Спорт

Спорттық ойындар өтетін нысандарда қар тапшылығы болмайды

Қысқы Универсиада – 2017

 Алматыда ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу кезінде спорттық нысандар трассалардағы қар көлемі жағынан тапшылық көрмейді. Алматыда Универсиаданы өткізу жөніндегі дирекция қар тапшылығымен байланысты туындауы мүмкін қиындықтарды шешу үшін бірнеше жоспарды дайындап қойды.

Универсиада кезінде спорттық нысандар қардың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар —  «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, «Табаған» кешені», «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы және «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені. Дирекция бұл нысандарды қармен қамтамасыз ететін қолданыстағы жүйені жаңғыртты. Оған қоса, нысандарда су беру және тазарту жүйелері жаңартылып, гидранттар, сорғылар және жасанды қарды жасап шығаратын арнайы зеңбірек орнатылды. Қабылданған шаралар жеткіліксіз болған жағдайда, мәселені шешудің тағы бір жолы қарастырылып қойылған.

«Тіптен жылы ауа райы болатын болса, бізде «С» жоспарымыз бар, яғни қарды маңайдағы таулы жерлерден жеткізетін боламыз. «Алатау» кешеніне 50 мың текше метр, яғни биатлон трассасына 30 мың және шаңғы трассасына 20 мың текше метр қар қажет екенін қазір есептеп қойдық. Қанша рет рейс жасайтынымыз белгілі, облыс әкімдігімен бірге кездесулер өткізіліп, «С» жоспарын орындау үшін нақты бағдарламалар белгіленген. Қар жинайтын орындар, оның көлемі, қорлар анықталып, қарды қалай жеткізу қажет екендігін көрсететін жол картасы дайындалды. Мұқият, жан-жақты жүргізілген бүкіл дайындық жұмыстарын ескере отырып, жағдай оңынан шешіледі деп үміттенеміз. Универсиада кезінде қалай болғанда да, нысандардың барлығы қармен қамтамасыз етілетіндігіне сенімдімін», — деді Алматыдағы 2017 жылғы ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Нұржан Әбілқайыр.

Синоптиктердің болжамы бойынша Алматыда ақпанның басында ауа райы жылы болады деп күтілуде. Шаңғы-биатлон кешенінде қар тапшылығы сезілуі мүмкін болса, трамплиндер кешенінде қар жеткілікті мөлшерде болады.

«Біз Универсиада жарыстары үшін қарды дайындап қойдық. Біздің нысандағы қармен қамтамасыз ету жүйесі қарды толығымен дайындады, сондай-ақ, қардың сақтаулы қоры да бар. Бізде қар айтарлықтай жеткілікті мөлшерде бар, оны қосымша тасып жату қажет емес», — деді «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің директоры Руслан Қаңтарбаев.

24.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button