Спорт

«Тұлпар» мен «сұңқардың» жарысы

Қысқы Универсиадаға қатысушы спортшыларымызды жеңіске жігерлендіріп,  қолдау көрсету мақсатында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы қызметкерлері  «Қанатыңды кең серпі!» ұранымен мектеп, колледж арасында апталық спорттық сайыстар ұйымдастырған болатын.

Спорттық сайыстың алғашқы эстафетасы Ақтөбе мұнай-газ колледжінде басталса, екінші күні Ақтөбе қаласындағы №36 орта мектепте, кеше эстафета қаланың №34 орта мектебінде жалғасын тапты. Мектептің спорт залында ұйымдастырылған спорттық сайыстың ашылу рәсімінде еліміздің қасиетті көк байрағы ортаға әкелініп, Әнұран шырқалды. Содан соң мектеп директоры Дәмелі Қартпағамбетова Универсиадада ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі.

Спорттық сайыстың жалғасында «Кәусар бұлақ» балабақшасының тәрбиеленушілері, кітапхана қызметкерлері мектеп оқушыларынан құралған жастар «Алға, Қазақстан!» әніне флешмоб  ұйымдастырды. Жарыс кезінде волейбол, баскетбол, қызықты старт ойындарын ұйымдастырды.

Шара кезінде мектеп оқушыларынан құрылған «Тұлпар», кітапхана қызметкерлерінен құрылған «Сұңқар» командалары  белсенділік танытты.

Кітапхана директорының орынбасары Үржан Құрманқызы спорттық сайысты қорытындылап, мұндай шараның жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатуда маңызы зор екенін атап өтті.

Жарыс жеңімпаздары Алғыс хаттармен марапатталды.

 Гүлшарат ТЕМІРХАНҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер кітапханасының

қызметкері.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button