Спорт

Жасөспірімдеріміз жартылай финалға шықты

Қазақстандық 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер Санкт-Петербург қаласында футболдан өткізіліп жатқан Гранаткин Мемориалы турнирінде жартылай финалға шықты.

Мұндай жетістікке алғаш рет қол жетіп отыр. Бұдан бұрынғы бұл додалар барысында жас жерлестеріміз кібіртіктеуден аса алмаған болатын. Дәлірек айтқанда, 2012, 2014 жылдары  соңғы орындарда қалса, 2015 жылы 14 команданың арасында 10-орынға шыққан еді.

Биыл 16 команда қатысып жатқан турнирде жерлестеріміз «С» тобына түсті: Литва, Әзірбайжан, Словакия, Қазақстан.

Енді сәл шолу жасап өтелік.

9 қаңтарда Словакия мен Қазақстан бір-біріне алдырмай, тең тарасты — 0:0.

Ал 11 қаңтарда Әзірбайжан құрамасымен өткен кездесуде басым есеппен ойнап жатқан қазақстандықтар 82-минутта сыр беріп алып, ойын тең есеппен біткен болатын — 2:2. Қазақстандық гол авторлары: Дінмұхаммед Кашкен, 17-минут; Еркебұлан Сейдахмет, 53-минут.

13 қаңтар күні Александр Кузнецовтың шәкірттері Литва командасын айқын басымдылықпен жеңді — 2:0. Гол авторлары: Жаналы Пайруз, 50-минут; Еркебұлан Сейдахмет, 71-минут.

Осылайша 5 ұпаймен ширек финалға шыққан Қазақстан Словениямен сынға түсті. Қарсыластар қақпасына 2-минутта-ақ Жаналы Пайруз гол енгізсе, 61-минутта Айдос Орал пенальтиді мүлтіксіз орындап, ұтыс есебін біржола нықтады — 2:0.

Бұл ¼ финалда Қазақстан төмендегі құраммен ойнады:

Данил Устименко, Ерасыл Аманжол, Санжар Батырханов, Данил Кузнецов, Талғат Күсіпов, Мұхит Жақсылық (Лев Скворцов), Гаврил Кан, Айдос Орал, Жаналы Пайруз (Сұлтанбек Астанов), Дарын Сүйінов (Санжар Айтым, Әліби Тұзақбаев), Еркебұлан Сейдахмет.

Енді жерлестеріміз бүгін, 18 қаңтар күні жартылай финалда Грекия құрамасымен кездеседі. Кездесу Астана уақытымен 19.30-да басталады. Гректер ширек финалда латвиялықтарды негізгі уақыттан кейінгі пенальтилер көрсеткіші арқылы жеңген болатын (0:0; 8:7).

Еске сала кетейік, Валентин Гранаткин Мемориалы, яғни Халықаралық жасөспірімдер турнирі 1981 жылдан бері ФИФА-ның тұңғыш вице-президентін еске алу мақсатында өткізіліп келеді.

Жалпы биыл «С» тобынан басқа топтарда төмендегі командалар ойнады: «А» тобы: Тәжікстан, Грекия, Болгария, Эстония; «В» тобы: Латвия, Белоруссия, Ресей, Үндістан; «Д» тобы: Молдавия, Словения, Санкт-Петербург, Иран.

 Е.АХАТҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button