Спорт

Мәртөк жастары қысқы Универсиадаға қолдау көрсетті

29 қаңтарда Алматы қаласында ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада жалауын желбіретеді. Шара спорттың 12 түрін қамтиды. Осы орайда қысқы универсиадаға қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында аудан орталығындағы «Қайрат» стадионында спорттық марафон өткізілді.

Аудандық жастар ресурстық орталығы, білім бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырған шара Мәртөк ауылдық округі әкімдігінен бастау алып, аудандық білім бөлімінің әдіскері, 7-ші қысқы Азиялық ойындарының алауын ұстаушы Ертөс Абдрахманов, шәкірттері шыңнан көрініп жүрген бапкер, жаттықтырушылар Амина Закирзянова және Азамат Жалғасов бастаған өлкеге белгілі, бетке ұстар спортшылар көк туды желбіретіп, орталық алаңға дейін мақтанышпен жүріп өтті.

Алаңда оларды Универсиаданың «Қанатыңды кең серпі!» деген ұранымен мектеп оқушылары салтанатпен күтіп алып, флешмоб ұйымдастырды. Барша қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Бағжан Тілегенов құттықтады.

— Биыл Қазақстан үшін елеулі жыл болмақ. Тауық жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиадамен басталады, сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» көрмесі өткізіледі. 50 елден 2 мыңнан астам спортшы мен мыңдаған шет ел өкілдері қазақ жерін көретін болады. Бұл әлемдік сахнада маңызы орасан шара, еліміздегі спорт және туризм саласын дамытуға үлкен үлес қосады деп сенеміз. Әлемдік дәрежедегі спортшыларға қолдау көрсетіп, жетістіктерін шыңдауға әсер етері сөзсіз. Аталған айрықша инфрақұрылым қазақ халқына әрі қарай спорт шеберлерін, чемпиондарды әзірлеуге қызмет ететін болады. Сондықтан да көк туымыз көкке өрлеп, жеңіс тұғырында желбіреуіне тілектеспін, — деген Бағжан Тілегенов спортқа ерен еңбек сіңіріп келе жатқан жаттықтырушы Амина Закирзяноваға «Спорт ардагері» медалін табыстады. Айта кету керек, биыл президенттік көпсайысқа тәрбиелейтін бапкер Амина Закирзянованың шәкірті —  Риддер қаласындағы спорт мектебінде білім алып жүрген Әсет Нигметов Польша қаласында білім алуға шақырту алған.

Шара барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ертөс Абдрахманов тарихи сәттің маңызына тоқталып, универсиада тарихы жөнінде ақпарат берді. Ал мәртөктік спортшылардың атынан Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв мектебінің оқушысы, президенттік көпсайыс бойынша республикалық жеңімпаз Данил Иванов сөз алып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.

Алаң толы оқушылар флешмоб билеп, шара «Көңілді старт» қысқы ойындарына ұласты.

Аманат ҚАЛПИЕВА,

Мәртөк ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button