі таңда «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» бірінші сортты «Гранум» ұнын 93 теңгеден сатылымға шығарып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда баға 27,4 пайызға жоғарылаған. Жұман Зине бағаның бұлай өсуін шикізат пен жанар-жағармай бағасының көтерілуімен түсіндірді. «Анвар», «Дина» супермаркеттерінде «Гранум» ұнының келісі 100 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ қанттың орташа бағасы — 283 теңге. Жұмыртқа, құс еті, күріш, шай секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің де бағасы біршама көтерілген. Облыс әкімінің орынбасары  бағаның өсуіне қатысты мониторинг жүргізу қажеттігін ескертті.

Баға не себепті өсті, шикізат құны қанша, яғни осының барлығы қадағаланып, бақылануы тиіс. Бірқатар азық-түлік тауарларын өндірушілермен меморандумға қол қойылды. Нәтижесі қандай?  Бұл да назарға алынуы керек, — деген Мұхтар Жұмағазиев мәселе жан-жақты қадағалану керектігін айтып, жаңадан сайланған қала әкімінің орынбасарына бірқатар тапсырмалар берді.

Сондай-ақ жиында екінші мәселе бойынша, яғни облыстағы тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарларын іске асыру барысы туралы  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Бекжан Толыбай баяндады. Ал үшінші мәселе — өңіраралық кооперация жұмысы мен биылғы жылғы жоспары туралы «Управления рынками» серіктестігінің директоры Батыржан Аймағанбетов айтып берді.

Былтыр Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы азық-түлік компанияларымен келісім жасалған. Нәтижесінде пияз, картоп, тұз, қарбыз-қауын секілді өнім түрлері облысқа молынан әкелінген. Мәселен, 180 тонна пияз, 60 тонна сәбіз осы өңірлерден тасылыпты. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Жақын күндері Жамбыл облысынан картоп, сәбіз, пияз әкелінеді. Сондай-ақ көрші Қостанай, Атырау облыстарымен де байланыс нығайтылған.

Жиынға қатысушылар бағаны тұрақтандыру жайын ортаға салды. Сондай-ақ аудандармен онлайн арқылы байланысқа шығып, азық-түлік бағасына қатысты мәселелер талқыланды. Мұхтар Жұмағазиев қала мен аудандағы кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары мен әкімдерге тапсырмалар берді. Нәтижесі келесі жиында айтылмақ.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button