Спорт

Денис Тен додаға қатыса ма?

Мәнерлеп сырғанау

 Дүниежүзі студенттері қатысатын қысқы спорт ойындары додасының басталуына екі аптадан астам уақыт қалды. Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Спортшыларымыз да шетелде өтіп жатқан түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, әзірліктерін пысықтап жүр. 

Қысқы Универсиадаға әлемнің 50 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Біздің елден кімдер бақтарын сынайды?

Универсиадаға арналған ресми сайттың мәліметтеріне сүйенсек, осы жарыста мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсететін Қазақстан құрамасының тізімі анықталды. Әрине, қысқы спорт түрлерінен жарыстар десек, тілімізге мәнерлеп сырғанау шеберлері Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев оралатыны анық. Олар осы додаға қатыса ма?

Қазақстанның мәнерлеп сырғанау бойынша құрамасының бас бапкері Құралай Үзірова Универсиадаға қатысушылар тізімін анықтап берді: ерлер командасына

Денис Тен, Абзал Рақымғалиев және Артур Панихин еніпті. Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Алматыдағы Қысқы универсиада кезінде ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанау жарысының басты фавориттерінің бірі болмақ.

Ал әйелдер арасындағы сайыста Қазақстан намысын Айза Иманбек, Вероника Шевелева және Жансая Әдіханова қорғайтын болады. Сондай-ақ, әйелдер командасына медаль үшін күрес қиынға соқпақ.

«Әйелдер командасына енген жас қыздардың барлығының ойынында өздеріне тән тартымды тұстары бар, алар биіктері әлі алда. Ең бастысы, олар ел атынан барынша жоғары деңгейде өнер көрсетсе деймін. Айза Иманбек алғашқы ондықтар тізіміне кіргенін қалаймын. Жақсылап күшін салып, қобалжуын басып, өз биін таза орындап шыға алатын болса, оның қолынан бұл келеді. Біздің әйелдер құрамасының ойыны барлығының көңілінен шығады деп үміттенеміз», — депті Құралай Үзірова Универсиаданың ресми сайтында.

Ал жас мәнерлеп сырғанаушы Вероника Шевелева Универсиадаға дайындықтары жөнінде былай депті: «Универсиадаға қатысатынымды естігенде өте қатты қуанып кеттім. Осындай деңгейдегі жарысқа қатысу мен үшін үлкен құрмет. Өз күшіме сеніммен қараймын. Білетінімнің бәрін көрсете аламын деп ойлаймын. Қазір мүмкіндігінше көбірек жаттығуға тырысып жүрміз, күн сайын 3-4 сағат мұз айдынында жаттығудамыз».

Айтпақшы, қысқы Универсиаданың бүкіл тарихында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар екі медальді жеңіп алған. 1995 жылы Испанияның Хакасында Марина Халтурина және Андрей Крюков жұптық ойында алтын жеңіп алған болса, Дмитрий Казарлыга және Елизавета Стекольникова елімізге қола медальдерді сыйлады.

 Әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button