Спорт

…Мен үшін үлкен мәртебе!

Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжінің шаштараз мамандығы бойынша 2-курс оқушысымын.

Биыл 29 қаңтардан 8 ақпанға дейін Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға орай ұйымдастырылған Алау эстафетасына іріктеліп алынған алпыс алаугердің бірі болғаныма қуаныштымын.

Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Кішкентай кезімнен спортты жақсы көріп өстім. Біздің мектеп-интернат-колледжде балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын нығайтуға жақсы жағдайлар жасалған. Түрлі спорт секциялары жұмыс жасайды.

Мен 6-сыныптан бастап, күрес секциясына үздіксіз қатысып келемін. Күрес өнерінің қыр-сырына баулып, бойыма намыс пен жігерді, қайсарлық пен ұстамдылықты дарыта білген ұстазым  — Марат Оңайбаев та есту мүмкіндігі шектеулі жан. Оның тынымсыз еңбегі мен құлшынысымның нәтижесінде еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанып, 2014 жылы Арменияда өткен халықаралық чемпионатта ІІ орын, былтыр Иранда өткен халықаралық чемпионатта 4-орынды иелендім.

Мен топырағы киелі қасиетті Байғанин жерінде тудым. Спортта жеткен жетістіктерім үшін 2015 жылы «Байғанин ауданының Құрметті азаматы» атағын иелендім. Жас та болсам, бір басыма жетерлік осындай құрметтерге ие болуым менің жанымда жүрген ұстаздарымның еңбегі деп білемін.

Алдағы Универсиадада ел намысын қорғаушы спортшыларға сәттілік тілеймін.

Мұхтар ЕСЕНҒОСҰЛЫ,

Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар

мектеп-интернат-колледжінің 2-курс оқушысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button