Экономика

Экспорт және мемлекеттік қолдау

«Kaznex Invest» акционерлік қоғамының өкілдері жергілікті  экспорттаушы компаниялардың мамандарына  «Шикізаттық емес экпортты мемлекеттік қолдау» тақырыбында жиын өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты.

Өз сөзінде Қ.Бекенов «Kaznex Invest» акционерлік қоғамының бүгінде еліміздің  экспорттық әлеуетін көтерудегі рөліне ерекше тоқталды. Ол Ақтөбеде экспорттық әлеуеті жоғары компаниялардың да жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

«Kaznex Invest» акционерлік қоғамы қызметінің негізгі бағыттары — кәсіпорынның экспорттық қабілетін дамытуға ықпал ету, институционалдық әлеуетті дамыту, сондай-ақ қазақстандық өнім экспортын, тауарлар мен қызмет брендісін алға бастыру.

«Kaznex Invest» АҚ-ның бас менеджері Айсұлу Сұлтанмұратова жиынға қатысушыларға шикізаттық емес экспортты қолдаудың мемлекеттік саясатын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары төртке бөлінеді. Олар — экспорттаушылар үшін аналитикалық қолдау, экспортты жылжыту, экспортты дамыту және экспорттаушылардың шығындарын өтеу.

Әрине, мемлекеттік қолдауда экспортты жылжытудың, оның ішінде шетелде сауда миссиясын ұйымдастырудың тиімділігі зор. 2010-2016 жылдар аралығында 18 мемлекетте 50-ге тарта сауда миссиясы ұйымдастырылды. Олардың арасында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, Иран, Румыния, Польша, Грузия сынды мемлекеттер бар. Бұл шараларға 800-ге тарта қазақстандық және 3000-ға жуық шетелдік импорттаушылар қатысты. Нәтижесінде, 476 миллион АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалды. Соның ішінде, Ақтөбе облысынан сауда миссиясына 8 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде шамамен 34,9 миллион АҚШ долларына экспорттық келісімшартқа отырды, — деді А.Сұлтанмұратова.

Еркін әңгімелесу түрінде өткен жиында жергілікті экспорттаушы компания өкілдері көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.

А.НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button